Ана аманатын арқалаған жан

Ана аманатын арқалаған жан

Музей саласында жүріп қуғын-сүргін құрбандарының құжаттарын қабылдау кезінде сан қилы тағдыр иелерімен жүздесеміз. Сондай құжаттардың біріне тоқтала кетсем. Біздің музейге Мәскеуден арнайы келіп, қазақ жігітінің құжаттарын өткізген Александра Сергеевнаға алғашында  таңданыс білдіргенім рас. Құжатты қабылдап алу кезінде жасы алпысқа таяған Касеинов Байзакпен ешқандай туыстығы жоқ анасының аманатын арқалап келгендігін айтты. Николова Александра Сергеевнаның баяндауы бойынша Касиенов Байзак —  Александраның анасының бірінші күйеуі. «Ол кісі жайлы естеліктер біз үшін ыстық, отбасымыздың бір мүшесі болып кетті» деді сөз арасында.

Анам Касеинова (Зуйпова) Мария Васильевна Касеинов Байзакты ұмытпай, өмірінің соңына дейін  хабар күтіп, өмірден өтті. Касеинов Байзак Ақмола губерниясының Петропавл уезінің  № 9 ауылының тумасы. 1928 жылы Байзақ  Орынбор қаласында оқуға түседі. Ал 1938 жылы Мәскеу тоқыма институтын бітіреді. Байзақ анаммен  Мәскеу қаласына практикадан өтіп жүрген кезінде танысады. Кейінен Байзақ  Қарғалық ауылындағы Суконный комбинатта директорлық қызметіне тағайындалып, сол ауылда отау құрады. 1936 жылы қызы Зинаида  дүниеге келеді. Өкінішке орай кішкене кезінде ауырып қайтыс болады. Байзақтың артында ұрпағы қалмады. Байзаққа халық жауы деп  айып тағылып, қуғынға ұшырайды. Мария күйеуінен хабарсыз қалады. Кейінен тұрмыс құрып, қызына Байзақты табуды өтінеді. Байзақ 1938 жылы 8-наурыз Алматы қаласындағы НКВД түрмесінде  небәрі 30 жасында ату жазасына кесіледі. Кейінен 1992 жылдың 13-қыркүйегінде ақталды.

«Анам бұл өмірде жоқ, бірақ мен сол арманын орындау үшін Алматының архивтеріне хат жолдап, құжаттарын жинастырдым» дейді. Музей қорына Байзақтың құжаттары мен анасының сақтап келген Байзақтың суретін де өткізді. (Азалы кітапта Байзақтың суреті жоқ екенін, осы суретті сол жерге қоюды өтінді)

Сталиндік саясаттың кесірінен қаншама халықымыз тарыдай шашылып, өз жерінен топырақ бұйырмай, іздеусіз кетті. Артында ұрпақ қалмаса да іздеушісі болып Мәскеуден келген Александра Сергеевнаға алғысымды айтып шығарып салдым.

 

Ұлбосын Керімбекова,

Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қор сақтаушысы