Үміткер аудан депутаттарымен кездесті

Үміткер аудан депутаттарымен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын 2023 жылдың 14 қаңтарында тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған орай 4 қаңтар күні «Аманат» партиясы ғимаратында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер Жанболат Жөргенбаев Талғар аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті.

Алматы облысының атынан өз кандидатурасын ұсынып, сайлауалды бағдарламасын таныстыру мақсатында ауданымызға атбасын бұрған үміткер Ж.Жөргенбаев аталмыш жиында халықтың көкейінде жүрген көп мәселелердің шешімін табу туралы сөз қозғады. Ол: «Мен осында ұзақ жылдар бойы қызмет еттім. Талғар ауданының құрметті азаматымын. Алматы сынды алып мегаполистің іргесінде орналасқан аудандардың жағдайын бес саусақтай білемін. Мұнда үш ауысымды мектептердің жағдайы, жарықсыз, жасалмаған жолдар, ауыз су сынды шешілмеген күрмеуі көп мәселе аз емес. Осыған дейін құзырлы орындарға саяжайларға байланысты депутаттық сауалнама жолдадым. Ондағы үйлердің бағасы қолжетімді болғандықтан халық көп сатып алады. Жан саны жылдан-жылға артып барады. Жолдары тым тар, ауыз су мәселесі шешілмеген, инфрақұрлымы нашар. Тіпті онда мектеп те, аурухана да жоқ. Тұрғындар қат-қабат қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Біз оларды осынша қиындықтар арасынан алып шығудың амалын қолға алуымыз қажет.


Талғар күре жолындағы кептеліс баршамызды әуреге салып келеді. Қалада жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүрген қарапайым адамдар қаншама жылдар бойы осы кептелістің машақатын тартып жүр? Дәл осы екі жолақты күре жол төрт жолақты кең жолға айналып, кептеліс азаяды деген үміт бар. Бұл ауданымыздың халқы үшін өте жағымды жаңалық екені белгілі. Жалғамыс, Жаңалық сынды ауылдардағы үш ауысымды мектептің жағдайы кезек күттірмейді. Сол ауылдардың батпақ жолы мен балалардың сабаққа барып-келуіндегі қиындықтар, оқушыларды тасымалдайтын көліктің тапшылығы – біздің назарымыздағы басты мәселе. Ауданымыздағы ауруханалардың келісім шарт арқылы жекеменшік ұйымдардың қарамағына өтіп кеткеннен кейінгі түйіткілдері туралы да айтып келемін. Уақытында ем ала алмай жүрген науқастардың жанайқайы да біздің құлағымызға жетті», – деді. Осы орайда газет журналисі, әрі Талдыбұлақ ауылының тұрғыны ретінде өз ауылымның ауруханасындағы мәселелерді қозғадым. Мысалы, бір жарым жылға созылған емхананың жөндеу жұмысы әлі күнге дейін аяқталмаған. Тойхананы жалға алып отырған мемлекеттік мекеме осы күнге дейін жазда ыстық, қыста суық, даңғарадай үлкен залда жұмыс істеп келеді. Халық қанша наразылық білдіргенімен, әлі күнге дейін ешқандай өзгеріс жоқ. Аурухананың қазіргі хәлі тым мүшкіл екенін де тілге тиек еттім. Сөзімді қоштаған үміткер бұл мәселе туралы әлдеқашан тексеру жұмыстарының басталып кеткенін жеткізіп, Алматы облысына қарасты қала мен аудандардағы жекеменшік және келісім шарт бойынша жекенің қарамағына өткен емханалардың барлығы толық тексеріліп, ондағы былықтың беті ашылатыны туралы атап өтті.
Жиын барысында Талғар аудандық мәслихатының хатшысы Мұхит Әлібеков Жанболат Жөргенбаевтың ауданымызға сіңірген еңбегі туралы сөз қозғады. Сонымен қатар көкейінде жүрген түйінді мәселелелер төңірегінде пікір білдіріп: «Ауданымызда халыққа арнап көптеген үйлер салынып жатыр. Олар негізі көпбалалы, жартылай жетім, мүгедек, жетім балалар үшін салынған. Алайда сол баспаналар көпшілік үшін қолжетімсіз. Десе де бұл нысандар әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға берілуге тиіс болғанымен, олардың ай сайынғы төлемін өтеуге шамасы келмейді. Сондай-ақ бұл баспана алғашқы төлемсіз, ыңғайлы бағамен ай сайын бөліп төлеу арқылы халыққа үлестірілсе, үйсіз-күйсіз адамдар азаяр еді», – дегенді алға тартты. Бұл ұсыныстың орынды екенін айта келіп, алда депутаттық сауалнама жолдау арқылы бұл түйткілді де шешуге тырысатынын жеткізді.Жиналған қауым Жанболат Жөргенбаевтың сайлауалды бағдарламасында қамтылған мәселелердің тұрғылықты халық үшін өте өзекті екенін айта келіп, болашақта көптеген игі істерге мұрындық боланына сенім білдірді.

Зорагүл Әбдіқадір