Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдардың тулары Мемлекеттік Туымызбен бірдей болмауға тиіс.
Мемлекеттік Ту мемлекеттік стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен ауыстырылуға және жойылуға тиіс.
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңы.
Өзге ғылымдар секілді жалпыға жария емес геральдика ғылымы туралы көп ешкім біле бермейді. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан тарих ғылымының бір саласы ретінде жеке пән болып қалыптасқан бұл ғылымның мән-маңызы қандай, нені зерттейді, не үшін керек деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
«Геральдика (heraldіca) – тарих ғылымының рәміздерді зерттейтін бір
саласы. Генеология, нумизматика, палеография, cфрагистика сияқты тарих салаларымен тығыз байланысты. «Геральдика» терминіне латынның «heraldus», яғни жаршы деген сөзінен шыққан» деген анықтама беріледі. Барлық мемлекеттік рәміздер — Ту, Елтаңба, Әнұран, өңірлік рәміздер, өңіртаңба, жалаулар, эмблема, логотип, төсбелгі, түрлі ашқалар мен көне жазбалардағы т.б. символ-белгілер осы геральдика саласының зерттеу нысаны болып саналады. Жалпы, геральдика қазаққа таңсық емес, Көк түріктердің көк тастарында бітіктелген Қағанат таңбаларынан бастап (Ашина (Серке) таңбасы), жартастарда, ағаш, сүйек, металл, тері, мата т.б. материалдардан жасалған тұрмыстық заттарда бейнеленген элиталық әулеттердің, этностар, ру-тайпалардың таңба-тұғырақтары, мөрлері сияқты көптеген символдардың түрлерін бабаларымыз ертеден қолданып келді. Осының барлығы — осы рәмізтану ғылымының негізгі зерттеу нысандарына кіреді. Мемлекеттік рәміздерді қолданудың құқықтың негіздерін сақтау мақсатында үкіметтің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысымен құрылған Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығы жұмыс істеп келеді. Бұл біздің елде ғылым ретінде көп зерттелмеген, өте тың сала. Тек мемлекеттік деңгейде айтсақ рәмізтанудың маңызды болатын себебі – кез келген елдің жеке ел болып тұруы үшін, жерінің тұтастығын, ішкі-сыртқы саяси-әлеуметтік, экономикалық тұрақтылығын, жағдайын қамтамасыз етіп, өзін басқаларға танытып тұратын имидж-келбеті, ерекше ресми белгілері, рәміз, нышан, таңбалары болуы шарт. Бұл, бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің «паспорт» іспетті дүние болғандықтан, оның негізгі идеологиясы да осында деуге әбден болады. Ұлы империялар өздерінің жерінің тұтастығын сақтауға, өздерін таныту үшін, тіпті басқа елдерді жаулауға, отарлауға, жеріне иелік ету мақсатында да ресми рәміздерді мемлекеттік идеологиялық құралы ретінде пайдаланғанын тарихтан білеміз. Рәміздердің қай патшалыққа немесе қандай ұйым, мекемелерге тиесілі екенін анықтап, арнайы тіркеуден өткізіп, жүйелеп, сондай-ақ олардың сызбасын сызып, гербтерді жасайтын мамандар – герольдтар. Олар Ортағасырлық Еуропа корольдерінің сарайында да болған. Сонымен геральдиканы рәміз белгілерінің тарихы мен мазмұнын зерттейтін, түсінікті тілмен айтқанда, рәмізтану ғылымы деуге болады.Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұма журналист Қайрат Бекенұлына берген сұхбатында: «Бұл өнер адам баласы жаратылғаннан бері бар. Айталық, Ұлы даланың сәніне айналған жартас таңбалары (петроглиф) мен жазбаларын (иероглиф) ежелгі далалықтар геральдикасының бастауы деуге болады. Ал еуропалықтар болса, әр кездері өмір сүрген жеке тұлға, әулет, қауымдастыққа тән қабылданған айырым таңба-белгіні «геральдика» деп атап жүр. Нақты ғылыми тұжырымдамасына тоқталар болсақ, геральдика – мемлекеттің, мекеменің, рудың, әулеттің, жеке тұлғаның және т.б. ерекшелік таңбасы ретіндегі гербтерді зерттейтін тарих ғылымының бір саласы. Бұған символдық бейнелер мен эмблемаларды да жатқызуға болады. Теориялық геральдика деген бар. Бұл гербті бейнелену және оны жасаудың тәсілдері мен ережелерінің жиынтығы. Оларды білмей герб жасау, ерекшеліктерін айқындау және құрамын анықтау күрделі мәселеге айналады» дей келіп: «Біздің ұлттық қазақ геральдикасының рухани-әлеуметтік ауқымы өте кең әрі тарихы терең. Басқаны былай қойғанда, соңғы жылдары қазақ жерінен табылып жатқан археологиялық атрефактілер, ерте ғасырларда мемлекеттік басқарудың өзегі болған геральдикалық белгілер: кірке (пайзы), ту, жалау, хандардың мөрі, картаграфия, хат-хабар, т.б. жәдігерлер қазақ геральдикасының дәлелі. Үлкен ғалым Әлкей Марғұлан кірке-пайзылар сонау ғұн дәуірінен бастау алады деп тұжырым жасапты. Одан кейін қазақ геральдикасының бір сипатына жататын мөр-таңба, сфрагистикалар бар. Мұны көне түркі мәтіндерінде «тамға, тамғачы» деп атаған екен.Қазақ геральдикасы уақыттық тұрғыдан – сақ-ғұн дәуірі, көк түркілер кезеңіне жіктей отырып, аралық мемлекеттер: үйсін, қарлық, қаңлы, қыпшақ, хазар, кимек, сармат дәуірлері, оған жалғас Ұлық ұлыс – Алтын Орда, Қазақ хандығы, ресейлік отаршылық, кеңестік кезең, Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі уақытты қамтыса, өнер туындысы ретінде оның этнографиялық маңызын, тарихи құндылығын, жасалу стилін, қоғамды тұтастандырушы күш ретіндегі әскери-жауынгерлік қуатын, қарапайым тұрмыстық ерекшеліктерін жеке-жеке айқындап алған жөн. Ол үшін: қазақ геральдикасын ұлттық таным тұрғысынан сараптай алатын ғылыми-сарапшылар, ежелгі мұралар (петроглиф, иероглиф, жартас жазулары, т.б.), қазақ фольклорындағы жауынгерлік жыр-мәтіндер сияқты деректерге жүгінген жөн. Ашығын айтқанда, бізде геральдика туралы заң бар да, идеология жоқ. Оның сыртында, геральдист маман тапшы», – деген пікір айтады.
Қазақстан Республикасының, еліміздегі қалалардың, облыстар мен аудан, ауылдардың, тіпті мекемелер мен ұйымдардың, түрлі оқу орындары мен мектептердің де өзіне тиесілі геральдикалық белгілері бар. Айта кетейік, Қазақстан қалаларының ертедегі гербтері туралы алғашқы деректер, оның ішінде Петропавл, Верный, Орал, Семей, Торғай, Ақмола қалаларының гербтері туралы деректер 1649-1900 жылдар аралығында шыққан заңдар жинағында кездеседі. 1992 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңда «Туды, Елтаңба мен Әнұранды дұрыс қолданбағандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады» деген бап бар. Осы заңның 5-бабында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдардың тулары Мемлекеттік Туымызбен бірдей болмауға тиіс» деп атап көрсетілген. Осыған орай елімізде жыл сайын маусымның 4-інде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Осы орайда Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков: «Біз – таңбалы қазақпыз. Жер бетінде таңбасы жоқ, қаншама халық бар?! Рәміздердің мәртебесін көтеру мәселесі тек 4 маусымға дейін қозғалмай, одан кейін де жалғасын табуға тиіс. Тәуелсіз жеке ел болудың бір сипаты – оның рәміздері» деген құнды пікір айтады. Айта кетейік, бүгінде мұндай мереке Швеция, Ресей, Литва сынды елдерде «Ұлттық ту күні» ретінде тойланады. Бір айта кетерлік келеңсіз бір жайт, аталмыш Заңда «Мемлекеттік Ту мемлекеттік стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен ауыстырылуға және жойылуға тиіс» деп анық жазылғанымен, рәміз жасауға рұқсаты бар айналдырған оншақты кәсіпорынның кейбірі мемлекеттік талапқа сай келмейтін, рәміз жасаудағы қарапайым қағидадаларды ескермегені үшін қомақты айыппұл арқалап жатса да, мұндай келеңсіз жағдайлардың аяғы әлі күнге дейін тыйылмай келеді. Сондай-ақ осы заңда «Мемлекеттік Ту мемлекеттік мекемелерден бөлек, жеке үйлерде де тігілуі мүмкін» делінген, бірақ жеке үй түгіл, кейде мемлекеттік мекемелердің өзінен туды көре алмай, пұшайман болатын жағдайлар аз емес. Мемлекет талабын былай қойғанда, бар болғанымен кір-кір, жыртық-жыртық болып, салбырап-салақтап тұратындары да жиі кездеседі. Келер ұрпаққа кемел тәрбие беру үшін ұлттық рәміздерімізді құрметтейтін патриоттық тәрбиенің бір аяғы осылай ақсап жататыны өкінішті. Айтпағымыз бұл емес болғандықтан, тақырыпқа ауысайық. Геральдиканың маңызды салаларына тоқталсақ, солардың бірі және бастысы – 1709 жылы пайда болған сфрагистика. Гректің sphragis сөзінен шыққан, яғни «мөр» деген мағынаны білдіреді. Демек, бұл – мөрлер мен олардың таңбаларын зерттейтін ғылым. Ол кезде құжаттардың күнін белгілеп, түпнұсқасын растап отыратын дипломатиялық қарым-қатынас жасаудың бір бөлігі болған. XIX ғасырда Ежелгі Египет, Месопотамия және ортағасырлық Еуропа аумағынан көптеген мөр түрлері табылғаннан кейін, сфрагистика тарихи пән ретінде қалыптасты. Мөрлердің ерекше үлгісін Қазақ хандығы тұсындағы хандардан, байлар мен би, батырлардан көруге болады. Хан мен сұлтан мөрлерінің жасалынуында өзіндік ерекшеліктер бар. Мысалы, атақ-даңқы алты Алашқа мәшһүр болған хандардың мөрі тамшы тәрізді пішінде болып, міндетті түрде күмістен, кейде сирек алтыннан жүзік пішінде соғылып, бас бармақтарына шақталып жасалған. Ал байлар мен батырлардың мөрі доғал, дөңгелек, тік түрдегі қалқан пішіндес болған. Геральдиканы тағы бір маңызды саласы – вексиллология, яғни ту туралы ғылым. Әлем өркениеті қалыптасқаннан бері арнайы туды желбіретіп, байрағын көкке көтеру азаматтарға рух беріп, тәуелсіздік белгісі ретінде қолданылып келеді. Сондықтан тудың тарихы мен маңызы тереңде жатыр. Жер шарында ресми түрде 200-ге жуық мемлекет бар болса, соншама ту бар екені де белгілі. Ең көне ту АҚШ-тікі болып саналады. Оның алғашқы нұсқасы жасалғанына 200 жылдан астам уақыт болса керек. Алпауыт мемлекеттің алғашқы туын үй шаруасындағы әйел ойлап тауып, тудың алғашқы суретін сызып, матаға тіксе, күйеуі тудың сабын әзірлепті деген аңызға жуық ақиқат бар. Сондықтан АҚШ-тың бүгінгі туы сол алғашқы нұсқасынан аса көп ауытқымаған, жетілдірілген түрі деп айтуға болады. Нумизматика – монеталарға қатысты зерттеу, ол көбінесе монеталарды өндіру мен қолдануды зерттеп, олардың сирек кездесетіндігін анықтайды. Оның ішінде: нотафилия – қағаз ақшаны зерттеу (яғни банкноттар), еxonumia – ақша орнына қолданылатын медаль тәрізді заттарды зерттесе, скрипофилия – бағалы қағаздарды (яғни акциялар мен облигациялар) қарастырады. Сондай-ақ валюта бірліктерімен қоса, сирек кездесетін монеталарды бағалаумен және коллекциялаумен байланысты барлық жағдаяттарды назарда ұстайды. Нумизматиктер валютаның физикалық қасиеттерін, өндіріс технологиясын және тарихи жағдайларын зерттейді. Қызық ақпар айта кетейік, сирек және коллекциялық монеталар номиналды құнынан немесе тауар балқымасының құнынан едәуір жоғары бағамен сатылуы мүмкін, осыған байланысты айналымнан шығарылып, нақты ақша емес, инвестиция ретінде қарастырылып, сондықтан көбіне коллекционерлердің қызығушылығын тудырады. Ал палеография – жазба деректердің сыртқы жағын, соның ішінде графиканы және графика жазылған материалды, қағаз бетіндегі, судағы белгілерді, қолжазбалардың құпиясы мен безендірілуін зерттейтін тарихи сала. Палеографияны білу қолжазбаны дұрыс оқып шығуға, оның пайда болған уақыты мен орнын, автордың аты-жөнін, оның дұрыстығын немесе жалғандығын, мәтін тарихы мен мәнін т. б. Дәл немесе жанама түрде анықтауға көмектеседі. Бұл саладағы қазақ тарихшыларының еңбегі ерен. Әсіресе көне түркі жазбаларының полиграфиясын тануда белгілі түрколог ғалым, академик Алтай Сәрсенұлы Аманжоловтың сіңірген еңбегі шексіз.
Теориялық геральдика гербтерді құрастыру және сипаттаумен айналысса, ал практикалық геральдика гербтердің шығу тегі, тарихы, классификация мәселесін қарастырады. Теориялық геральдикада мемлекет пен сол мемлекетті құраушы ұлттың басты құндылықтары мен халықтың наным-сеніміндегі тотемдік аң-құстар, қару-жарақтар мен тәж, тақ, әсіресе түрлі діни ғұрыптарды білдіретін белгілер өте көп қолданылады, сәйкесінше практикалық геральдикада жүзеге асады. Сонау рулық, тайпалық дәуірден бері әр рудың өз таңбасы, қасиет тұтатын жан-жануары болғаны белгілі. Сондықтан кімнің кім екенін, қай тайпа, қандай рудан екені де осыған қарап ажыратылатын болған. Бұл үрдіс әсіресе қазақ халқында айнымас дәстүр ретінде қалыптасып, бұлжымас бұйрыққа айналғаны мәлім. Сондықтан әр рудың жеке таңбасы, жеке киімі, тіпті мың қырып айдаған жылқысының түр-түсіне адамдарды ажырататын еді сұңғыла қазақ. Табиғи, жасанды және аңызға айналған геральдикалық пішіндер мен белгілердің 200-ге тарта түрі анықталған. Табиғи пішіндер адам, аң-құс т.б. күн, ай, жұлдыз және су, от секілді құбылыстар т.б.болып келеді. Мұндай геральдикалық пішіндер тәртіп бойынша гербтің немесе тудың сол жағына белгіленеді.
Жасанды пішіндер адам қолымен жасалған – тәж, тақ, мылтық, садақ, қылыш, қалқан т.б. болса, аңызға айналған гералдкалық белгілер табиғатта болмаған тіршілік бірнеше басты айдаһар, екі баста бүркіт, жалғыз мүйіз бұғы, ақырған арыстан, көзінен от шашқан бөрі т.б. секілді жануарлар бейнесінде болады. Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінің геральдист-сарапшысы Айдын Рысбекұлы «Таңбалы тастан геральдикаға дейін…» ғылыми-танымдық кітабында: «Мемлекеттік рәміздерді дайындау бойынша барлық лицензиатқа мониторинг жүргізіліп, бүгінге дейін Мемлекеттік Елтаңба мен Мемлекеттік Ту дайындауға 64 лицензия берілген. Оның ішінде 25 лицензиат қызметті жүзеге асырғанын растаған, 26 лицензиат тапсырыстың болмауы себебінен өз қызметін тоқтатқан, 6 лицензиат қызметінің тоқтатылғаны туралы ресми түрде хабардар етіп, құжаттарын қайтарып берген. Сонымен қатар 7 лицензиаттың заңды мекенжайын өзгерткені анықталған. 2015 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша, 14 облыстың 9-ында, 3 мегаполистің 3-еуінде, 87 қаланың 33-інде жергілікті әкімнің немесе мәслихаттың шешімімен бекітілген ресми гербтер барлығы анықталды. Әйткенмен, бұл гербтердің барлығы да тиісті әкімдердің қалауымен және олардың талғамдарына сай жасалған. Бұған әкімшілік-аумақтық гербтерге қатысты заңмен бекітілген арнайы нормалар мен ережелердің болмауы, екіншіден, жергілікті атқарушы биліктен мемлекеттік стильді бүге-шігесіне дейін бұлжытпай сақтау мен орындауды талап ететін бірегей тұжырымдаманың жоқтығы себеп болып отыр. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға сәйкес, ауыл, кент, ауылдық округ, қала ішіндегі аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалар гербін бекіту мәселесі – жергілікті атқарушы (әкімдік) және жергілікті өкілетті (мәслихат) органдардың құзыретіне жатады. Ал іс жүзінде жағдай басқаша. Мәселен, Павлодар, Ақтөбе, Орал, Талдықорған қалаларының гербтері жергілікті мәслихат шешімімен бекітілсе, Атырау, Риддер қалаларының гербтері әкімнің шешімімен бекітілген. Приозерск, Қаражал қалалардың гербтері байқау комиссиясының ұйғарымымен қабылданған. Осыған орай, ауыл, кент, ауылдық округ, қала ішіндегі аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың гербтерін бекіту ісі – жергілікті атқарушы органның (әкімдік) емес, өкілетті органның (мәслихат) құзыретіне берілгені жөн.
Өйткені бір қаланың мәслихаты бекіткен гербті екінші бір қаланың әкімдігінің жоққа шығару фактілері кездеседі. Мысалы, 2015 жылы Павлодар қалалық мәслихаттың шешімімен қабылданған қала гербін 2016 жылы Семей қаласының әкімдігі «заңсыз» деп таныған. Сонда қалай? Бір-бірімен көршілес отырған екі облыс Қазақстан Республикасының заңнамасын екі түрлі түсінікпен пайдаланған болып отыр ма? Бұған қоса Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен, Риддер, Зырян қалаларының гербтері түсініксіз жағдайда бірінен соң бірі заңды күштерін жойған. Бұл гербтер еліміздің тәуелсіздігі жылдарында заман талабына сай жаңартылған еді» деген тарихи маңызы зор деректер мен дәйектер келтіреді.
Елімізде осы аталған салалардың басын қосып, зерттеп-зерделеп отырған ҚР Геральдикалық зерттеу орталығы тұрақты жұмыс істеп келеді. Заман талабына сай жаңадан құрылған орталық 2007 жылы 4 маусымда қабылданған «Мемлекеттік рәміздері туралы» заң және 2011 жылы 15 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы» қаулысын негізге ала отырып, мемлекетке қызмет көрсетеді.
Мемлекеттік елтаңбамыздың авторлары Жандарбек Мәлiбеков пен Шота Уәлиханов ел осы салада мүддесі үшін барын сала тер төксе, көк байрағымыздың елден ерек желбіреп тұруында суретшi Шәкен Ниязбековтің қолтаңбасы бар. Ол 1996 жылғы 24 қаңтар күнгі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығымен белгiленген. Бүгінде қазақ геральдика ғылымының басты қазынасы болып саналатын Қазақстан президенті байрағының эталоны Астана қаласындағы президент резиденциясының қызметтік кабинетінде орналасқан. Ол мемлекет басшысының резиденциясында, президент іссапармен барған басқа резиденциялардың үстінде, республика президентінің көліктеріне ілінеді. Сондай-ақ мемлекет басшысының қатысуымен өтетін салтанатты және өзге де рәсімдерде ең алдымен мемлекеттік ту немесе президент байрағы орнатылады.
Елдігіміз бен егемендігіміздің айғағы мен айбары болған, келер ұрпақтың бет түзер құбыласы, болашаққа айтары бар тарихи мұрамыз – елтаңбамыз ешқашан еңкеймесін, туымыздың тұғыры биік болып, көк байрағымыз күні күлген ашық аспан төрінде мәңгілік желбірей берсін деген ізгі тілектеміз!
Жанбота Сұлтанмұратқызы