ҚР Президентінің 2024 жылғы 5 шілдеде қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілген еді. Осы өзгеріс бойынша 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап бастап дербес кассациялық соттар қызмет етеді.
Бұл соттар еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге, сот процестерінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Президенттің Кассациялық сот құру туралы ұсынысы қазір қоғам тарапынан қызу талқылануда. Қазақстанда енгізіліп жатқан кассациялық соттар – сот жүйесін жаңғыртуға арналған жаңа саты. Олардың негізгі міндеті – әділдікті қамтамасыз ету, қателіктер мен заң бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ апелляциялық соттардың шешімдерін қайта қарау мүмкіндігін ұсыну. Дербес кассациялық соттардың құрылуы сот жүйесіндегі жүктемені азайтуға, сот шешімдерінің сапасын арттыруға және азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл соттар жоғары инстанция ретінде, төменгі соттардың шешімдерін қайта қарау, заңдылықты қамтамасыз ету және құқықтық нормаларды біріздендіру міндеттерін атқарады. Сот жүйесіндегі реформалар Қазақстанның құқықтық жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға, азаматтардың құқықтарын қорғау механизмдерін күшейтуге және сот әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Кассациялық соттар — бұл төменгі соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне шағымдар бойынша істерді қарайтын сот органдары. Олардың негізгі міндеті — бірінші және апелляциялық сатыдағы судьялар қабылдаған сот шешімдерінің заңдылығы мен дұрыстығын тексеру.
Бүгінгі таңда қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыру, сот жүйесіндегі тың өзгерістер туралы хабардар ету мақсатында әскери соттардың судьялары мен сот қызметкерлері кассациялық соттардың қызметіне қатысты ақпараттық, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
К. Аубакирова,
Талғар аудандық соттың Судьясы