Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдыққа ие болуы қажет. Солай болады да деп атап айтқым келеді. Жалпы, біз тіліміз дамымай жатыр деген ойдан арылуымыз керек. Тәуелсіздік кезеңінде оның мәртебесі биіктемесе, төмендеген жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев,
ҚР Президенті
Мен Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі болуы керек деп ойлаймын. Мен бұл маңызды мәселені талқылауға қатыстым, әрі осы идеяның алғашқы авторларының бірімін. Ақыры сен Қазақстанда тұрасың ба, оның мәдениетін мойындауың керек және оны бар жан-тәніңмен қабылдай білуге тиіссің.
Герольд Бельгер
Қазақтың наны тәтті де, тілі жаман ба? Олай емес, қазақтың нанын жеген адам тілін де үйренсін!
Асылы Осман
Қоғамда үлкен резонанс тудырған Сhocolife компаниясының директоры Рамиль Мухоряповтың 20 қазанда Қазнетте тараған видеосында қазақ тіліне қатысты айтқан орынсыз пікірі толассыз талқылынап, ұлтараздық мәселені қоздырушы деген айып тағылуда. Пікір білдірушілер арасында жастан жасамысқа дейінгі қарапайым халықтан бастап, депутат, қоғам белсенділері мен белгілі қайраткерлер, журналистер де бар. Онда ол қазақ тілінде сөйлесуді мәдениетсіздік деп санайтынын жеткізеді. Сонымен Рамиль Мухоряпов не деді? Айтқаны мынау: «Адам орыс тілін расымен білмесе, жарайды. Қазақша сөйлеу — ұлтшылдықтың көрінісі, мәдениеттіліктің белгісі емес». Нанын жеп, суын ішіп отырған елдің құдығына ойланбай түкірген Р.Мухоряпов сияқтылардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптауы жақсылықтың белгісі емес. Ондайлар күллі ұлттың ата тегіне, ана тіліне тіл тигізеді де, артына өтірік мөлиіп кешірім сұраған боп құтылады. Ол дұрыс емес! Қазақ тілінің мәртебесін көтеру керек деген ұлт белсенділері қылмыскер болып шыға келеді де, ана тілімізді аяқасты еткендер неге бір ғана кешірім сұраумен құтылып, жазадан сытылып кетуі керек?! Заң бәріне ортақ екенін ескерсек, қазақ қоғамын дүрбелеңге салған Р.Мухоряпов та заң бойынша міндетті түрде жазаға тартылуы керек деген пікірдеміз дейді әлеуметтік желі қолданушылары.
ҚР ТІЛДЕР ТУРАЛЫ ЗАҢЫНЫҢ 4-баБында былай делінген:
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлi.
Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.
Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар:
Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;
Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;
қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.
Сондай-ақ белгілі заңгер Абзал Құспан бұл мәселеге қатысты Тілдер туралы заңын алға тартып: «Осы заңда мемлекеттік тілді білу қажеттігі және заңнаманы бұзған жағдайда заңға сәйкес жауаптылықтар көзделгені туралы норма бар (24-бап).
Жауапкершілік бізде екі заңнамамен қарастырылады, олар:
1. Әкімшілік. 2. Қылмыстық.
Қылмыстық кодексте нақты тіл заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделмеген. Бірақ тілді қорлау арқылы ұлттық алауыздыққа әкеп соқтырған жағдайда 174-баппен іс қозғалуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдаймен қылмыстық істердің қозғалып, сотқа жеткені есімде жоқ, әрі қылмыстық іс әкімшілік сияқты жиі қолдануға да келе бермейді. Сондықтан да тіл заңнамасын бұзған тұлғаларды әкімшілік іс бойынша жауапкершілікке тартудың маңыздылдығы зор. Қолданыстағы ҚР ӘҚБтК-нің (Әкімшілік кодекс) 75-бабымен тіл заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Яғни заң бар, жауапкершілік көзделген, бірақ аталған бап бойынша ешбір орган, тіпті жалғыз уәкілетті орган – тіл саясаты комитеті мен оның жергілікті жердегі басқармалары да әкімшілік іс қозғай алмайды! Сол себепті осы қоғамдық резонансты пайдалана отырып, Парламент депутаттарынан қолданыстағы Әкімшілік кодексті заңға сәйкестендіруді талап етейік. Осы жазбаны үндеу не петицияға айналдырып, қол жинаймын деген азаматтар болса, қарсылығым жоқ», – деген пікір білдірді. Демек қазақ ұлтының ар-намысына тиіп, адамгершілігін аяққа таптағандар жазаға тартылуын ел болып талап етуге құқылымыз және ол заңмен қорғалған.Сондықтан ұлтараздық мәселенің туындауына себеп болды деген халық күдігіне іліккен Рамиль Мухоряпов және осы секілді басқа да азаматтардың әрекетін Бас прокуратура назарына алса деген тілек бар.
Қоғамды дүр сілкіндірген тақырып тек әлеуметтік желіде ғана емес, Сенат қабырғасында да сөз болып, депутаттар да үнсіз қалмады. Бұл туралы 31 арнаның эфирінде көрсетілді. Келтіре кетейік, назар салыңыз.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы: – Бұл әлеуметтік желіде көп талқыланып жатыр ғой. Әрине, құзіретті органдар бар оны қарайтын. Сондықтан да егер оны сотқа беріп жататын болса, ар-намысқа тиетін сөздері де бар, сол құзіретті органдар өзінің бағасын берер, – десе, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаров: – Ұлттың құруы үшін бірінші тіл құриды. Дін құриды. Өзінің тарихына деген құрметі таусылса, өзіміздің азаматтардың, онда біздің болашағымыз болмайды. Біз жүрегімізде патриот болған соң, тек қана қазақ емес, қазақстандықтар да қазақ тілін меңгергені өте дұрыс. Ол біздің Конституция, басқа да заңдарда бар, – деген пікір білдірді. Сондай-ақ Бас прокурор Берік Асыловқа Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы да ана тілімізге қатысты дөрекі мәлімдемесінен соң қазақ тілді ортаның қоғамдық қарсылығына ұшыраған Рамиль Мухоряповтың үстінен шағым түсіргенін депутат Еділ Жаңбыршин хабарлады.
Қоғамның ашуына тиіп, жарасының беті ашылған шақта «Toknews» корреспондентіне аталмыш мәселе бойынша сұқбат берген Рамиль Мухоряпов: «Мен ұялатын ешқандай сөз айтқан жоқпын. Мен Қ.Тоқаевтың тіл саясатын қолдайтынымды көрсеттім. Үңгірдегі ұлтшылдықпен бәріміз күресуіміз керек. ТМД жанындағы ұйым арқылы орыс тілін дамытуымыз керек. Ресейден келген релоканттарға үйдегідей жайлы жағдай жасауымыз керек. Қазақ тілі ондай-мұндай дей бермей, орысша білмейтіндер орысша үйреніп, қонаққа құрмет көрсетпей ме? Президентті қолдау қашаннан бері ұят тірлік болған? Мен жай президентті емес, тірліктің бірнеше тілін білетін полиглот президентті қолдадым», – деп жылмайлап, демде «ат үстінен» ауып түсті.
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге жүгінсек, Рамиль Мухоряповтың еншісінде ірі туристік компаниялар мен интернет-дүкендер және өзге де қызмет көрсететін жеке компаниялары бар. Кәсіпкерге ашулы көпшілік оған тиесілі «Chocolife.me, Chocotravel, Chocomart.kz, iDoctor.kz, Aviata.kz» өнімдерінен жаппай бас тартып жатыр. Қазақ тілінде жауап беретіндерге қарсы сөйлеген кәсіпкер көпшіліктен мұндай қарсылық күтпеді ме, табан астында өзгеріп, барынша ақталуға тырысып, тіпті қазақ тілінде кешірім сұраған видеосын жариялап, қазақ тілін үйренемін деп үндеу жариялады. Сондай-ақ өздерінің кейбір сервистерінде қазақ тілін қолдану бөлігінде кемшіліктер бар екенін мойындап, олқылықтармен жұмыс істеп жатқандарын айтып, жыл аяғына дейін барлық сервистік қызметтерді қазақша көрсетуге де уәде берді. Бұл ретте ол, ең алдымен, заңсыздық жасағаны үшін заң алдында тиісті жазаға тартылып, жауап беруі керек.
Бұл шу жай шығып қоймай, ушығып барады. Әсіресе, қоғам белсенділері мен айтулы журналистер тарапынан да қарсылық күшеюде. «Ана тілімізде сөйлейтін ата-бабамыздан алдағы ұрпағымызға дейінгіні «мәдениетсіз» деп тапқан кәсіпкердің қызметтеріне жоламайық» деген ардагер журналист Қайнар Олжайды баласы, әрі белгілі журналист Айбар Олжаев Facebook-тегі парақшасында Рамиль Мухоряповтың желіге тарап кеткен видоесына құзырлы орган тексеру жүргізіп, сараптама тағайындауы керек деген пікір айтты. Оның айтуынша, егер ол ұлттық алауыздықты тудырған болса, заң бойынша жауапқа тартылады деген ол кәсіпкердің үстінен арыз жазып, құзырлы орындарға тапсырғанын да мәлімдеді. Онда: «Осындай, тек заңдық, Конституциялық принциппен Рамиль Мухоряповтың репликасын ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы, 1-тармағы бойынша тексеруді сұрап, Алматы қаласының прокуратурасына арыз жібердім. Арыз ЖТ-2022-02543155 нөмірімен ресми тіркелді. 11 қарашаға дейін прокуратура ресми жауабын жібереді. Егер Мухоряповтың қылмысы дәлелденіп, сот шешімі шықса, ол қандай жазаға тартылуы мүмкін? Мұндағы ең минималды жаза — 2 000 АЕК. Қазір бір АЕК — 3063 теңге. Демек, ChocoFamily басшысының ең аз жазасы — 6 126 000 теңге айыппұл болуы мүмкін. Бірақ тек мүмкін деп тұрмын. Себебі мәселені құзырлы органдар мен сот қана шешеді», — деп жазды Айбар Олжаев. Айта кетейік, ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру бойынша мәселелерді реттейді. Бұл бапта 2000-нан 7000-ға дейінгі АЕК мөлшеріндегі айыппұл немесе екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұл турасында танымал журналист Тоқтар Жақаш: «Меніңше, Мухоряпов дегендерді кешіре салу – қазақ тілінің жеңісі емес, жеңіле түсуі! Кеше бұл азамат бір сөзімен қаншалықты дүрбелең-алауыздық туғызды. Оның толқыны әлі басылған жоқ. Елдің тыныштығы үшін осы бастан-ақ артық үрген күшіктің аузына тұмылдырық салу керек. Ол үшін тіл жанашырларынан тұратын заңгерлердің қоғамдық ұйымын құру қажет. Мемлекет бұл ұйымды мемлекеттік тілді барлық салада дамытушы инструмент ретінде қарап, жұмысына бейресми қолдау көрсетіп отыруы тиіс. Ал Мухоряповты заңгерлер бүгіннен қалдырмай «ұлт араздығын қоздырды» деген баппен дереу сотқа тартуы керек! Бізде ұлттық мүдде үшін ұйысатын ұл-қыздар жеткілікті деп ойлаймын! Мемлекеттік тілге деген сыйластықты, құқықтық мәдениетті осылай, заңдарға сүйене отырып қана орната аламыз! Басқа нәрсенің бәрі далбаса!» – деген пікір білдірді. «Қазақта «Айтылған сөз –атылған оқ» деген сөз бар. Қылмыстық іс қозғалсын. Бүкіл ұлтты мәдениетсіз деуге Рамиль Мухоряпов ешқандай хақысы жоқ», – деп кесіп айтты журналист Жазира Бегалы. Ескерте кеткен жөн шығар, балалар, тіпті үлкендер де сүйіп жейтін Chocolate Pie кондитерлік өнімінің кәсіпкер Рамиль Мухоряповқа және оның ChocoFamily холдингіне еш қатысы жоқ. Ол – Оңтүстік Кореяның Lotte компаниясының Алматыдағы «Рахат» кондитерлік фабрикасында жасалады. Сондықтан одан жапатармағай бас тартып, тәтті дәмнен қағылудың қажеті жоқ.
Рамиль Мухоряповтың әлеуметтік желіде жаппай тарап кеткен пікірі қоғамның жан ашуын туғызғаны анық. Бірақ ашуға беріліп, эмоцияны ауыздықтай алмай арандап қалудың қажеті жоқ. Өйткені эмоция ешқандай заңмен реттелмейді. Алайда аталмыш кәсіпкер заңды бұзды ма, жоқ па? Мәселе осы. Ендігі жерде бұл мәселені құзырлы органдар арнайы тексеріп, қоғам алдында ашық жауап беруге тиісті деп есептеймін. Қалай болғанда да прокуратура қызметкерлері Рамиль Мухоряпов тудырған шуды сараптамадан өткізіп, қорытындысын жасап, сотқа жібереді. Сот тараптардың мәлімдемелері мен дәлелдерін тыңдаған соң ғана нақты шешім шықпақ. Яғни барлық іске нүктені сот қояды деген сөз.
Жанбота Сұлтанмұратқызы