«Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім». Бұл – ертеректегі есті де көреген, ел қамын ойлап, басы жастыққа тимей, шарқ ұрған ата-бабаларымыздың сөзі.
«Талғардың бойы тас карьер,
Қампайтсам болды қалтамды.
Ойласын елді басқа ер,
Бақпаймын шал мен шалқанды». Бұл енді қазіргі кездегі байшыкештер мен ел тізгінін ұстап жүрген азаматтарымызда қалыптасқан психология сияқты. «Өз жағдайым жақсы болса болды, өзгелерге жауап беруге міндетті емеспін», «Әркім өз күнін өзі көрсін» деп ойлайтындай болып көрінеді. Бұлай деп айтуыма да негіз жоқ емес.
Өткенде бір танысымды көшеде жолықтырып қалдым. Еңбекшіқазақ ауданына жататын Бәйтерек ауылына дейін созылып жатқан көп саяжайлардың бірінде тұрады екен. Үйі Ақтас кентіне қарай кететін жолмен жүргенде көшенің соңғы жағында орналасқан «Өзентас» тас зауытының маңында болып шықты. «Үйге жүр, жағдайымды көріп кетесің. Мүмкін жазатын материалыңа да арқау тауып қаларсың», – деген соң бармасқа лажым қалмады. Үйі мен карьердің екі аралығын тек қана жол бөліп жатыр. Көшенің зауыт жағы қаңылтырмен қоршалып тасталған. Биік қоршаудың арғы беті тарсыл-түрсілге толы. Ауыр салмақты машиналардың ыңыранған, күшенген дауыстары естіліп құлақ жарады. «Біздің жағдайымыз осы. Мына карьер, тас ұнтақтайтын зауыт жыл он екі ай тәулік бойы тынбай жұмыс істейді. Тас ұнтақтайтын құрылғылары мынау қоршаудың арғы жағында, үйге бар-жоғы он-он бес метр қашықтықта тұр. Тарсыл-түрсіл, сақыр-сұқырдан құлағың тұнады. Алғашқы кездері ұйықтай алмай шығатынбыз. «Үш күннен кейін көрге де үйренесің» деген сөз бекер емес екен. Осында тұрақтағаныма 7 – 8 жылдың шамасы болып қалды. Қазірде құлақ тұндырар тарсылдарды елемейтін де болып кеттік», – дейді танысым.
Танысымның осы сөзінен кейін Талғар өзенінің бойында қаз-қатар тізілген карьерлер жайын зерттеп көруді қолға алмақ болып шештім. Әуелгі қадамды сол жерде тұрып жатқан тұрғындардың сөзіне құлақ түруден бастадым. Өзін Камшат Жұмағұловамын деп таныстырған келіншек:
«Менің осы жерде тұрып жатқаныма 15 жыл болып қалды. 6 балам бар. Өзіңіз көріп тұрған мына зауыт біз келгелі бері бір рет те тоқтаған емес. Күндіз-түні тыным таппай жұмыс істейді. Анау мойны сорайған тас ұнтақтайтын құрылғыларды көріп тұрсыз ғой. Тас ұнтақтап жатқандағы дауысы құлақ тұндырады. Оның үстіне ауаға көтерілетін шаңы және бар. Жуған кірлерімізді сыртқа жая да алмаймыз. Жайған киімің қонған шаңның әсерінен лай болып шыға келеді. Осы карьерге жалғаса орналасқан «Ақтас – М» атты тағы бір карьер бар. Солардың жүк көліктері біздің көшемен өтеді. Ауыр жүк көліктері жәй өтіп қана қоймай, өзімен бірге көкке шаңды көтере кетеді. Басқа ойнайтын жерлері жоқ балаларымызды басып кетер ме екен деп те алаңдаймыз. Бала емес пе, өне бойы үйге қамап ұстап отыра алмайсың. Жолдасымның автокөлігі бар. Кешкісін жуып қойған көлігі таңертеңгісін шаңға көміліп тұрады. Есігіміздің алдындағы азын-аулақ жеміс ағаштарымыз да шаңнан көрінбейді. Осыдан-ақ біздің не жұтып, немен дем алып жатқанымызды болжай берерсіз»,
– деп барып бір-ақ тоқтады.
Үш-төрт үй берегірек тұратын жолда кездескен Бибісара Ізбасарқызы да алдыңғы келіншектің сөзін қостай жөнелді: «Біздің көшенің бойы толып жатқан карьерлер. Мына «Өзентас» зауытының қарсы бетінде тұрамын. Тас зауытының іргесінде асфальт зауыты да орналасқан. Бірі шаңымен көмсе, екіншісі түтінімен тұншықтырады. Одан қалды 20 – 40 тонналық жүк көліктері көшеден өткен шақта үйлеріміз дірілдеп тұрады. Тұрғындар бірнеше мәрте арызданды да. Аудан, ауыл әкімшілігінен өкілдер келіп те жиын өткізді. Алайда ештеңе шешілген емес. Көшеміздің бас жағында 8 тоннадан артық салмақты көлік жүруге болмайтынын көрсетіп тұрған белгі де бар. Алайда оны ескеріп жатқан көлік жүргізушілері жоқ. Бірнеше мәрте көліктердің жолын бөгеп, жол полицейлерін де шақырдық. Полицейлер айыппұл салғаннан өзге ештеңе де істемейді. «Күндіз-түні осы жолды күзетіп тұра алмаймыз» деп кетіп қалады. Әзірге жан айқайымызды естіп, мыналарға обал болыпты-ау дейтін пенде таба алмай отырмыз», – дейді күйініп.
«Өзентас» зауытының жоғары тұсында орналасқан «Ақтас – М» карьерін де көре кеткенді жөн санадым. Екі карьердің арасы бар-жоғы 4 – 5 метр. Бір жолдың бойында орналасыпты. Бір сорақысы бұл карьерде ешқандай да қоршау жоқ. Үйлер мен екі араны жол ғана бөліп жатыр. Жолдың мына шеті алып қазан шұңқыр. Түбіне қарасаң, басың айналады. Есігінің алдында отырған Тоймұрат Көккөз атты қарияға жолықтық. Өзімді таныстырған соң қария шешіле жөнелді:
«Мына жерде сыртқа шығып ұзақ отыру мүмкін емес. Баламнан төрт-бес немере бар. Құз болып, қазан шұңқырға айналған мына жерге құлап кетпесін деп қорқамын да, амалсыз осылай күзетіп отырамын. Балалар үйді көміп жатқан шаңға қарамайды. Оларды өне бойы қамап тағы ұстай алмайсың. Терезені ашып көрген емеспіз. Ашсаң, бір сәтте шаңға толады. Осындай тозақтың төрінде күн кешіп жатырмыз. Барар жер, басар тау қалмаған заманға тап болдық қой»,
– деп мұңын шақты қария.
Қарияның қасында тұрған шағымызда жанымызға отызды орталаған жігіт те келді. Ол өзін Жайемес Фархадиновпін деп таныстырды. Қариямен шарбақтас көрші екен. Қасында екі-үш жортпаш балалар еріп жүр. Оның да айтары мол болып шықты. «Карьерлер жөнінде шағымданбаған жеріміз қалмады. Алайда еститін құлақ, көрер көз таппадық. Мынау «Ақтас – М» карьері екі-үш жылдай тоқтап тұрды. Биыл көктемнен бастап жұмысын тағы жалғастыруда. Бір түрік жігіттері жалға алған сыңайлы. Негізгі қожайыны астанада деп естиміз. Аудандық, ауылдық әкімшіліктегілердің қолынан оларды тоқтату келмей отыр. Соған қарағанда «Арты диірмен тартатын» дәулердің бірі болса керек. «Бұлақтың басындағылар су ішсе, аяқтағылар у ішедінің» кері келіп тұр. Байшыкештер қалталарын қампайтуды ғана ойлайды. Біз болсақ, міне, шаңға көміліп, балаларымыз қазылған орға құлап кетер ме екен деп жанымызды шүберекке түйіп жүрміз. Есіктің алдына шығаруға қорқамыз. Шыға қалса, бірге еріп жүруге мәжбүрміз. Жоғары жақтағыларға міндетті түрде біздің біріміз өліп немесе халық болып көтерілуіміз керек пе?! Мәселені шешуді содан кейін ғана бастауды күтіп отыр ма екен!? Мұндай карьерлерді жабу керектігі көзге ұрып тұр емес пе? Ауыл ортасынан ор қазуды қолдап отырған басшыларды мүлде ұға алар емеспін», – деп ішіндегі запыранды ақтарып салды.
Кеңдала ауылдық округі басынан кешіп отырған осы күйді өзеннің арғы бетінде орналасқан Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Абат елді мекенінің тұрғындары да кешіп отыр. Олар да шаң мен түтіннен әбден зардап шегіп отырғандарын етегін жасқа толтыра отырып айта жөнеледі. Ауыл тұрғындарының осынау айтқан сөздерін диктафоныма жазып алдым да, басшылық жақтағы жағдайдың қаншалықты екенін білмек болып Кеңдала ауылдық округінің әкіміне жол тарттым. Ауыл әкімі Алмас Нұрдәулетұлы Өмірзақов кезекті демалыста болып шықты. Мені әкім орынбасары Әйгерім Сайлаужанқызы Айтжанова қабылдады. Келген жұмысымның мән-жайына қаныққан ол алдыма бір бума қағаздарды жайып салды. Қағаздарға көз жүгірте отырып, карьерлерге қатысты ауыл тұрғындары жазған арыздар, сол арыздарға қайтарылған жауаптар, әкімшіліктің арыздар бойынша тиісті орындарға жіберген хаттарына берілген жауаптар екенін ұқтым. Ауылдық округі әкімінің бір хатына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Талғар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Б. Оспанов ауылдық округ әкімі А. Өмірзақовқа былайша жауап беріпті:
«Талғар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Сіздің 2022 жылғы 1 сәуірдегі №218 хатыңызға келесідей жауап береді: Қоршаған орта мен атмосфералық ауаға бөлінетін шаң-тозаңды, физикалық факторлардың әсері туралы сұрақтары «Қоршаған ортаға әсерін бақылау» жобасы негізінде қаралады. Жоба экологиялық сараптамадан өткізіліп, келісімнен өту керек. Жоғарыда көрсетілген жобаларды қарау санитарлық-эпидемиологиялық органдардың құзіретіне жатпайды, сол себепті хатыңызды экология қызметіне жолдауыңыз қажет».
Бұл санитарлық-эпидемиологиялық басқарма басшысының жауабы. Сонда ауыл тұрғындарының денсаулығы, тазалығы басқарманың басын ауыртпайтын болып шықты. Яғни, «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебі келіп тұрған сыңайлы.
Қағаздарды қарап шыққан маған ауылдық округ әкімінің орынбасары Әйгерім Сайлаужанқызы бұл мәселе жөнінде істеген қызметтері жайында шешіле жөнелді: «Бұл мәселе аудан әкімшілігіндегі Экокеңесте қарастырылып жатыр. Карьер болғаннан кейін шаңның да, құлақ тұндырар тарсыл-дүрсілдердің де болатыны шындық. Карьерді жүргізіп отырған мекемелердің барлығының да қолдарында Алматы облыстық жер қойнауын пайдалану мекемесінен алған рұқсат қағаздары бар. Мұндай рұқсат олардың кейбірінде 2041 жылға дейін деп көрсетілген. «Ақтас – М» 2021 – 2025 жылға дейін создыртып алған. «Өзентас» пен «Асфальт-бетон» зауыттары өздеріне кіретін жолды ауыл сыртынан жасап алған. Ал «Ақтас – М» карьері өздерінің жолы болмауы себепті көшенің ортасымен өтеді. 40 тонналық көліктердің шаңы карьердің топырағымен араласып, тұрғындардың үйлерін көміп тастап отырады. Нақтырақ айтқанда, сол аймақтардағы 77 саяжай мен бау-бақшалық серіктестіктерде 10 мыңға жуық тұрғын тұрады. Олардың тең жартысы, яғни 5 мыңдайы осы карьерлер маңына жақын орналасқан үйлерде мекен етіп жатқандар. Бұл көшелерде жаяу жүргіншілер жолағы жоқ. Арнайы ойын алаңдары болмағандықтан, балалар көшеде ойнайды. 40 тонналық жүк көліктері адамдардың, әсіресе балалардың өмірлеріне қауіп төндіретіні де рас. Біз осы мәселе бойынша бірнеше мәрте жиналыстар да өткіздік. Депутаттарды, бөлімшелік полицейлерді де шақырдық. Соңғы кездесуде «Ақтас – М» ЖШС басшыларына «арғы жақтарыңнан жол жасап алыңдар. Ауыл ішімен көліктеріңді жүргізбеңдер» деп те айттық. Алайда олар «біз өндірісті ашқанда осы жолды ортақ жол ретінде көрсетіп берген. Жолды жабуға құқыларың жоқ» деп көнбей отыр. Аудандық «Аманат» партиясына да шағымымызды жеткіздік. Олар біздің шағымымыз бойынша мәселені Экокеңесте көтереміз деп уәде беріп отыр. Алайда ауданнан бізге әлі күнге дейін нақты жауап келген жоқ. «Талғар шебен» (уақытша тоқтап тұр), «Сапа – 2004», «Комекс – Алматы», «Ақтас – М», «Өзентастың» екі бірдей карьері, «Асфальт-бетон» зауыттары бір деңгейде Кеңдала ауылдық округінің басынан аяғына дейінгі жерде орналасқан. Бұл жердегі саяжайлар мен бау-бақшалық серіктестіктер 1965 жылдары салынған. Ол кездері мұндай карьерлер болмаған. Алматы облыстық жер қойнауын пайдалану мекемесі ауыл маңынан мұндай жерлерде карьер қазуды қандай заңдылыққа сүйеніп бергенін білмеймін.
Бұл халықтың тұрып жатқан жерлері ғой. Осы жерлер кезінде маусымдық тұрғын жай болғанымен, қазірде тұрғындардың барлығы дерлік тұрақты мекен жайға айналдырып алған. Саяжай төрағаларының бізге берген есебінде 19 мыңдай тұрғын бар деп көрсетілген. Солардың 90 пайыздан астамы тұрақты тұрып жатыр. Сол үшін де біз осы аймаққа ауылдық мәртебе беруді көтеріп отырмыз. Қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан карьерлерді жабуға біздің шамамыз жетпейді. Оны бір шешсе, облыстық мекемелер ғана шеше алады. Үстіміздегі жылы ақпан айында осы мәселе бойынша «Алматы облысы әкімі Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен келдік» деп бір топ адам тексеруге келіп кетті. Балқаш, Алакөлден, облыстық СЭС-тан, Төтенше жағдайдан, Жер комитетінен, архитектурадан, жалпы алғанда, оншақты адам келді. Сол кезде тексеруге келген комиссия мүшелеріне ушығып тұрған осы мәселе жайында да айтқан болатынбыз. Тексерушілер бұл карьерлердің заңға қайшы екенін айтып, «жабылады» деп кеткен болатын. Бірақ біздің қолымызға ешқандай да құжат берген жоқ. Біздің әрі-бері шапқылап жүрген тірлігімізден ештеңе де шықпай отыр», – деп әкім орынбасары ағынан жарылды.
Кеңдала ауылдық округі әкімінің орынбасары Әйгерім ханым «мәселені шешуді Экокеңес қарағалы жатыр» деген соң, оған да хабарласып білмек болдық. Экокеңестің төрағасы Мирас Алмазұлы Байсейітовке телефон шалғанымда ол: «Мендегі ақпар бойынша карьерлер жұмысын тоқтатқан. Егер олардың істеп тұрғаны жайында видеотүсірілімің болса, маған салып жібер. Сол дәлелге байланысты қарайтын боламын», – деп жауап қайтарды. Төрағаға қолымдағы бар суреттер мен видеоларды салып жібердім де, «жалған ақпарды сонда кім айтып отыр?» деген ойға қалдым.
Бәлкім бұл мәселені облыстық экология департаменті қадағалап отырған шығар деген оймен сонда хабарластық. Тұтқаны көтерген департамент басшысы Батыржан Ілиясұлы орынбасарына сілтеді. Басшының орынбасары Серік Абдуллаұлы Сарбасов екен. Мәселені сұрап, мән-жайды білгеннен кейін ол:
«Қазіргі кезде кәсіпкерлерді беталды тексеруге мораторий жарияланған, сол себепті де біз бұл мәселеге тікелей кірісіп кете алмаймыз. Ауыл тұрғындары арыз-шағымдарын жолдаса, сонда ғана тексеруге болады. Шағымға қоса нақты дәлел ретінде көкке көтеріліп жатқан шаңның, түтіннің суреттерін қоса жіберуді ұмыт қалдырмасын»,
– деп дәрменсіз екендіктерін білдірді.
Кәсіпкерлерге орынсыз тексеріс жүргізбеу туралы заңның шыққанынан біз де хабардармыз. Алайда ондай заңның шыққаны кешелі-бүгін ғана ғой. Ал карьерлердің ауыл ортасында жұмыс істеп келе жатқанына қаншама жылдар өтті емес пе? «Елдің, табиғаттың экологиясын қадағалайды» деп сеніп жүрген арнайы мекеме сонда осы уақытқа дейін ай қарап келген болып шыға ма? Талғар өзені мен Кеңдала ауылдық округіне қарасты саяжайлар мен бау-бақша серіктестіктерінің арасы шамамен 500 метрдей аумақты алып жатыр. Кеңдаланың кіре берісінен Бәйтерек ауылына дейінгі аралық 10 шақырымдай жер. Осыншама аумақты қазан шұңқырларға айналдырып, қылтанақ та өспейтін орларға ұластырған байшыкештердің тірліктеріне бұрын неге назар аударылмаған? Экологияны қорғау үшін міндетті түрде арнайы тапсырма алу қажет пе? Айналасына шыбын жолатпай отырған кәсіпкерлердің жұмыс істеп жатқан суреттерін қарапайым тұрғындар қалай түсіріп алмақ. Табиғаты әсем, қураған шыбық тықсаң, көгеріп орман-тоғайға ұласып кететін осындай ғажап жерді облыстық жер қойнауын пайдалану мекемесі байшыкештерге қалайша көздері қиып бере салды екен десеңші?! Осы мәселелерге нақты жауап беретін құзырлы органдар табылар ма екен? Табылып жатса, оларға да құлақ түруге әзір екендігімізді жеткізгіміз келеді.
Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ