Соңғы уақытта жаңалықтардан «өз баласын өлтіріп алды», «сәбиін аяусыз ұрып-соқққан ана» деген сұмдық жайттарды жиі оқитын болдық. Көп жағдайда психологтар мұны аналардың арасындағы босанғаннан кейін пайда болатын күйзелістен көріп жатады. Алдыңғы газет нөмірінде «осындай сұмдық оқиғаларға себеп не?» дегенге жауап іздеп, көп бала тәрбиелеп отырған аналардан сауалнама жүргізген болатынбыз. Ал енді бұл туралы психолог мамандары не дейді? Депрессияға ұшыраған әйелге қандай көмек беруге болады? Бұл ретте ер адамның, басқа отбасы мүшелерінің жауапкершілігі қандай? Психолог Гүлмира Әбеусейітқызымен сұхбаттасып, осы сауалдарға жауап алдық.
— Өзіңіз естіп жүрген шығарсыз, қазір елімізде қатыгез аналар көбейіп бара жатыр. Өз бауыр еті баласын қинап, ұрып өлтіруде. Бұл жағдайлардың себебі не деп ойлайсыз? Әлде бұл босанғаннан кейінгі депрессия ма?
— Бұл жағдайды екі типке бөліп қараған абзал. Алдымен, жас ана босанғаннан кейінгі депрессиядан өз баласынан жеруі ма, әлде жас босанған әйелге қоғамдық ортаның қысымы, отбасылық тұрмыстың қысымы сияқты жан-жақтан болған қысымдарға төзе алмай қалған жан күйзелісінен туындаған агрессиялық көңіл-күй ме? Осының арасын аша білу керек. Бірінші, жаңа босанғаннан кейінгі депрессия әдетте бірден байқалады. Жас ана босанғаннан кейін бірнеше күнде, ұзаса, үш-төрт күннің ішінде күйзеліске түскені біліне бастайды. Ертерек байқалған жағдайда бұның алдын ертерек алуға болады. Жас ананың жас шамасына қарай отырып, босану барысы қандай болды? Ауыр болды ма, жеңіл болды ма? Ал енді «жас ананың бұрында өзінде тұқымқуалаушылық ауруы бар ма, ауытқуы бар ма» деген сұрақтарға жауап бере отырып, бұны, әдетте, 5-6 күн ішінде емханада дәрігерлердің ертерек байқағаны дұрыс. Байқалған сәттен бастап психологтармен жұмыс жасау керек.
— Қазақстан перзентханаларында жас босанған аналармен психологтар жұмыс істемейді. Ондай қызмет түрі, тіпті қарастырылмаған ғой?
— Біздің мемлекетімізде жаппай орын алып отырған жағдай. Психолог барлық салаға да кемшілдеу. Психолог біздің қоғамға, әсіресе, біздің қазақ қоғамына кенжелеп кірген саланың бірі. Сол үшін бұған толыққанды ғылыми түрде дайындалған психологтардың саны кішкене аздау. Жалпы алғанда, психологтарды негізінен мектептерге, университеттерге көп бөліп жатыр. Енді алда әлі де осы жағдайлардың шешілуін үміт етемін, психолог әрбір салаға керек! Психолог әрбір салаға, әрбір отбасыға керек! Әр отбасыда психолог болса, нұр үстіне нұр болар еді! Қоғамның дамуы бұл қажеттілікті қанағаттандырады деп ойлаймын. Алда әлі жетіліп жатқан жас мамандарымыз көп. Олар осы қоғамның олқы тұстарын толықтыра түседі.
— Босанғаннан кейінгі депрессия негізінен қанша жастағы әйелдерге әсер етеді?
— Біздің мемлекетте әйел адамдардың босану жасы 19-20 жас аралығы. Тіпті, бұдан да ерте тұрмысқа шығатындар бар. Бұндай жас кезде кейбір жастар әлі балалық психикадан арылмай, яғни өзі әлі ана болуға рухани дайын болмай тұрып, ана болады. Міне, осындай жағдайларда сыртқы факторлардың көмегі аса қажет. Жас әйелге отбасының, ағайын, достарының көмегі, сүйген жан-жарының көмегі ауадай қажет болады. Әйел айналасындағы адамдардың өзін түсінуін қалайды. Ата-енесі, жолдасы толыққанды түсінсе, бұндай әйел депрессиялық күйлерден ертерек арылады.
— Осы депрессия туралы мысал келтіре аласыз ба?
— Жалпы ұлттық идеология жағынан дұрыс болмауы да мүмкін. Бірақ, бір мысал келтірейін! Біз қазақ ұлтында келін босанғаннан кейін енесінің қарауында болады. Ал енді өзіміз сияқты басқа да ұлттар бар. Мысалы, өзбек, ұйғыр ұлтттары. Бұлар бала босанған кезде өзінің ата-анасының үйінде болады. 40 күнге дейін туған анасының қамқорлығында болады. Қырқынан шыққаннан кейін ата-енесінің қолына әкеліп береді. Енді осы тұрғыдан ойласақ, әр салт-сананың озығы да, тозығы да бар. Мен осы салт-сананы дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, қыз бала қанша дегенмен өз анасына жақын болады. Анасының алдында өзін емін-еркін ұстайды, қиналмайды. Ал енді енесінің алдында тартыншақтай бастайды. Осының өзі жас босанған әйелді депрессияға әкеліп соқтырады. Егер мүмкіндік болып жатса, өзінің анасы қараймын десе, біздің қазақ қоғамы осыған да жол берсе… «Салт-санамызға дұрыс емес, үйлеспейді» деп осы көзқарасқа бірден қарсы шығатын адамдар да бар. Қырық күнге дейін жас ана өзінің ата-анасының үйінде болса, ол тез тұрып кетуіне, тезірек ес жинап, қалпына келуіне көмегі болар еді. Бұл жерде енесі қарамайды деген сөз емес. Қарамайтындар да болатын шығар. Бірақ, жалпы, біздің қазақ қоғамында енелер өз келініне жақсы қарайды. Ондай отбасылар өте көп кезігеді. Келін болып түсе салғаннан бастап, өз баласындай қабылдайды. Енесі жас босанған келінінің жанынан табылып, жағдайын жасап отырса, ене мен келін арасындағы сыйластық жақсы болады.
— Ал кейбір әйелдер бар «енеміз күн көрсетпейді» деп жатады?
-Енді ондай келіндер де болады. Алдымен енеге деген көзқарасты түзету керек! «Анаңдай көр» деп айтпаймын. Бірақ анасындай сыйласа, онда енесі де соған қарай қартымды жауабын қайтарады. Қанша айтқанмен ененің келінге қарағанда тәжірибесі бар. Ол да бұрын келін болып көрген. Жастар, ең алдымен, кішілігін көрсетіп, алдында иіле білсе, енесі, әрине, келінді бауырына басады.
— Қатыгез аналар не себепті көбейіп бара жатыр?
— Бұл қатыгездікті сол ортадан іздеуіміз керек. Бұрыннан келе жатқан психикалық ауытқу бар-жоқтығын тексере отырып, «қандай қысым көрді жас ана, кімнен қысым көріп жатыр, оған жеткілікті көңіл бөлініп жатыр ма? Ол өз қажеттілігін қанағаттандырып жатыр ма?» деген сұрақтарға жауап беруіміз керек! Жалпы алғанда, ерекше жағдай болмаса, ананың өз баласына осындай қатыгездік жасауы сирек кездеседі. Дәл осы қадамға баруының үлкен артық көрінісі бар. Сол артық көріністен іздеу керек. «Бұл ана кім? Ол қандай қиындықтарды басынан өткізді? Қандай қиыншылығы бар? Оны кім тәрбиеледі? Ол қайда өсті?» деп бірқатар сұрақтарға жауап іздеп, неге баласына қатыгездік істегенін түсінуге болады. Бірден анадан көре салуға болмайды. Аналық махаббаттың шегі жоқ!
— Депрессия болмауы үшін ана басқа да істермен айналысу керек пе?
— «Маған сіздің көмегіңіз керек. Бір сағатқа баланы қарай тұрасыз ба?» — деп енесіне немесе күйеуіне айту керек. Одан қысылмауы қажет. Егер шаршап тұрса, бірер сағатқа ұйықтап алса болады немесе моншаға барып келе ме, жоқ әлде шоппинг жасай ма, өзіне жақсы ұнаған заттарын сатып алып, көңілін тыныштандыруына болады. Енді осы барыста ана өз қажеттіліктерін айта білуі қажет.
— Психологтардан уақтылы кеңес алып отырса, мұндай жағдай болмайтын ба еді?
— Психолог мамандарына алдын-ала жүгініп, солардан кеңес алғанда, бәлкім «өз баласын өлтірді» деген жаңалықтарды естімеуші едік. Осыншалықты депрессияға түспес те еді. Міне, сол үшін әрбір адамға, әрбір отбасына психолог керек. Психологқа барып, психологиялық кеңес алу үрдісін қалыптастыру керек. Қоғамда психологқа баруға арланатындар бар. Барсам, мені елдер «псих» деп айтады деген идея қалыптасып қалған. Ол олай емес! Әрбір адам баруы керек! Адам өзі ұнататын, өзіне сенімді, өзінің жалпы жағдайын айта алатын, көңіл-күйін түсіндіре алатын психологына барып, кеңес алып отырғаны жөн. Ал енді бұл жерде психолог өзінің психологиялық этикасын сақтай отырып, оның басында болып жатқан мәселелерді екінші адамға айтпайды. Оған депрессиялардан шығуына қолынан келгенше жәрдемін жасайды. Сондықтан «қоғамда психологтарды бағалай білсе» деп өтініш те айтқым келеді. Мектеп, балабақшада «психолог мамандары бар» деп кіргізіп қойып, оларды басқа жұмыстарға салып қояды. Сосын оқыс оқиға болып қалса, бірден психологтан көре салады. Бұл дұрыс емес! Психолог өзінің кабинетінде отыруы керек. Ал соны қажет қылған адам өзі іздеп баруы керек. Басыңыз ауырса, дәрі ішетін сияқты ішкі жан дүниеңіз ауырса, бірден психологиялық кеңес алуға, яғни жүгінудің керек екендігін мойындау керек. Ал енді отбасында болып жатқан, өзі шешілмей жатқан әңгімелер өзінің шамаң жетпей, тығырыққа тіреліп, жауап ала алмай жатса да, психологтан отбасылық кеңес алса, әрқандай мәселенің шешімін табуға болады. Жаңа босанған әйелдерде көңіл-күйінде торығу,себепсіз жылау, ашулану сияқты осындай депрессияға түсіп бара жатқанын алдын-ала сезінсе, содан шығудың амалын жасау керек. Бұл депрессиядан қалай шығуға болады? Әйел бір уақыт назарын баласына аудару керек. Өзінің ана болғанын мойындауы керек. Одан ләззат ала білуі қажет. «Мен ана болдым, мен өмірге ұрпақ әкелдім» деп әрбір таңды жақсы сөздерменен, жақсы ойларменен бастауы қажет. Сол баланың тамаша болашағын көз алдына келтіруі керек. Қазір интернет дамыған заман. Интернет желісін ашсаңыз, неше түрлі адамға мотивация беретін психологтар жеткілікті. Небір ақыл-кеңес айтып жатады. Жігерлендіріп, күш береді. Соларды есту керек. Кейбір адамдар өзіне тамаша көңіл-күйді таза ауада жүріп сезінеді. Кей адамдар өздерінің жақсы көретін достарымен кездесу барысында өздерін жақсы сезінеді. Өмірді қалыпты жағдайға келтіруге тырысу керек.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Кәусар Әбдікерім