КҮН КӨЗІ ӘЙЕЛДЕРДІ ЕРТЕ ҚАРТАЙТАДЫ

КҮН КӨЗІ ӘЙЕЛДЕРДІ ЕРТЕ ҚАРТАЙТАДЫ

Өзін сыйлайтын әрбір әйел бет күтіміне мән беруі тиіс. Әсіресе, жазда бетке ерекше күтім қажет. Талғар қаласының тұрғыны, әрі косметолог Аида Әзімжанқызы мынадай аптап ыстықта бет күтіміне арналған бірнеше пайдалы кеңес ұсынады.

Аида Әзімжанқызының медицинадан хабары бар. Ол Алматыда жедел-жәрдем қызметінде фельдшер болып та істейді. Бастапқыда, косметология тек хоббиі болыпты. Алайда «қыз-келіншектер бет терісін қалай күтсе, жастығын сақтап қалады» деген сауалға жауап іздеп, ол тағы бір мамандық иесі болып шығады. Осылайша, фельдшер 10 жылдан астам үздіксіз білім алып, косметолог атанады. Шеберлігін шыңдау мақсатында шеберлік сыныптары мен түрлі семинарларға қатысқан. Бір ғана процедура теріңіздің жарқылын, серпімділігін және жастығын қайтара алады дейді ол. Бұл рас па, әлде сиқыр ма? Бұл сұрақтың жауабы мынадай.

— Медицина қызметкері болағанның бір пайдасы косметологияны жақсы түсінесің. Адам терісі бірнеше түрге бөлінеді. Олар майлы, құрғақ, қалыпты, аралас болып төрт түрге бөлінеді. Олардың әрқайсысы белгілі бір күтімді қажет етеді. Жалпы, теріге толыққанды күтім жасауды 16 жастан бастау керек. Дәл осы жаста тері өзгеріп, май бездерінің белсенділігі арта бастайды, — дейді косметолог.

Аида Әзімжанқызы алғашқы өтпелі жасқа аса жіті назар аударуды ұсынады. Егер бетіңіз құрғап жатса, бетіңізді тазартып, үйде дұрыс күтім жасауды бастау керек. Мысалы, тыртық, дақтар, безеуден кейінгі салдардан аулақ болу керек. Жазда теріге ультракүлгін, шаң, ыстық, теңіз тұзды суы және басқа да сияқты жағымсыз факторлар әсер етеді. Косметолог, әсіресе, осы шілдеде теріні мұқият күтуді ұсынады. Күніне кемінде екі рет теріні тазартып тұруға кеңес береді. Ең бірінші, бет терісін ылғалдандыру және ультракүлгін сәулелерден қорғау керек. Күн көзіне шықпас бұрын SPF кем дегенде 50+ қорғанысы бар кремді бетке жағып шығу керек. Ол адамды күн сәулесінен және теріні қараюдан қорғап қана қоймай, беттегі ылғалды сақтап, ерте қартаюдың алдын алады. Сонымен қатар Аида бет терісіне күтім жасау үшін косметологқа үнемі барып тұру керемет нәтиже беретінін айтады. Үйде күтім жасау да маңызды. Мысалы, сүт, көбік немесе муспен тазартып отыру керек.

— Күн ыстық кезде теріні жеткілікті түрде ылғалдандырыңыз. Ең аз дегенде күніне екі рет жуынып, ылғалдандырушы крем жағып қойыңыз. Аптап ыстықта күн астына шыққанда SPF-фильтр кремін жағып шығыңыз. Жаңа піскен жеміс-жидекті жиі жеп тұрыңыз. Күніне 2 литр сұйықтық ішіңіз. Әсіресе, жаз айларында теріміз жиі «шөлдейді». Сондықтан суды көп ішуге кеңес береміз. Тоналды крем мен опаны қолданбаңыз. Тұрақты түрде бетіңізге маска жасаңыз. Масканы жеміс-жидектен де жасауға болады, — деп кеңес береді Аида Әзімжанқызы.

Жазда бетті жақсылап күтсеңіз, қыста, көктем мен күзде де бетіңіз әдемі болып жүреді екен. Сондай-ақ, бет күтіміне құрамында спирті жоқ тоникті пайдаланған дұрыс. Майлы теріні сабынмен жуып, бетті құрғатуға тырысу керек. Ал проблемалы тері мен құрғақ теріге сабын қолдануға мүлде болмайды екен. Сабын бетке әжім түсуін тездетеді дейді маман. Проблемалы, құрғақ терілерге дымқылдық беретін сұйық сабындар пайдаланған абзал. Қазір заман дамыды, бетке арналған әртүрлі сұйық сабын, гель, көбік, скраб, сүт дегендер шықты. Бірақ оларды қолданғанда көз айналасына тигізбеу қажет. Косметологтың айтуынша, көз айналасын тек арнайы лосоньмен ғана сүрту керек.

— Менің әйелдерге айтарым, әжім көп опалағаннан да түседі. Бетіне сағат сайын опа жағатын қыздар бар. Ол дұрыс емес. Ерте әжім түсу генге байланысты. Бетті қартайтпайтын гимнастикамен айналысқан жөн. Ол дегеніңіз аптасына бір рет қара терге түскенше билеу немесе фитнеспен айналысу, бассейнге түсу, жұмасына бір рет моншаға барып, денені буға ұстап, тері клеткаларын ашу. Бетті булау микроскоппен әрең көруге болатын терідегі ұсақ тесіктерді ашады. Екіншіден, терінің дымқылдығын арттырады. Моншада бетті булаған соң міндетті түрде суық сумен шайған абзал. Кешке бір мезгіл бетке минералды су шашып отырса, бетті дымқылдандырып, табиғилық сыйлайды. Сондай-ақ, минералды суға лимонның суы мен сүт қосып, оны бетке шашып, одан шапалақтау әдісімен массаж жасаған пайдалы. Күнделікті жатар мезгілде минералды су шашып немесе бетті жуып жатқан дұрыс. Теріңіз жас көрінсін десеңіз, кешке қарай майлы тамақ жеуді азайтыңыз. Өте қызыл, ащы шай да ажарыңызды бұзады. Тәттіні де қыздардың шектегені дұрыс. Бетім таза болсын десеңіз, күніне 2 литрге жуық су ішіңіз. Күнделікті ас құрамыңызда судың мөлшері көп болсын. Тағы да айта кетерім, бетті жуып болған соң орамалмен емес, ас үйінде пайдаланатын қағаз майлықпен сүртіп отырған жөн. Зерттеулер дәлелдегендей, орамалда екі күн ішінде бактериялар жиналып қалады. Ал бұл өз кезегінде теріге үлкен зиян тигізеді. Егер күнделікті бет сүртетін орамал ауыстырып отыруға мүмкіндігіңіз болмаса, бір рет қолданатын осындай майлықтар пайдаланған дұрыс. Егер көзіңізді әрдайым бояп жүретін болсаңыз, бетті жуып болған соң, құлақ шұқығышты тоникке батырып алып, көз айналасын тағы сүртіп шығыңыз. Осы арқылы тағы бір қабат бояу кетеді. Бұл да әжім түсудің алдын алатын шаралардың бірі.

Сонымен қатар аптасына кем дегенде бір рет бетке пилинг жасап отыру керек екен. Пилинг скрабқа қарағанда біраз жұмсақтау келеді дейді маман. Сондықтан да қазір скрабқа қарағанда көбірек қолданысқа еніп жатыр. Болмаса, қарапайым скрабты да пайдалануға болада екен. Тек шамадан тыс уқалап, теріңізге зақым келтіріп алмасаңыз болғаны. Кейбір әйел терісін ағартқысы келеді. Ондай қыз-келіншектер үшін Аида өзінің арнайы маскасын ұсынады: ақжелкеннің кішкене түйірін блендерде немесе қолмен ұнтақтап алып, майлы емес қаймақ, болмаса үй айранымен десерт қасық қосып араластырыңыз. Таза бет терісіне жағып 20 минут күтіңіз. Мұндай масканы аптасына 1-2 рет жасаған жөн дейді косметолог. Осы маскадан соң теріңіз нәзік, әрі жарқырай түседі екен. Секпіл мен дақтардың да алдын алады. Әрдайым сұлу болып жүріңіздер, құрметті оқырман.

Кәусар Әбдікерім