Елбасының тың бастамаларды көтеріп, барша қазақстандықтар алдына үлкен міндеттер қойып отырған кешегі «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттары барша халықтың көңілінен шығып, бірауыздан қолдау тауып жатыр. Бұл қағидат болашақ ұрпаққа жүктелетін тарихи жауапкершілік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің отырысында «мәңгілік ел» мұратын жүзеге асырудың жеті тұғырын айқындап берді. Бұл жаңа дәуірдегі Қазақстандықтарға бағдар болатын қағидаттар жиынтығы. Елбасының бір-бірімен үйлесім тапқан жас ұрпаққа үндеуі барымызды бағалап, «тәуелсіздік» деген киелі ұғымды сақтап қалуымызға жол нұсқайды.
Бірінші тұғыр — тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Ел еңсесін тіктеген егемендіктің біз үшін маңызы ерекше. Елбасы бұл қастерлі түсінікті тәуелсіздік алған жылдардан бері санамызға сіңіруде. Өскелең ұрпақ үшін тәуелсіздік тарихи құндылық, ел ертеңіне деген сенім, алға жоспарлаған болашағына бағыт беретін ең маңызды мәселе болуына күш жұмсауымыз керек.
Екінші — бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры. Көпұлтты Қазақстан халқы үшін бұл тұғыр этносаралық, конфессияаралық татулықты сақтап қалудың маңызды мәселесі.
Үшінші тұғыр — Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы. Жер мәселесі қазақ халқына болмысынан берілген, қанымен сіңіп, бойына біткен ерекше маңызды мәселе. Жері мен елі үшін өмірін қиып, ғұмырын арнаған ата-бабаларымыздың аманатын арқалап, өскелең ұрпаққа осы ұлан-ғайыр атырабымызды мирас ету біздің ортақ міндетіміз екенін тағы бір мәрте еске түсіреді.
Төртінші тұғыр — Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі. Ұлт Көшбасшысы: «Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт» деп бүгінгі қоғамда жанұяның маңыздылығы мен рөлін тағы бір мәрте ерекшелейді.
Бесінші тұғыр — Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі. Бүгінгі күні жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек. Шынымен-ақ, елдіктің тұтқасы – ұлттық мұра, тіл мен мәдениет, салт-дәстүр мен әдебиет.
Алтыншы тұғыр — білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. Табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде.
Жетінші. Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі. Прагматизм принциптері барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынуды көздейді.
Елбасымыз: «Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтайық. Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың Қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі» — деп айтқан болатын.
Осыдан кейін, өскелең ұрпақ, бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер. Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық. Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін! «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Бүгінгі алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар артында өсіп келе жатқан жастар екені даусыз. Еліміздің ендігі дамуы мен өркендеуі, келешегі құрметті, жастар, бізге тікелей байланысты. Сол себепті, Елбасының мол сеніммен қараған, халықтық жолда адаспай, ел үмітін бірге ақтайық!!
Бақыт Қуатбекұлы,
«Nur Otan» партиясы Талғар аудандық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары