Тәуелсіздік еліміздің әрбір азаматы үшін баға жетпес байлық, құн жетпес қымбат қазына. Олай дейтінім – Тәуелсіздікті ешкім де ешқашан да сатып ала алмайды. Ол тек отаншылдық рух, ел мен жерге деген сүйіспеншілік арқылы ғана келеді. Ата-бабамыз салып кеткен сара жолдың қадыр-қасиетін терең сезініп, асқақтата бағалаудың нәтижесінде ғана өз мәресінен орын алады.
Бұрынғы өткен тарихымыздың қойнауын ақтарып, қабат-қабат қатпарына үңілер болсақ, ата-бабаларымыз бен баһадүр батырларымыздың атамекеннің тоқымдай жері үшін жанын бергеніне көз жеткіземіз. Білектің күші, найзаның ұшымен қорғау үшін ұрандатып атқа қонғанынан хабардар боламыз. Болашақ ұрпақ – біздердің қамымыз үшін. Жат жұртқа қолжаулық болып, өз жерімізде өгей баланың күйін кешпеу үшін. Кіндік қанымыз тамған ыстық ұямызда салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды сақтап, алаңсыз еңбек етіп, уайым-қайғысыз ғибратты ғұмыр кешуіміз үшін.
Міне, сол қасиетті бабалар армандаған «еркіндік» пен «бостандық» атты егіз ұғым араға сандаған ғасырлар салып барып, «Тәуелсіздік» атты көркем сөз, көрікті ұғыммен кестеленіп, көкірегімізге жақсылықтың нұрлы шуағын құйып отырған жайы бар. Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі бас болып, еркіндігіміздің алауы жанған 30 жыл ішінде қол жеткен табыстарды саралап көрсек, бөрікті аспанға атып, қалай мақтансақ та ешкім қой дей алмайтын дәрежеге қол жеткізген екенбіз. Ең бастысы – тоталитарлық жүйенің езгісінен құтылдық. Нәтижесінде ұмыт бола бастаған салт-дәстүріміз қайта түлеп, ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне қызмет ете бастады. Ана тіліміздің абыройы асқақтады. Дініміз бен діліміз бостандығын алып, рухани байлықтың қайнар көзіне айналды. Оның бер жағында «Қазақстан» атты Тәуелсіз мемлекетімізді бүкіл әлем таныды. Экономикасы қарыштап дамыған, әдебиеті мен мәдениеті шырқау биікке көтерілген, дамудың сатысына аяқ іліндірген бай-қуатты елдердің қатарына қосылдық. Қаламызда да, даламызда да шабытпен шалқыған еңбек дүбірі. Жеткен жетістік, тасыған табыс қай жағынан алып қарасақ та көңілді көкке самғатады. Осының бәрі де Тәуелсіздіктің жемісі екенін әркім-ақ нық сеніммен айта алады. Ендеше Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын! Осынау орны бөлек, еншісі ерек көркем сөз, көрікті ұғымның ғұмыры баянды жалғасын таба берсін!
Айжан Әлдибекова,
«Әдемі» балабақшасының тәрбиешісі