Әрбір істің басында қалауын таба білетін қабілетті адамдар жүрсе ғана қоғам іші ажарланып, ел іші тоғайып, түрлене түсетінін білеміз. Сондай еңбексүйгіш жандардан Талғар ауданы да кенде емес. Жуырда ғана облыс орталығынан «бәрекелді» дегізер жағымды жаңалықпен оралуы соның айғағы. Ол жаңалықты мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру және оның қолданыс аясын кеңейтуге қомақты үлес қосып жүрген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі алып келді.
Атап айтсақ, Талдықорғандағы Тіл сарайында «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы бойынша марапаттау салтанаты өткен болатын. Акцияның биылғы ерекшелігі – үш бағыттың қамтылуы. Яғни бірінші бағыт – аудан, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің жыл бойы жасаған жұмыстары бойынша, екінші бағыт – тіл тазалығын сақтауда өз үлестерін қосып жүрген тіл жанашырларының жұмыстары бойынша, үшінші бағыт – көрнекі ақпарат пен деректемелердің сауатты жазылуына ықпал етіп жүрген жарнама агенттіктерінің жұмыстары бойынша марапатталды. Аталған байқауға облыс бойынша 20 аудан, қала қатысып, белсенділік танытты. Әр өңірдің жұмыстарын білікті мамандар сараптады.
«Ең үздік аудан, қала» номинациясы бойынша марапатталғандардың ішінде Талғар ауданы да бар. Жыл бойы жарымжан жарнамалармен күресіп, оң нәтиже көрсетіп жүрген бөлімнің бұл марапатқа әбден лайық деп білеміз. Ал «Ең үздік жарнама агенттігі» аталымын ауданымыздағы жеке кәсіпкер «Болат» жеңіп алды. Бірқатар тіл жанашырлары да марапаттан тыс қалмады. Олардың ішінде Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының маманы Мөлдір Абатайқызы да бар.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»