Көшеге шыға қалсаңыз қолына шылымын қыстырып көк түтінін будақтатып тұрған кәрі жасы аралас әйел еркекке көзіңіздің еріксіз түсетіні анық. Көзіңді тайдырып басқа арнаға бұрсаң да сол көрініс көз алдыңа «көлбеңдеп» қайта келеді. Бұрынғы заманда үлкендерден тығылып темекісін тасада тұтататын текті ұрпақтан бүгін түк те қалған жоқ. Ақыл айтар аға буындарымыздың өзі түтінге тұншығып жүргенде, оны көріп өскен кейінгі буын темекінің түтінін төбеге үрлеп талтаңдап жүр. Бұрын тек ер азаматтардың ғана шылым шеккенін көруші едік, қазір азғындағанымыз соншалықты қыз бала, әйел аналарымызға дейін шылымның шырмауында қалған.
Әсіресе қылықты қыздарымыздың еш қымсынбастан жігіттермен жарыса шылым шеккенін көріп ашынып ақ кетесің. Өзге ұлтқа еліктеп өскен өз қарақөздеріміздің өрескел қылықтарын көріп күйінесің. «Қыз – өмірдің қызғалдағы» деп атам қазақ қыз баласын гүлге теліген болса, мынадай көріністерден соң қызғалдақтай құлпырған гүлдердің қураған сабанға ұқсап от қойсаң тұтанайын деп әзер тұрғанына қарап қабырғаң қайысады екен. Гүлдей үлбіреп құлпырған қыздарға қызыға қарап тұрғаныңда сүйріктей саусақтарының арасынан шошаң етіп шылымын шығарғанда әу бастағы қызығушылық пен мейірім, аяушылық пен жиіркенішке айнала кетері сөзсіз. Ең сорақылығы ондай көріністерге етіміздің үйреніп кеткені соншалықты таңқалмайтын жағдайға жеттік.
Қоғамдық көлікке немесе жеке көлікке жайланып отыра қалсаңыз, жылтың еткізіп жүргізушінің темекісін тұтата кететіні көпке мәлім. Тіпті, айналысындағы көпшілікпен санаспай түтінін будақтата жөнеледі. Темекі шегуші адамдар тек өзін ғана улап қоймай, қасындағы басқа адамдарды да улайтыны бесенеден белгілі.
Қазіргі таңда мектеп қабырғасындағы оқушыларымыздың өзі темекіге бой алдырып, болашақтарына орасан залал келтіруде. Жастай шылымға үйренген жастар ұмытшақ келеді. Оқу үлгерімі нашарлайды, тіпті ақыл- ойы кемиді.
Үлкен — кіші, әйел-еркек демей түтінге құмартып тұрғанда, келер ұрпақтың көрер тәрбиесі қандай болмақ?!.
Қолға қалам алуға түрткі болған мына бір оқиғаны айта кетуді жөн көрдім…
Мамыр айының мамыражай күндерінің бірінде көптен көріспеген құрбыммен кездесудің сәті түсіп, саябақтағы орындықтың біріне жайғасып қызу әңгімеге кірісіп кеттік. Біраз уақыттан кейін кішірек қол арбаға сағыз, шокалад, темекінің түр түрлерін жайып қыстырып алған, шамамен алпысты алқымдап қалған бір ақсақал:
«Темекі аламыз! Насыбай аламыз!» деп айқайлап өте шықты.
Онысын түсінбеген мен жан-жағыма жалтақтай қарадым, себебі біз жайғасқан жерден сәл ілгерірек бір топ қыздар отыр, ер жігіттердің қарасы жақыннан көрінбейді. Құрбым екеуміз бір-біріміздің ойымызды бірден түсіндік те, іштей ыңғайсызданып атаның артынан алара қарап қала бердік… Сәлден соң әлгі атамыз қайта айналып келе жатып дәл біздің тұсымызға жете бере « жаттанды саудасының жарнамасын» қайталап айтып өтіп бара жатты.
Біз әріге шыдамадық:
— Ата тоқтаңызшы!…
— Иә, қызым шылым аласың ба?…
Ал ендеше естиін дегенім осы болса… Қаным басыма бір-ақ шықты. Сонда да сәл сабырлық танытып:
— Ата… дедім, — Немере, қыздарыңыз бар ма?…
— Ия… бар ғой…
— Олар шылым шеге ме?…
Ата біраз қипақтап қалды. Сірә, ондай сұрақ күтпесе керек.
— Іііммм…Жоға шекпейді…
— Біз сіздің немерелеріңізбен жастымыз ғой… Неге шылым ұсынасыз, неге шокалад, сағыз ал деп айтпайсыз? Әлде… темекі шегетін қыздарға ұқсаймыз ба? Ақыл айтып бата берудің орнына, жаман жолға шақырып, шылым ұсынғаныңыз қай сасқаныңыз… ұялмайсыз ба?!…- деп құрбым екеуміз екі жақтап атаны сөзбен сыбап жатырмыз…
Ата өз қылығына ұяла қызараңдап:
— Қыздар ау күн көрістің қамы ғой, зейнетақым жетпейді, сауда сатпағанда не істеймін … — деп ақталғандай болып, жөніне кете барды…
Сонда да ашуым басылмай біраз жерге дейін сөйлеп шығарып салдым…
«Күн көріс» дейміз, сонда өз пайдасы үшін біреудің денсаулығына зиян келтіріп жамандыққа шақырудың қажеті қанша?!… Әлгі «шылым шекпейді» деген немере қыздары ақсақалды осындай күйге түсіріп өздері қалай тыныш жата бермек… Ойымды он ораған осы ойлар санамда сақталып қалды. Ақыл айтар ақсақалдарымыздың өз ақылдары шылымның шегінен шыға алмай жатқанда, келер ұрпақ қайда барып оңалмақ, олардың бойында мейірім мен иман қайдан болсын?…
Әдетте адам баласының бойына енуге құмар жамандықтың түрі сан алуан. Жаман әдетке бір бой алдырдың ба одан арылу қиын. Болашақта аяғыңа тұсау болуы әбден мүмкін.
Темекі шегудің зиян келтіретінін білсе де, шылымқорлар көбеймесе азаймай отыр.
Аталмыш зиянды әдеттердің ішіндегі темекінің адам ағзасына тигізер зияны туралы біраз мағұлматтарды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім:
Темекі тарту, яғни, никотинизм – зиянды әдет және нашақорлықтың бір түрі.
Темекі түтіні адам организмі үшін улы заттардың жиындысы болып табылады. Олардың ең бастылары – никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе рагіне душар ететін әртүрлі радиобелсенді элементтер. Соның ішіндегі ең улысы – никотин.
Никотин — қан тамырларының түйілуіне және олардың ішкі қабықшасының өзгеруіне себепші болады. Мұндайда қантамырлардың саңылауы тарылып, қан айналымы қиындайды, дене мүшелерін оттегімен және қоректік заттармен қамтамасыз ету және олардан зат алмасудың зиянды өнімдерін әкетуі нашарлайды. Шылым шегушілер арасында көп тараған ауру- стенокардия, мұнда жүрек қан тамырлары кеудені қатты ауыртатын әлсіздік пен ажал қатерін туғызатындай оқтын-оқтын түйілуі мүмкін.
Стенокардия — көбіне жүректің ауыр жарақаты инфаркке әкеліп соғады. Шылым шегушілердің басқа бір әдетті ауруы — ұстамалы ақсастық (эндартериит). Мұнда адам бірнеше ғана қадам жасап үлгереді, ал содан кейін бір немесе екі аяқ та ұйып, кенет ауырады. Тоқтаған соң бірнеше минуттан кейін ауырсыну басылады, бірақ әрі қарай жүруге ыңғайланғанда қайта пайда болады. Сөйтіп, осылайша жалғаса береді. Шылым шегу адам денесінің жетілу мүмкіндіктерін әжептәуір шектейді. Никотин дене күшін және бұлшықет сезімінің өткірлігін кемітіп, қимыл үйлесімділігін, шапшаңдықты және әсіресе төзімділікті нашарлатады.
Темекі ішкі мүшелер қызметін бұзып, ауруға душар етумен қатар, адамның сыртқы келбетін де бұзады. Түтіннен шыққан зиянды улы заттар беттегі майда қан тамырларын зақымдап, бет терісі ауруларына душар етеді.
Темекі тартатын адам күніге орта есеппен 200 рет, айына 6 мың рет, жылына 72 мың рет ішке түтін тартса, ал 45 жастағы адам өмір бойына 2 млн. рет темекі тартады деседі. Қызығы сол, темекі шегуді о баста «ойнап» бастаған 100 адамның сексені біртіндеп тұрақты шылымқорға айналады.
Темекінің әр талы адам өмірін 12 минутқа қысқартатыны дәлелденген шындық.
Өмір – дәптер, ал адам өмір қаламы деген,өмір дәптерлеріңізге қалай болса солай жазбай, алтын әріптермен көркем етіп жазу өз қолдарыңызда. Олай болса, болашақ ұлт үшін, ұрпақ үшін күресе білейік! Болашақ ұрпағыңыздың денінің сау болғанын қаласаңыз, өз өміріңіз қымбат болса ойланыңыз, спортпен шұғылданыңыз, пайдалы істермен айналысыңыз!