Тәуелсіз еліміздің қолданыстағы Ата Заңының қабылданғанына биыл 26 жыл болады. Бұл Конституция 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум өткізу (бүкіл халықтық дауыс беру) жолымен жүзеге асты. Еліміз егемендік алған уақыт ішінде екі Конституция қабылданды. Оның біріншісі – 1993 жылдың қаңтарында қабылданған еді. Дегенмен, бұл бірінші Ата Заңның елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі де бар еді. Оған басты себеп асығыстыққа жол берілді. Конституция жобасын жасаушылар көп жағдайда «еркіндік» сөзінен туындаған асқақ сезімнен шыға алмады. Оның үстіне бұған біздің қоғамның тарихында осы уақытқа дейін орын алған коммунистік қиялдар мен қағидалар да өзінің едәуір ықпалын тигізді. Осындай себеп-салдарға байланысты жас тәуелсіз мемлекеттің жаңа Конституциясын қабылдау қажеттілігін уакыттың өзі алға тартты.
Осының бәрін жақсы түсінген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті еліміздің қазіргі Ата Заңын қабылдауға бастамашы болды. Сол кездегі өзінің атқарған кейбір істерін есіне ала отырып, Н.Ә. Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында былай дейді: «1995 жылғы жаңа Конституция туралы мәселе көтерілген сәуір референдумынан соң мен халықпен тікелей ашық әңгімеге кірістім және 1995 жылдың 30 сәуіріндегі Үндеуімде елге не үшін жаңа Конституция керектігі, оның Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін қажеттілігі қандай екені туралы өз көзқарасымды халыққа жете түсіндірдім. Әділет министрі Н. Шәйкеновтің басшылығымен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оның жұмысын тікелей өз бақылауыма алдым. Сарапшылармен бірге кейде күніне 12-14 сағат Конституция баптарымен жұмыс істегеніміз есімде».
1995 жылғы Конституция Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігінің негізін салды. 1998, 1999, 2007, 2017 жылдардың конституциялық реформалары саяси билік институттарын ары қарай жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы қатынастарды реттеп, қазіргі заман талаптарына сәйкестікке келтіруге бағытталған. Адам және азаматтардың бостандықтары мен құқықтарының үстемдігі, берік конституциялық мемлекет құру тұжырымдамалары – басты құжаттың басты қағидасы деп білеміз.
«Талғар-ақпарат»