ЕЛБАСЫ және МЕМЛЕКЕТ ТІЛІ

ЕЛБАСЫ және МЕМЛЕКЕТ ТІЛІ

Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақты Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүние­де қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтас­тығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Тіл – заманнан-заманға жалғасып келе жатқан халықтың баға жетпес асыл қазынасы. Ұлтымыздың тілі сонау есте жоқ ескі замандардан бастау алған. Қазақтың тарихы қанша ұзақ болса, тіліміздің тарихы да сол ұзақ жолды басып өткен. Қайнар бастауы алыстан басталған тілі мен тарихымыз бір-бірімен біте қайнасып кеткен. Өйткені дана халқымыз «Дүниеде сөзден көне, сөзден берік ескерткіш жоқ», – деп айтқан сөзінен тіліміздің тарихының өте арыда жатқанын аңғарамыз.
Тарих қазақты талай шайқады. Ғасырдан-ғасырға жалғасқан тар заман қазақты әбден есеңгіретті. Сол аумалы-төкпелі замандарда «Арғымақ аттың жалында, бура түйенің қомында» күй кешіп, туған даласын атамекендерін қорғау үшін ұлан-ғайыр шексіз кеткен сайын сахарада ұрыс жасап, жан алысып, жан беріскен ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен тұтас қазақ даласын қорғап қалды.
Тарих бізге шапағаты мен мейірін сыйлады. Құдіреті күшті Құдайдың көзі түзу болып Қазақстан деген тәуелсіз елге қол жеткіздік. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлтымыздың тіл мәселесіне ерекше мән беріп, Қазақстан Республикасының конституциясының алғашқы қабылдауына жол бастаушы болды. Елбасы әр ретте Қазақстан халқына сөйлеген сөзінде «Тілді меңгеру үшін оған өзіңнің жүрегіңді ашуың керек», «Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі тіл», «Тарих пен тіл – тамырлас» деген тәрбиелік маңызы зор нақылдары арқылы тіл үйренуді, тілге көңіл бөлуді жалықпай насихаттап келді.
Ұлы саясаткер, ойшыл, қоғам қайраткері Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының арғы тарихы мен тіл тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін өте жақсы білген ұлт көшбасшысы. «Тәуелсіздік дәстүрлі мәдени құндылықтардың ыдырауын тоқтатуға, қазақ тілін өркендетуге көместесті», – дейді Елбасы.
Ұлтымыздың ежелден жалғасып келе жатқан «Ана тілі ой өсіреді, ана сүті бой өсіреді», «Өнер алды – қызыл тіл», «Ұлттың өшуі – тілдің өшуінен», «Сөздің көркі – мақал», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Тілсіз жерде тірлік жоқ», «Адам тілі алтын, алысты сұрап табады», «Сәлем – сөздің анасы», «Қызыл тілде буын жоқ» т.б. ұлағатты сөздер ұзақ уақыттық халықтың өмір тәжірибесінен туған.
Қазақтың тіл мәселесі туралы ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тынбай ізденіс жасап, көп күш шығарды. Әсіресе, мемлекеттік деңгейдегі ірі жиналыстар мен іс-шараларда тіл мәртебесін көтеру туралы озық ойлары мен жаңа әдіс-шараларды ортаға қойып отырды. 1993 жылы 28 қаңтарда Тұңғыш Президенттің басшылығында Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі елдің негізгі заңын – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын (Ата заңын) қабылдады. Бұл реткі Ата заңда тіл мәселесі құқықтық шешімін тапты. Ата заң бойынша республикадағы мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі болып белгіленді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілуіне, Ата заңға қабылдануын Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегінен бөле қарауға болмайды.
Елбасы Қазақстанның тәуелсіздігінің 17 жылдығына байланысты сөйлеген сөзінде тіл туралы: «Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі жұмыстар жүйелі жүргізілуде менің бастамам бойынша «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қоры құрылып, қазірдің өзінде бірер жаңа жобаларды жүзеге асыра бастады. Мемлекеттік тілді оқыту жөнінде өңірлік орталық жұмыс жасап жатыр. Жаңа сөздік шығарылды және бірқатар компьютерлік бағдарламалар жасалуда», – дейді.
Тіл мәртебесі бір ұлттың, бір мемлекеттің өркениетінің дамыған, дамымағанын бейнелейтін көрсеткіш. Егер тіл жойылса ұлт жойылады, ұлт жойылған жерде мемлекет пен ұлт өркениетінен сөз ашу тіпті қиын. Елбасы сөйлеген тағы бір сөзінде: «Өз тілімізбен өмір сүрейік! – бұдан артық қалай айтуға болады? Қажет десеңіздер, одан оңайлатып айтайын: Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін!» – деп халықты мемлекет тілін үйренуге насихаттайды. Қазақстан тәуелсіздік алудан бұрынғы жойылған тіліміз, салт-дәстүріміз, діліміз, тарихымыз, мәдениетіміз халықпен қайта табысып, ұлт өркениетіне тамыр тартты.
Елбасының қазақ тілінің мәртебесін мемлекеттік тіл деңгейіне көтеруге байланыс­ты қазақ елінде неше жүздеген мектептер бой көтерді. Н.Назарбаевтың бастамасымен ашылған оқу орындарынан Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Қазақстан менеджмент институты, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті, Ұлттық мемлекеттік заң университеті, Назарбаев университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері т.б. атауға болады. Осындай қыруар беделді оқу орындарының дүниеге келуі мемлекеттік тілдің мәртебесінің жоғарлатқандығының айқын дәлелі. Сондай-ақ, ұлтымыздан шыққан би-шешен, батыр, ғалым, ақын-жазушыларға облыс, аудан, ауыл, мектеп, мұражай, көшелерге олардың есімдері беріліп, қазақша аталды.
Қазақстан Республикасының Ата заңында «Мемлекеттік тілді құрметтеу Қазақстан азаматтарының міндеті болып саналады. Мемлекеттік тілді төмендету, менсінбеушілікпен сыйламаушылық іс-әрекеттері және оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін басқа да ашық және астыртын жұмыстарды жүргізуші азаматтар мен қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер заң бойынша жазаға тартылады», – деп өте анық жазылған. Қазақстандық әрқандай азаматтың мемлекет тілін қорғауға және оны дамытуға борышты екенін естен шығармаған жөн. Әйгілі әдебиетші Ғабит Мүсірепов «Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады», – дейді. Елбасының тіл туралы айтқан сөздері халық ішінде нақыл сөзге айналып кеңінен таралды. «Мемлекет тілі енді ұлттық саясаттың діңгегі болу тиіс», «Әлем әдебиетіндегі әйгілі жүз кітапты емін-еркін бар бояуымен төгілтіп түсірген тіл–қуатты тіл, қазақ тілі – сондай тіл», «Кітап – ең сабырлы ұстаз», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде», т.б. нақыл сөздер осының айқын дәлелі.
Тіл тағдыры тұтас бір ұлттың, бір мемлекеттің ұлттық өркениетімен тамырласып жатады. Ұлттық өркениетті дамыту үшін тілді дамытудың маңызы зор. 1997 жылы 11 шілдеде де Қазақстан Республикасының тіл туралы заңын қайта толықтырып қабылдаса, 2007 жылы «Қазақ тілін қолдау» жылы деп белгіледі.
Қазақстанның тұңғыш президенті, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарында Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясында қазақ тілінде баяндама жасап тілімізді әлемге танытқан еді. Бұл туралы Елбасы: «Менің мемлекеттік тілдегі сөзім, оның ұйымындағы барлық ресми алты тілге ілесе аударылуда жақсы нышан болды. Біздің тіліміз дүние жүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деп ойладым. Бәрібір ол барлық тілге аударылды. Бірақ әбден үйреніп кеткен біздің адамдар қазақша сөйлегісі келмейді. Тілі басқа жаққа үйреніп жатылып кеткен… Сондықтан мен айтқаннан кейін менен кейінгі біздің басшылар солай (қазақша) сөйлейді деп сенемін», – деп билік басындағыларды да қазақша сөйлеуді талап етеді.
«Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деген екен халық. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан құру жолындағы ұлы еңбектері ел аузында айтылып аңызға айналып кетті. Сол еңбектерінің бірі – Қазақтың халықтық тіліне мұрагерлік етіп, ұлттық тарихымыздың куәгері ретінде болашаққа жалғады. Жинақтап айтқанда Елбасы ұлттық қазынамыз болған қазақ тілін әлем елдеріне танытып, мемлекеттік мәртебеге көтерді.

 

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
жазушы, этнограф