Қазіргі қоғамда мемлекет үшiн жасалған игiлiктер мен экономиканы жақсартудағы Елбасы Н.Назарбаев пен Президентіміз Қ.Тоқаевтың сындарлы саясатының арқасында өмiрлерiн уайым-қайғысыз өткiзiп жатқандар қатары күннен-күнге арта түсуде. Десек те, түрлi тағдыр тәлкегiне ұшырап, ата-анасынан, асыраушысынан айрылып, жан жылуына, әлеуметтiк көмекке зәру болып отырған жандар да жоқ емес. Әсіресе, балалардың жағдайы қоғамды алаңдатпай қоймайды. «Мектепке жол» акциясы әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардан шыққан балаларды мектепке даярлауға айтарлықтай қолдау көрсетіп келе жатқан бірден-бір қайырымдылық шарасы. Бұл игі шара биылғы оқу жылы жақындаған тұста өз жалғасын тауып, балаларға тағы да қоғам назарын аударды.
Бұндай игі шараға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетіп, қайырлы іс жасайтын аудан депутаттары десек артық айтпаймыз. Биыл да солай болды. Жуырда облыстық мәслихаттың депутаты Сұңғат Төлеуханов қаламыздағы көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан балақайларға мектепке қажетті оқу құралдарын алып беріп, қуантқан еді. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген емес пе дана халқымыз. Балалардың қуанышынан асқан бақыт бар ма!? Ауданымызда алғашқылардың бірі болып «Мектепке жол» акциясына үлес қосқан Сұңғат Төлеухановтай халық қалаулысына разы болдық біз де. Жомарттық, кең пейілділік — қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы. Ондай қасиет тек адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жандарға ғана тән сипат. Жомарт адам – қолында барын мұқтаж адамдармен бөлісіп, көмек беріп жүретін мейірімді тұлға. Соңғы жылдары түрлі жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылық жұмысымен айналысып жүрген жомарт жандардың саны артып келеді. Бұл қуанарлық жайт. Осындай игі шаралардың арқасында көп балалы және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқор болып, олардың әлеуметтік себептер салдарынан мектепке бара алмай қалуларының алдын ала аламыз.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»