«Білімді дәрігер-тәннің шипагері болса, білікті ұстаз-ой-сананың бапкері. Алғашқысына кезіксең жаның қалады, соңғысына тап келсең, жолың болады. Тәлім-тәрбие ата-анадан, оқу-білім-ұстаздан»- деген пікірдің жаны бар. Білімді ұстаз-мектептің жүрегі. Ол алдынан өтетін мыңдаған шәкірттерінің жүрегіне білім шырағын жағып, жан-дүниесін имандылық нұрына шомылдыратын қасиетті мамандық иесі. Талғар қаласындағы С.Сейфуллин атындағы № 2 қазақ орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Абакова Саягүл Бекболатқызы да соның бірі. Ол Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Айыртас ауылының тумасы еді.
1984 жылы Қарағанды қаласындағы мемлекеттік университетінің физика бөліміне түскен Саягүл бұл оқу орнын 1989 жылы бітірген соң арнайы жолдамамен Семей облысы, Таскескен ауданындағы Қарақұм станциясында ұстаздық жолын бастады. «Мектеп-білім ордасы, ұстаз- мектеп тұлғасы»- демекші, Саягүл 2002 жылы Талғар қаласына қоныс аударып келгенде, білімі толысқан тәжірибелі мұғалімнің бірі болатын. Қазір ол осы мектептің ең тәжірибелі ұстаздарының бірінен саналады. Саягүл Бекболатқызының биылғы оқу жылында физика пәні бойынша мұғалімдерге арналған республикалық қашықтық Олимпиадасына қатысып, аудан, облыс, республика бойынша І- орынды иемденуі көп нәрсені аңғартса керек. Ал,оның талантты шәкірті, 9- сынып оқушысы Алина Бақтияр физика пәнінен облыстық сайыста І-орын иемденсе, 2020-2021 оқу жылында ол жетекшілік ететін 11ә- сынып оқушысы Диас Мерекеев ұлттық біріңғай тесттен 119 балл жинап, «Алтын белгі» иегері атанды. Ұлағатты ұстаз Саягүл Абакованың өзін көрсетер кезі әлі алда деп білеміз.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»