Кеңестік кезеңде Отан тарихының мәселелері зерттеліп, том-том академиялық басылымдардың, жеке арнайы зерттеулердің жарыққа шыққаны және олардың бәрі маркстік-лениндік методология тұрғысынан таптық принципке негізделіп жазылғандығы белгілі. Соның салдарынан қазақ халқының небір асылдары – хандар мен сұлтандарға, билер мен батырларға, ақындар мен шайырларға, дін қайраткерлеріне, XX ғасыр басындағы ұлт қайраткерлеріне отандық тарихтан орын берілмеді. Кеңестік кезеңде өсіп-өнген бірнеше буын өкілі қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын тарихи тұлғаларымыздың есімдерін білмей, шығармаларымен сусындамай өсіп, қалыптасты.
Ата-бабамыз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздіктің келуімен тарихымыз түгенделе бастады, тарихшыларымыз да жаңа ұстаным мен көзқарастарға сүйеніп, тарихымызды жаңаша зерттеуге белсене кірісті.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы онжылдығында жаңа методологияны ту етіп ұстаған тарихшылар Отан тарихының ең өзекті мәселелерін зерттеуді қолға алып, бірнеше жүз ғылыми мақала жазды, диссертациялар қорғады, монографиялар жариялады. Осы жылдары ең көп қарастырылған мәселелерге – XX ғасыр басындағы еліміздегі қоғамдық-саяси қозғалыстар мен 1920-1930 жылдардағы Қазақстан тарихының саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелері жатады. Сондай-ақ 1937-1939 жылдары жаппай саяси репрессия мен оның құрбандары, 30-жылдардың басындағы елдегі аштық пен өлім, ұжымдастыруға қарсы көтерілістер мен бас көтерулер, Голощекиннің «кіші Октябрь» саясаты, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметтеріне және тағы басқа осы кезеңнің мәселелеріне арналған тақырыптар қамтылды.
Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі отандық зерттеушілердің Отан тарихының өзекті мәселелеріне қатысты зерттеулері барысында алынған ғылыми нәтижелері мен олардың ұлттық сананы нығайтуға, байытуға тигізген әсерлері мен ықпалдары өте зор болды.
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелер өте күрделі, шиеленісті болса да, мемлекет тарихтың рөлі мен маңызын түсіне келе, 1993 жылы алғаш рет ел Үкіметі тарихи мәселеге қатысты арнайы «Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын атап өту туралы» қаулы қабылдады. Бұл қаулы 1643-1644 жылғы қыс айларында саны аз қазақ әскерінің өзінен бірнеше есе көп жоңғарды жеңіліске ұшыратқанын мерекелеумен қатар, тарихшыларымызға қазақ халқының XVII-XVIII ғасырлардағы тарихы мен тарихи тұлғаларын кең түрде зерттеуге серпін берді. Осы кезде қаншама батырымыз, биіміз және тағы басқа тарихи тұлғаларымыз халқымен қайта қауышты.
Ұлы даладағы руханият бастаулары мен халқымыздың этногенезінің, жеріміздегі мемлекеттілік тарихының қазіргі жыл санаудан бірнеше мың жыл бұрын басталғандығы айтылып, бүгінге дейінгі тарихымыздың мәселелері жалпы философиялық тұрғыда қарастырылады.
«Шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналған» үшінші онжылдықта мемлекеттіміздің ұлт тарихына ерекше назар аударғанының көрінісі – Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығын атап өтуі.
2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанда «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың – 750 жылдығы және Абайдың 175 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Сананың нығаюы мен тарихымызға деген ұлттық мақтаныш сезімнің қалыптасуына тарихты оқудың маңызы зор екендігі айқындалды.
Кезінде бір ғұламаның «Ұлттық сананы оятып, дамытуда тарихтың атқарар рөлін ешбір қоғамдық ғылым атқара алмайды» деген сөзінің растығына көз жеткізгендей болдық. Біз Тәуелсіздік құрдастары ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген тәуелсіздігімізді ұстап тұруға барлық біліміміз бен күш-жігерімізді жұмсауға, ата-баба аманатына адал болуға міндеттіміз!
Бауыржан Алатаев,
Еңбекші ауылдық №39 орта мектептің тарих пәнінің оқытушысы