«Адам рухани дүниесін сыртқы табиғат құбылысын тану арқылы қалыптастырды да, өзін жалпы жаратылыстың бір пұшпағы ретінде сезіне біледі»- деп қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов айтқандай, 1968 жылы 28 тамызда Арқалық қаласында дүниеге келген Жадыра Бауыржанқызы жас кезінен елгезек, өткір мінезді, әрі музыкаға қабілетті қыз болып қалыптасты.
Сұңғыла қыз мектеп қабырғасынан-ақ фортепианода сауатты ойнайтын еді. 1985 жылы Арқалық қаласындағы музыкалық училищесіне түсіп, оны бітірген соң Алматы қаласындағы Қазақ педагогикалық институтының музыка бөліміне түскен Жадыра әлем музыкасының ірі тұлғалары И.С.Бах, Бетховен, Гендель, Моцарт, Вагнер, Чайковский, Глинканың ғажайып әуендерінен өмірдің тәтті шақтары мен қоршаған ортаның мың құбылған құбылыстарын дыбыстар арқылы түсіне алатын маман болып шықты. Сан түрлі білім ордаларында музыка, әрі тарих пәнінен сабақ берген алғыр ұстаз уақыт өте келе тарих пәніне біржолата ауысты. Ол жаратылысынан дарынды болды. Қандай істі қолға алмасын, түбіне жетпейінше тыным алмайтын Жадыра Қисықова тарих сабағын түрлі ғылыми деректермен, сан түрлі дәйектермен салыстыра отырып шәкірттерінің санасына құя білді. «Жақсы ұстаз-өз еркіңізбен өзіңіз ешқашан жасамайтын заттарды жасатады, бұл сіздің қабілеттеріңізді ашуға көмектеседі»-деп бір батыс ойшылы айтқандай, биылғы жылы Абай атындағы №3 орта мектепте Жадыра Қисықбаева жетекшілік ететін 10 б сыныбының бес оқушысы: Рамиля Чемирова, Ким Кристина, Миронова Карина, Төлепбергенова Сабина, Чен Варелиялар мектепті «Алтын белгімен» бітірсе, екі оқушысы Набия Талапова, Александра Шумилина «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Кеудесінде ҚР-ның «Білім беру саласының үздігі», «Көшбасшы-педагог» белгілері жарқыраған, 2020 жылы Астана қаласында өткен мұғалімдердің республикалық өре байқауында «Инновациялық технологияларды білім саласына енгізу» тақырыбында үлкен біліктілігімен көзге түскен Жадыра бірінші орынды иеленген жан болатын. Міне, биыл бес оқушысы «Алтын белгіге», екі оқушысы «Үздік аттестатқа» бітіріп, ұстаз мерейін асқақтатып отыр. Ұстаз мәртебесі деген осы да!
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»