Ресейдегі 1905 жылғы күздегі шаруалардың жаппай көтерілісінде жұмысшы табының беделі мен азаттық қозғалысындағы басшылық рөлі артты. Сондықтан, патша өкіметі жиі толқулар ошағы болған аймақтардан Қазақстанға 1907 -1912 жылдары Еуропалық бөліктерінен 2 млн 400 мың адамды қоныстандырды. 1917 жылға дейін 45 млн. десятина ең құнарлы дейтін жерлерді қоныс аударушыларға жергілікті тұрғындардан тартып алынып, оларды таулар мен құнарсыз жерлерге ығыстырды. Суы жоқ, мал жаятын шабындықтың болмауынан қазақ — қырғыз халқының кедейленген тобыры пайда болды.
Қазақ жерлерін күшпен тартып алу жергілікті халықтармен орыс — украин қоныстанушыларының арасындағы қайшылықтарды одан әрі шиеліністіріп, жер мәселесі жөніндегі күштеу саясаты шеткі аймақтарда да кеңінен тарады. Сонымен қатар 1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Одан әрі патша чиновниктері және жергілікті әкімдердің, байлардың зорлық — зомбылығы күшейіп, Қазақстанда отарлауды күшейте берді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді, шаруалардың ірі-қара малы мен мал азығын соғыс қажетіне алу күшейді. 1916 жылғы 25 — маусымдағы жарлығы “Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереженің” қабылдануы әлеуметтік жағдайы мүшкіл топтың наразылығын күшейтті. Жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде Қазақстанның далалық облыстарынан — 100 мыңнан астам, Жетісудан 87 мың адам жіберу көзделді. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жас мөлшерінің асып кеткендігіне қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын “қара тізімге қосты”, ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын тапты. Міне осы тұсқа халық арасында кең таралған «Самалтау» әнінің шығу тарихы да тұспа- тұс келіп отыр.
100 жыл бұрынғы халық наразылығы куәсінің бірі – халық әні ретінде танымал «Самалтау». «Самалтау, өскен елім, шалқар көлім, Не болар солдат болып көрген күнім. Есіме қайта-қайта түсе бердің, Кір-жуып, кіндік кескен туған жерім» деп басталатын ән мылтықтың дүмімен, зорлықтың күшімен кетіп бара жатқан бозбаланың сол сәттегі күйін бейнелейді. Қазақ халқының дәстүрлі әндеріннің ішіндегі ауыр әндердің бірі десек болады. Әннің мәтініне, айтылу ерекшелігіне қарап, Арқа жақта туған ән екенін байқауға болады. Бірақ қанша ізденгенмен әнде айтылатын «Самалтау» деген жер табылмаған. Жердің де аты ұмытылып кеткен болу керек. Тіпті осыны шығарған әншінің өзі де сол кеткеннен қайтып оралмаған болуы мүмкін. 1916 жылғы оқиғаға қатысты туған әндердің енді бірі – қазір халық әні ретінде белгілі «Қанатталды». Әннің бұрынғы мәтінін 1891-1956 жылдары өмір сүрген әнші әрі композитор Қосымжан Бабақовтың баласы Мұхамедияр ақсақалдан жазып алған екен. Мамандығы суретші ақсақал бұл әнді әкесінен естіген екен. Ал әннің авторы Сәтмағамбет деген кісі Қосымжан Бабақовпен аралас-құралас болған екені, анық болған. Оның дерегінше, белгілі әнші Жүсіпбек Елебеков 1931 жылы Алматыға алғаш келгенде айтқан «Қанатталды» әнін тыңдаған белгілі адамдардың бірі саяси сақтықпен әннің сөзін өзгерттірген. Әннің «Бұрынғы қолдағы істің бәрі қалды, Біртіндеп төл мінезді заман азды. Асылзат шаһибаздар шабыт таппай, Шөлге ұшып, сайын далада қанат талды» деп келетін сөзі өзгертіліп: «Әндердің ұлы атасы «Қанатталды», Арқада аңыратып Сәтжан салды. Талдырып, тамылжытып шырқағанда, Үзілтіп, естігенде жұрт таңқалды» деп орындалып, ел арасына таралған екен. Ол кезде байлар балаларын жібермеу үшін орнына кедейдің балаларын жасы толмаса да «жасы толды» деп жазып, салып жіберетін жағдайдар кездескен. Сондай бір кедейдің баласын әскер қатарын алып бара жатады. Әке-шешесі қарттау адамдар болса керек. «Балам, енді сені көреміз бе, көрмейміз бе? Жасымыз болса келіп қалды» деп жылағанда етектері жасқа толыпты. Қазанғап сол оқиғаны көзімен көріп, әке-шешесінің баласымен қоштасуын күй тіліне салып, халыққа жеткізіп отырған. Қазақ халқының дәстүрлі музыкасын насихаттаушы мамандар 1916 жылғы көтеріліс жайлы ән-күйлердің санаулы болуын елдің 20-ғасыр басында жолыққан қиыншылықтарынан көреді.1916 жылдан кейін қазақтың әні де кетті, сәні де кетті. Ұлы дүрбелеңнен кейін қазақ ес жия алған жоқ, ән айтуға жағдайы болмады. Қазан төңкерісі басталды. Одан кейін Совет Одағы орнады. Ылғи науқан – үнемі халық жауларын іздеу, ату, асу, талқандау болған.Ол совет үкіметін орнатуға үгіттейтін науқаншыл әндер шыққан кезден ұлт-азаттық көтеріліске қатысты әндер ұмытыла бастаған. «Самалтаудың» өзі архивте қалып қойып, кейін шықты. «Қанатталдыдан» бастап 200-ге жуық ән «сотталған», яғни оларды айтуға тыйым салынған. Соның салдарынан өткен кезеңді суреттейтін әннің көпшілігі ұмытылған.
Шүкір, жуырда Димаш Құдайберген Қытайдың Фучжоу қаласында өткен VI халықаралық «Жібек жолы» кинофестивалінің жабылу салтанатында қазақтың халық әні «Самалтауды» орындады. Әнге заманауи өңдеу жасалып, қобызбен сүйемелденген. Жастардың қызығушылығын оятқан бұл туындының өміршең екендігі айтпаса да түсінікті.
Айнұр Қыдырова,
«Саяси қуғын – сүргін құрбандары» музейінің экскурсия жүргізушісі