Соңғы уақытта қауіпті вирустың мутацияланған үнділік «Дельта» штамының пайда болуы жағдайды күрделендіре түсті. Қатерлі дерттің өршу фактілері бойынша Алматы облысы әлі де «қызыл аймақта» тұр. Алматы қаласына іргелес Талғар ауданында да 2 тамыздан бастап карантиндік сақтық шаралары күшейтілгені белгілі. Өткен тәулікте, яғни 10 тамыз 64 адам коронавирус жұқтырған. Олардың 52-де ауыру белгілері байқалған, қалғандары симтомсыз сырқаттар. Бүгінде олардың барлығы амбулаториялық ем қабылдап жатыр. 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «COVID-19» жұқтырғандар саны 4403 адамды құрап отыр. Олардың ішінде 419-ы –14 жасқа дейінгі балалар.
Аудан аумағында эпидемиологиялық бақылауды күшейту үшін 2020 жылдан бастап 75925 адамнан ПТР сынамалары алынып, нәтижесінде 4403 адамнан ковид анықталған. Оның ішінде 3277 науқаста ауру белгілері бар болған, ал 1126-ы симптомсыз сырқаттар. Соңғы деректер бойынша, коронавирус инфекциясын жұқтырған 318 науқас амбулаториялық ем қабылдауда, 874 адам үй карантинінде.
Бүгінгі таңда Талғар аудандық провизорлық стационарларында барлығы 387 адам пневмония және тұмау (ОРВИ) диагнозымен емделуде, олардың аудандық орталық ауруханада 268 науқас, Панфилов ауылындағы ауылдық ауруханада 119 адам ем қабылдап жатыр.
Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін аудан бойынша вакцина қабылдау көрсеткіші күн сайын арта түсуде. Екпе салдыру аудан аумағындағы 23 егу пунктісі арқылы жүзеге асырылуда. 10 тамыз күнгі деректер бойынша барлығы 50725 вакцина жеткізіліп, оның 42142-і егілді. Тарқатар болсақ, «Спутник V» вакцинасының 45315 бірінші компоненті жеткізіліп, 37084 адам екпе алып үлгерді. Одан кейінгі келіп түскен 32300 дана екінші компонентін 28161 адам қабылдады. «Hayat-Vax»вакцинасының 2200 бірінші компоненті толықтай егілді, екінші компонентінің 2161 данасы қолданылды. «Короновак» вакцинасының 2400 бірінші компоненті жеткізіліп, онымен 2398 адамға екпе жүргізілсе, кейіннен келіп түскен 2400 дана екінші компонентін 2291 адам алды. «QazVac» вакцинасының 810 дана бірінші компонентініңи 458-і толықтай қолданылса, екінші компонентінің 246 данасы егілді. Қауіпті індетке қарсы вакцина тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылуда.
Райхан Азимова,
«Талғар»