Төртінші нұсқа талқыланды

Төртінші нұсқа талқыланды

«Қазақ тілі латын графикасына көшу керек» деген бастама көтерілгелі солақай саясаттың кесірінен кириллицаланып кеткен әліпбиіміз өз бастауына оралатын болды деп бір қуанып қалдық. Көп ұзамай тіл мамандары жеделдетіп әліпбидің екі нұсқасын ұсынды.

Бірақ қоғамның наразылығын тудырған бұл нұсқалар сынға ұшырап, бекітілмей қалды. 2018 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына кө­шіру туралы» 2017 жылғы Жарлығына өзгеріс енгізу туралы қаулы қабылдап, диакрити­калық таңбамен белгіленген үшінші нұсқаға назар аудартты. Бірақ диграфты латынша әліпби де көпшіліктің көңіліне жақпай, қоғамдық талқылаудан өтпей қалды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды». Көзін жұмып латынға топ етіп ауысқан елдердің қалай қиналғанын білеміз. Басты шарт – тілдің үндестік заңын, дыбыстық-мағыналық құрылымын, буын мен тасымал жігі мен сөйлеу ырғағын бұзбау» дегенді басшылыққа алған жауапты мамандар тағы екі жыл әлдеқайда ыңғайлы нұсқа үшін жұмыс жасады. Нәтижесінде жыл басында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өткізіліп, латын алфавитінің жаңа-төртінші нұсқасы ұсынылды. «Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жыл­дан бастап 2031 жыл аралығында жоспар­ланып отыр», — деп мәлімдеген ҚР Премьер-министрі А.Мамин қоғамдық пікірлерді де ескеру керектігін айтқан болатын. Сондай ашық талқылаудың бірі Талғарда да өтті.

Гүлмира Жақыпбек, Талғар аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы:

— Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмысы өте қажет. Меніңше, соңғы бекітілген қазақ-латын әліпбиі бұрынғы нұсқаларға қарағанда әлдеқайда жаңартылған және жетілдірілген. Негізінде, жаңа әліпбиді жасаушылар тек «тіліміздегі сөздерді қалай жазамыз» дегенді ғана көбірек ойлай бермей, олардың «ол әріптерді қайтсек оқушыларға үйрету оңайға түседі» дегенді де есте ұстағаны абзал болар еді. Алдағы уақытта оқыту сабақтары басталса, міндетті түрде қатысамын деп шештім.

Аудандық кітапхананың залына жи­нал­­­ған аудандық мекемелердің жас ма­ман­дары, кітапханашылар мен БАҚ өкіл­дері алдымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фа­рида Мамырбекқызының алғысөзіне құлақ түрді. Қашан да ұлттық сана мен сапаны өсірмей елдің намысын жыртамыз деп кеуде қаққаннан перзенттік парыз өтелмейтіндігін жата жастана айтып жүретін басшы бұл жолы да болашақ үшін алаңдайтын сәт туғанын ашына жеткізді. «Бұл мәселеде әліпби әліпбиге ауысады деп жеңіл қарамау керек. Астарында ата-бабадан қанымызға, жанымызға сіңіп қалған ұлттық ой-сана жатыр. Онсыз да тіліміздің тілім-тілім болып жүргені аз емес. Немқұрайдылық танытып, жүрдім-бардым қарасақ барымыздан айрыламыз. Бүгінгі шараға болашақтың тірегі деп жастарды шақырып отырғанымыз да сондықтан», — деп, сөз кезегін Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Гүлнәр Мамырбаеваға берді. Әліпби жайлы айтыла бастағаннан басы-қасында жүрген тіл маманы бұл жолы да қамшы салдырған жоқ. Филология ғылымының кандидаты Айнұр Сейітбекованың баян­дамасын басшылыққа ала отырып дайындаған слайд арқылы жаңа нұсқаның артықшылықтарын қарапайым тілмен түсіндіріп берді. «Үкіметтің мәліметінше, жаңа әліпби 40-тан аса нұсқаның ішінен таңдалған. Бұл нұсқада 31 әріп бар. Әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут (), макрон (ˉ), седиль («), бревис (,) диакритикалық таңбалары қолданылған»- деп түсіндіріп өткен оқытушы жетілдірілген әліпби нұс­қасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беретіндігін атай кетті. Тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға мұқият жауап беріп, латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қар­қын­ды жұмыс жүргізу керектігін алға тартты.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»