Талғарда да – «Ashyq»
Карантиннің кесірінен кәсібі тұралап қалған кәсіпкерлер үшін тиімді тәсіл табылды. Ол – «Ashyq» мобильді қосымшасы. Республика көлемінде пилотты түрде жүзеге асып жатқан жоба Талғарға да келді. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 11 маусымдағы №27 қаулысына сәйкес, 14 маусымнан бастап аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы «Ashyq» сервисі арқылы клиенттерді қабылдай бастады. Теріс немесе бейтарап мәртебесі бар талғарлықтар енді еш кедергісіз мемлекеттік қызметтерді алуына болады. Әрине бұл «жасыл аймаққа» өттік деп немқұрайдылыққа салынуға болмайтын қауіпсіздіктің басты кепілі. Яғни, халықтың мемлекеттік қызметтерді пайдалану үшін алдын ала кезек алуға мүмкіндігі болады, сөйте тұра санитарлық талаптарды қатаң сақтау күн тәртібінен түспейді. Келушілер бетперде тағуға міндетті.
Айжан Салитова, аудандық ХҚКО маманы:
— Қаланың әрбір фронт-офисіне сканерлеу үшін арнайы дербес QR-коды бізге де берілді. QR код ғимаратқа кіре берісте ілінді. Келушілер мобильді қосымшаны алдымен телефонға жүктеп, нөмірі бойынша тіркелуі тиіс. Кейін QR-кодты сканерлеп, ЖСН нөмірін енгізеді. Сол кезде 4 түстің біреуі жанады. ПТР тест тапсырмасаңыз және вирус жұқтырмаған болсаңыз — КӨК түс, ПТР тест тапсырып, теріс нәтиже көрсеткен болса — ЖАСЫЛ жанады. Ал науқастармен байланыста болғандарға — САРЫ, коронавирус жұқтырғандарға — ҚЫЗЫЛ түс шығады. Сары мен қызыл түс көрсетсе, сіз фитнес орталықтары, спа салондары, бассейін, сауна мен компьютер клубтарына кіре алмайсыз.Бұл заманауи сервис негізінде мекемелер клиенттерді көбірек қабылдап қана қоймай, сонымен қатар қызметкерлер мен келушілердің аман-саулығын қамтамасыз ете алады. Егер қызметті алушыда «Ashyq» қосымшасы болмаса, жақында ғана «Ashyq» функционалы енгізілген «eGov mobile», «Kaspi.kz» және «Halyk Homebank» қосымшаларын пайдалана алады. Осы қосымшалар болмаса да, мәртебеңізді ХҚКО қызметкерлері ЖСН бойынша анықтап береді. Бүгінгі күнге дейін «сары», «қызыл» мәртебелер анықталған жоқ.
COVID-19 таратпау үшін бүгінде аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше Ashyq жобасы бойынша бірнеше нысан жұмысын бастап кеткен. Олардың қатарында «Байтемир», «Көлсай», «Аура», «Тау самалы», «DODO Pizza» кафелері, «TITAN FIT» фитнес клубы, жеке кәсіпкер «Муханов», «DNK Group» ЖШС, «Коре» караоке клубы бар.
— «Ashyq» бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің саны алдағы уақытта да арттыру көзделуде. Әрине ол елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Жалпы бұл жобаға қатысуға ниетті кәсіпкерлер «info.kazakhstan» сайты арқылы өтініш береді. Сонан соң, оларға арнайы QR код беріледі. Сәйкесінше әр кәсіпкерлік нысанның кіре берісіне QR код жүйесі орнатылады,– дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Еркін Алдатаев.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»