31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Тарихымыздың қайғы қасіретке толы 1937-38 жылдары қан ішіп, қара жамылмаған отбасы кемде кем болған. Осы Сталиндік зұлмат жылдары талай қазақ баласына жазықсыздан жазықсыз «сатқын», «халық жауы» деген жала жабылып, талай-талай парасатты қайраткерлер мен Алаштың арыстай ұлдары құрбан болды.
Жауапқа 12 жастағы баладан бастап тартылсын деген бұйрық та болған. Сол кезеңде НКВД жұмысшыларының жағдайы жақсарып, айлық жалақылары көбейіп, түрлі марапаттарға ие болған. Сотсыз үкім шығарушы органдарда «екілік», «үштіктер» күшейе түсті. Олар тұтқындағыларды сырттай жоғарғы жазаға ұшыратты. Сол нәубат жылдарда халқымыздың жалпы санының жетпіс пайызға жуығы қырылған. Елімізде 1997 жылдан бастап Елбасының жарлығы бойынша, жыл сайын 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып атап өтіледі. Жазықсыз жаланың құрбаны болған жандарды мәңгілік есте сақтау мақсатында ескерткіштер қойылып, кітаптар жазылып, музейлер ашылуда. Сондай музейдің бірі ауданымыздағы Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі. Музей экспозициясы үш залдан тұрады:
— Қазақстандағы 1916-1986 жж. аралығындағы қуғын-сүргін тарихы;
— Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу;
— «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы және оның қызметі.
Музейде құрбандардың жеке заттары мен архивтік құжаттары және бейнесуреттер сақтаулы. Сонымен қатар қайғы-қасірет жылдарындағы темір торға түскендердің мұң-шерін сездіретін «Тергеу бөлмесі», «Ату бөлмесі», «Абақтыдағы әйелдер бөлмесі», «Аналарынан айырылған балалар» атты диарамалар безендірілген. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу залында Алматы облысы бойынша осы аумақта жерленген 4125 адамның есімі қара тасқа қашалып жазылған. Ақпараттық дүңгершектер арқылы мәліметтерді білуге болады. Бүгінгі таңда бұл тізім толықтыру үстінде. Егер сіздің қуғын-сүргін құрбаны болған тума-туыстарыңыздың құжаттары, жеке заттары болса бізге ұсынуларыңызды сұраймыз. Еліміздің ел болуы жолындағы құрбан болған арыстарымызды ұмытпайық. Ешкім де, ештеңе де ұмыт қалмауы керек.
Р. Абдикаимова,
«Саяси қуғын-сүргін құрбандары»
музейінің қор сақтаушысы