Бейбіт күннің батыры
Біз тәртіп сақшыларын қоғамда көрініс тапқан құқық бұзушылықтарды реттеп, олардың салдары мен себептерін анықтайтын қызметкер деп түсінеміз. Алайда, полиция қызметінің қаншалықты күрделі һәм қауіпті екеніне мән бермейміз.
Бейбіт елде ғұмыр кешіп жатқанымызбен, түрлі айтып келмейтін апаттардың кесірінен қызмет бабымен жүріп қаза тапқан сақшылар қаншама. Күнделікті өмірде адам жанын ажалдан арашалап, тосыннан келетін тілсіз жаудан сақтап қалған сақшылардың ерлігі – ерен. Міне, осындай өз қызметтерінде жасаған ерліктерін, ерлік емес басты міндетіміз деп жүрген полиция қызметкері капитан Жұмабеков Дархан Байжұмаұлын – бүгінгі күннің батыры деуге әбден лайық.
Айта кетсек, 24 сәуір күні Бесқайнар ауылдық округіндегі Қотырбұлақ өзенінің бойынан өрт шыққан болатын. Өрт туралы ақпаратты естіген бойда участкелік полиция инспекторы Дархан Жұмабеков өрт сөндірушілерге дереу хабар беріп, өзі оқиға орнына жетеді. Тілсіз жаудың аса жылдамдықпен өршіп бара жатқанын көрген ол өрт қызметкерлерінің келуін күтпестен алдын алуға кіріседі. Ауыл тұрғындарына нұсқау бере отырып, тілсіз жауды ауыздықтап тұрғын үйлерге төнген қауіптен құтқарады.
Ауыл тұрғындары сол күні ерлігімен көзге түскен полиция капитанына әлеуметтік желі арқылы алғыстарын білдіріп, полиция департаментінің басшысы генерал-майор С.М Құдабаевқа жолдайды.
«Адамдарға, қоғамға төнген қауіптен құтқару біріншіден менің азаматтық борышым болса, екіншіден кәсіби міндетім. Қызметте жүрмесем де мен сол қадамды қайталайтын едім. Өйткені бала кездегі ата-анадан алған тәрбиеміз, қанға сіңген қасиетіміз, болмысымыз бөлек. Қиналғанға қол ұшын беруге қашанда дайынмын»,- дейді полиция капитаны Дархан Байжұмаұлы.
Ерекше ерлік көрсеткен участкелік инспектор Дархан Жұмабековты 19-мамыр күні аудан әкімі Қайдар Әбдіхановтың тапсырмасымен аудан әкімінің орынбасары Барлық Төреханов қабылдап, аудан әкімінің және облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының «Алғыс хаттарымен марапаттады.
Иә, мұндай қызметке адалдық, тазалық пен өз ісіне деген шынайылық нағыз ерліктен туындайды. Ал, Абайша айтқанда, «Ерлік жасай білу – жүректегі қайраттан» екендігін талғарлық полиция қызметкерлері дәлелдеп берді. Бұл тұста біз, қызметтік міндеттерін адал атқарып қана қоймай, кей сәттерде жанын қиюдан да жасқанбайтын жерлес жігіттермен мақтана аламыз. Ел сенімін ақтап, «жаным арымның садағасы» деп, үлкен абыроймен қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейтін ауыр да жауапты іс. Міне, сондықтан, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу, қиналғанға қолдау білдіріп, халық қамын ойлап жүрген полиция қызметкерлерінің ерен ерліктерін ұрпаққа үлгі тұту мақсатында дәріптеуді басты міндет санадық.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»