Жүрегі жылы, пейілі кең мейірімді жандар әрдайым жанашырлық танытып, жақсылық жасауға дайын тұрады. Мұқтаж жандарға қол ұшын беру – дін тілімен айтқанда үлкен сауап, пендешілік тілмен айтқанда жұртшылықты ризашылыққа бөлейтін ізгі амал.
Бұл туралы ата-бабаларымыз: «жанашырлыққа жан риза», «садақа – береке кілті» деп, мейірімді, қайырымды болуға үндеген. Қайырымдылық көмек көрсету, сауабы мол игі шараны ұйымдастыру жағынан аудан мешіттерінің имамдары, дін өкілдері де ешқашан шет қалған емес. Әрбір жақсылықтың сауабы мың есеге артатын қасиетті Рамазан айы мұсылмандар үшін ең ұлық мерекенің бірі — Ораза айтқа ұласып, «Қайырымды істер марафоны» әрі қарай да жалғасын тапты. Міне, осынау ұлық мереке күндері Талғар қаласында жуырда ғана ашылған «Әбу Бәкір әс-Сыддық» мешітінде қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды. Мешіт ауласында әлеуметтік жағынан аз қамтылған 100 отбасыға азық-түлік жиынтығын құрайтын айттық қоржындар таратылды. Талғар ауданының имамы Қажымұқан Қамбарұлының ұйымдастыруымен өткен игі шарада жалғыз басты аналар, көпбалалы отбасылар қамтылды. Дәл осындай қайырымдылық шаралары ауданымыздың барлық мешіттерінде өткізіліп, мыңнан аса жанұяға көмек көрсетілді. Мешіттер тарапынан ұдайы қайырымдылық көмек көріп тұратын отбасылар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ерекше бастамасына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Талғар-ақпарат