Адамзат тарихындағы аса ірі де қасіретті оқиға – екінші дүниежүзілік соғыс. Ал кешегі КСРО мемлекеті құрамындағы халықтар үшін ол Ұлы Отан соғысы болды. Биыл ТМД елдері осы соғыстағы ортақ ұлы Жеңістің 76 жылдығын мерекелеуде. Кешегі үлкен империя КСРО халықтары Жеңістің 45 жылдығын 1990 жылы бір мемлекет шеңберінде соңғы рет атап өтті. Содан бері адамзат тарихының мазмұны мен барысына үлкен бетбұрыс әкелген аса ірі оқиғаға, оның маңызына, сол жылдардағы халықтың жанқиярлық ерлігіне көзқарас өзгере бастады. Оның қадірі ел, әсіресе жас ұрпақ санасында бәсеңсігендей болды. Ол туралы аз айтыла бастады. Әрине, оның әртүрлі себептері бар.
Ең алдымен, біріншіден, сол ғаламат соғыста он бес одақтас республикалардағы жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың ұлдары мен қыздары жанталаса қорғаған КСРО ыдырады. Екіншіден, сол соғыстағы Жеңістің басты ұйымдастырушысы, сөйтіп рухтандырушы күші деп есептелінген және Жеңістің басты насихатшысы болған, маңызын ұрпақтардың санасына сіңіру үшін бүкіл иделогиялық әуелетін пайдаланған КОКП өз функционерлерінің саяси бақталастығы мен мансап үшін күресі салдарынан тарап, тарих сахнасынан абыройсыз кетті. Үшіншіден, ұлы жеңістің басты күші, әскери-рухани мұрагері, дәстүрлі жалғастырушысы және оның мәңгілік символындай көрінетін КСРО Қарулы күштері- Кеңес Армиясы тарап, Ұлы Отан соғысы майдандарында миллиондаған боздақ қолын алып ант беріп, қасиеттеп, құрметтеген, Рейхстагта жеңіс рәмізі ретінде асқақтаған Қызыл ту ТМД елдерінің ешқайсысының мемлекеттік рәміздерінде сақталмай, тарихи музейлерінің ғана еншісіне ауысты. Төртіншіден, мемлекеттік идеологиялардың, мақсаттардың өзгеруіне байланысты, КСРО-ның тарауынан және жоқтығынан Батыс, тіпті ТМД елдерінде Ұлы Отан соғысына, оның қорытындылары мен ондағы Жеңістің сипатына әртүрлі көзқарастар пайда бола бастап, оның маңызына көлеңке түсті. Бесіншіден, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің басты қаһарманы әрі символы-соғыс ардагерлері қатарының жыл сайын азайып, ал бүгінгі тірілерінің өздері қан төгіп, жанқиярлықпен қорғаған ортақ Отан-КСРО-ның ыдырауы олардың рухын төмендетіп, соққы болғанын, бүкіл өмірлерінің мәні мен қорытындысына дақ түсіргенін, жастарының ұлғайып, қоғамдық белсенділігінің төмендеуіне әсер еткенін де айту, мойындау қажет.
Ұлы Жеңіске әртүрлі көзқарастар пайда болды. Бір кезде шын жеңімпаздардың кім екендігі, қай мемлекет пен халықтың жеңіске қандай үлес қосқаны даусыз айқын болса, енді қазіргі постмодерндік Еуропаның тарихи және саяси жадында әлдеқашан тарихтың ескі үйіндісіне кеткен саяси қара күйелер қайта бықсып, жандана бастады. Тарихи және саяси тұрғыдан әлдеқашан түпкілікті және даусыз айқындалған мәселелер қазіргі саясаттың күн тәртібіне шығуда. Тарихи бұрмалаудың басты нысанасына кеңес халқының- біздің әкелеріміздің Жеңісі ілінді. Ол бұрын да болған. Бірақ соңғы кезеңде ол соншама ашық жүргізілуде. Еуропада соңғы жылдары кеңес солдатының-біздің әкелеріміздің азаттық миссиясын- «демократияның жеңілісі», кеңес солдатының ерлігін- «тағылық», әскери қылмыстарды- «геноцид» деп атай, бағалай бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихын қайта жазуға , Нюрнберг процесінің қорытындыларын қайта қарауға деген пиғыл бойын көтерді. Осының барлығы бізге екінші дүниежүзілік , Ұлы Отан соғысы туралы шындықты жас ұрпақ санасына қайта-қайта жеткізіп отыруды міндеттейді.
Көлемі, қаталдығы, адам және материалдық шығыны жағынан екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы, ең жойқын соғыс болды. Ол дүниежүзі халықтарының бестен төртінің тағдырына әсер етті. Соғыс қимылдары әлемнің 40 мемлекетінің аумағында жүрді. Ең соңғы деректер бойынша бұл алапатта 60 млн.адам қаза тапты. Кеңес Одағының адам шығыны ресми түрде 27 млн.деп есептеледі.
Әлем 1941 жылы соғысты кім бастап, оған адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген қандай қатер төніп тұрғанын бірден сезді. Оны сол кездегі үлкен саясаттағы беделді де әккі қайраткерлердің бірі, кеңестік құрылыс пен идеологияның бітіспес қарсыласы болып есептелетін Ұлыбританияның премьер-министрі У,Черчилльдің өз халқына 1941 жылғы 22 маусым күнгі кешегі радио үндеуінен бірден түсінуге болатын еді. Черчилль сөзін: «Соңғы 25 жыл бойы коммунизмнің дәл мендей ең дәйекті, табанды қарсыласы болған емес. Мен осы уақытқа дейінгі бірде бір сөзімнен бас тартпаймын. Бірақ оның барлығы қазіргі біздің көз алдымызда басталған алапатпен салыстырғанда күңгірт тартады. Сөйтіп өз ошағын қорғаушы әр орыс солдатының ісі енді жер шарының барлық түкпіріндегі еркін адамдардың төл ісі болып табылады», деп ол бүкіл Еуропаны Кеңес Одағын қолдауға шақырды.
Бүгінгі ұрпаққа Ұлы Отан соғысындағы Кеңес Одағы мен оның халықтарының жеңісінің негізгі факторлары туралы айту парыз. Оны жас ұрпақ білуі керек. Ол соғыстағы жеңістің қайнар көздері, негіздері мен қозғаушы күштері туралы ондаған, тіпті мыңдаған еңбектер жазылған. Соларды оқып, талдасаңыз, негізінен мынадай қорытындыға келуге болады.
Ең бірінші фактор- адамдық және рухани фактор. Кеңес адамдары жаппай ерлік пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Адам рухы мен қайсарлығы, Отанына адалдығы соғыстағы жеңістің негізгі факторы- қайнар көзі болды. Тарихи шындық үшін мынадай фактіні де еске алу керек. Кеңес өкіметі орнаған 24 жыл ішінде халық елдегі жағымды әлеуеттік өзгерістердің алғашқы жемісін көре бастаған еді. Сондықтан бүгінгі кейбір саясаткерлер, саясаттанушы және тарихшы ғалымдар қалай айтса да, елдің басым көпшілігі өз өкіметінің саясатына сенді, өмірге оптимизиммен қарады және өздерінің елдегі жаңа өзгерістердің қатысушысы болғандығын мақтан тұтты. Енді, Ұлы Отан соғысы басталысымен, елге ерекше қаратүнек қатер төніп, әр адамның өміріне, бостандығына ел намысы мен мемлекеттігіне қауіп төнгенін сезгенде кеңес азаматтарының ел тағдыры үшін айырықша жауапкершілік сезімі пайда болды. Екінші фактор-Кеңес Одағы халықтарының бірлігі, бірлескен интернационалдық ерлігі, барлық одақтас республикалардың ұлы Жеңіске қосқан ортақ үлесі. Қазіргі кезеңде бұл туралы айту кейбір идеологтар ұстанымы бойынша маңызды емес сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ тарихи шындық солай. Халықтар достығы-ұлы Жеңістің басты факторларының бірі екендігі-бұлтартпас шындық. Үшінші фактор- Ұлы Отан соғысының азаттық, әділеттілік мазмұны мен болмысынан туындайтын халықтық сипатта болуы. Неміс фашистері кеңес адамдарын құл етуді ойлады. Кезінде Кеңес өкіметі қудалаған немесе оған өкпелі, оның тәртібін қабылдамағандардың өздері қолына қару алып, Отаны үшін майданда қан төккенін көптеген құжаттар растайды. Соғыстың әділетті сипаты қоғамды топтастырды, ұрпақтар мен әлеуметтік топтар арасында бұрын болмаған, рухани бірлік пен ынтымаққа қол жеткізді. Ортақ мүддеде тіпті діндарлар мен атеистер де бірікті.
Екінші дүниежүзілік соғыс, кеңес-герман майданындағы ахуал туралы шындықты жазған адамдардың бірі гитлерлік Германияның белгілі әскербасшысы генерал Г.Гудериан еді. Ол өзінің «Солдат естеліктерінде» былай дейді: «Орыс жұртшылығының сол кездегі көңіл-күйін сол күндері (1941) мен өзім Орел қаласында әңгімелескен, кезінде патша армиясына қызмет еткен қарт генералдың сөздеріне қарап бағалауға болар еді. Ол былай деді: «Егер осыдан 20 жыл бұрын келгенде сіздерді біз зор өрлеумен қарсы алған болар едік. Енді өте кеш. Біз жаңа ғана есімізді жиып, жақсы өмір сүре бастап едік. Сіздер келдіңіздер де жиырма жылға кейінге лақтырып тастадыңыздар. Енді біздің барлығын тағыда жаңадан бастауымыз керек. Сондықтан біз қалай болғанда да Ресей үшін күресеміз және бұл істе біз бәріміз біртұтаспыз».
Патша әскері қарт генералының сөзіндегі шындықтың тамыры терең. Кеңес халқы отызыншы жылдардың қиындығынан ес жинап, еңбегінің жемісін көріп, білім алып, балаларын енді ғана оқытып, бейбіт өмірдің дәмін тата бастаған болатын. Соғысқа аттанған мыңдаған қазақтар да өз ұрпақтарының болашағы мен тыныш өмірі үшін күрескен еді. Ел экономикасының майдан қажеттеріне қанағаттандыруға өте қысқа мерзім ішінде ыңғайланғанын мына бір деректерден айқын көруге болады. Егер КСРО-ның жиынтық қорғаныс өнеркәсібі 1941 жылы 792 мың винтовка мен карабин шығарса, 1941 жылдың екінші жартысында осындай 1,5 миллион дана қаруды майданға жөнелткен. Автомат пен пулементті тиісінше 11 мың және 143 мың; авиация тиісінше 4 мың және 8,2 мың. Соғыстың соңындағы 1945 жылға қарай Кеңес Армиясы неміс басқыншыларынан қарулар мен минометтер жағынан-1,9 есе, танктер мен өздігінен жүретін артиллериялық қарулар жағынан-1,5 есе, әскери авиация жағынан 3,6 есе басым болды. Бұл көп ұлтты кеңес халқының қажымас ерлігі, инженерлер мен өндіріс ұйымдастырушыларының жанкешті еңбегі арқасында жүзеге асырылды.
Қызыл армия әскерлері 1941-1945 жылдары жаудың 607 дивизиясын талқандап, тұтқынға алды. Ал англо-америкалық әскерлер 176 дивизияны жойды. Кеңес әскерлері соғыс жылдары қарсыластарының 50 мың танктері мен штурм қаруларын (жаудың жалпы шығынының 75 пайызы), 70 мың самолетін (70 пайызы), 167 мың артиллерия құралдарын (74 пайызы) жойды.
Әлем фашистік нәсілшіл, адамзатқа қарсы, жексұрын режімінен азат болды. М.Монтень жазғандай, «жеңістің ұлылығы оның қиындықтарының мөлшерімен өлшенеді». Соғыстың аты соғыс. Қандай соғыс болса да әуелден-ақ адам, материалдық, қаржы шығындарына әкелері белгілі ақиқат. Кеңес Одағының қуатты, қатігез және әккі жаумен жүргізілген соғыстағы шығыны адам айтқысыз болды. Басқыншылар 1710 қала мен кентті, 70 мыңннан астам селоны қиратып өртеді. Кеңес Одағына келген материалдық шығындардың жалпы мөлшері сол жылдардың бағасымен есептегенде 679 млрд.рубль болса, ал Еуропаға соғыстан келген материалдық шығындар 2620 млрд.рубль болды.
Осы жерде мына бір мәселеге назар аудару керек-ол боздақтар рухы алдындағы тағзым. Біріншіден, соғысқа миллиондаған адамдар қатысса да, батыр деп мыңдаған адам ғана аталды. Ұлы Отан соғысы майдандарындағы ерлігі үшін 11 мың адамға Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, 7 млн.адам ордендер және медальдармен марапатталып, 184 мың партизан мен жасырын ұйым мүшелері КСРО ордендері және медальдарын алды. Соғыс кезіндегі тылдағы қажырлы еңбегі үшін 294 мың адам орден және медальдармен, ал 16 млн. Адам «1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Екіншіден, халық ерлігі оның ішінен сатқындар мен опасыздардың шығуы да мүмкін екендігін теріске шығара алмайды. Елдермен бірге ездер де болды. Олардың да саны аз болған жоқ. Соғыс жылдары Кеңес қарулы күштері қатарынан 994,3 мың адам сотталып, олардың 422,7 мыңына сот шешімінің орындалуы соғыс қимылы аяқталғанға дейін кейінге қалдырылып, майданға айыпты деп айдарланған әскери бөлімшелерге жіберілді, 436,6 мыңы түрмелерге отырғызылып, 135 мыңы атылды. Ал соғыс кезінде қашқындардың жалпы саны 588,7 мың адамды құрады. Олардың 376 мыңнан астамы сотталды, қалғандары табылмады. Жалпы соғыс кезіндегі бұл құбылыс кез келген армияға тән нәрсе. Мысалы, фашистік Германияның 1942 жылғы қысқы соғыс қимылының барысында гитлерлік әскери трибуналдар 62 мың офицер мен солдатты қашқындығы, өз бетімен шегінгені және бағынбағаны үшін соттаған.
Қазақстанның Ұлы Жеңіске үлесі айырықша болды. Республикамыз халық қаһарлы жылдары тас-түйіндей бекіді. Тылдағы қазақстандықтардың ерлігі туралы мына бір деректерді тағы бір еске салу орынды. Соғыс алдында Қазақстанда 6,2 млн.халық тұрса, оның 1,7 млн. әскер қатарына шақырылып, 700 мың адам еңбек армиясына жіберілді. Қазақстанда 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық кавалерия дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы құрылды. Мамандардың есептеуінше осы шаралардың нәтижесінде Қазақстан халқының соғыс қажеттеріне жұмылдырылуы 24 пайызға жеткен. Ал екі майданда бірдей соғысқан германия халқының соғысқа жұмылдырылуы 12 пайыз болған. Осы деректен-ақ тылдағы еліміз халқына қандай ауыртпалық түскенін айқын көруге болады. Салмақ әйелдер мен жасөспірімдеге түсті. Соғыс жылдары өнеркәсіпте еңбек еткендердің 50 пайызы жеңіл, сондай-ақ тамақ өнеркәсібінде 85-90 пайызы, ауыл шаруашылығында 80 пайыздан астамы әйелдер болды. Жастар жұмыс істейтіндердің 35-40 пайызын құраған. Осындай жұмысшылар құрамымен Қазақстан соғыс жылдары КСРО-да өндірілген молибденнің 60, металдық висмуттың 65, полиметалл рудаларының 79 пайызын, мыстың 35, қорғасынның 83 пайызын берді. Батыс аудандардан көшірілген 220 кәсіпорынды қабылдап, қысқа мерзімде іске қосты.
Өз халқының тұрмыстық- әлеуметтік жағдай төмен бола тұрса да республикамыз соғыс жылдары орталыққа 4829 мың тонна астық, 600 мың тонна ет тапсырды. Республика малшылары Қызыл армияға 110 мың ат берді, бұл 10 атты әскер дивизиясын құруға жетті. Соғыс өртіне шалынған аймақтардан эвакуацияланған жүз деген мың адамдарды, кейіннен саяси қуғын-сүргінге түсіп, депортацияға ұшыраған 1 миллионға жуық әртүрлі этнос өкілдерін қабылдады. Мұның бәрі республикадағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды одан әрі күрделендіргені белгілі. Халқымыз осының бәріне ерекше төзімділік көрсетіп, тағдыр талқысымен келгендерге қол ұшын берді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ал олардың қатарындағы қазақтардың саны 100 еді.
…. Иә, 1945 жылдан бері көп оқиға болды. Бірнеше ұрпақ ауысты. Елімізде түрлі күрделі оқиғалар болды. Әлемнің саяси картасында Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті берік орын тепті. Кеңес жауынгерлерін өз туының астына топтастырған коммунистік идеология мұрағатқа кетті. Соғыстың қорытындысында қалыптасқан социалистік лагерь, әлем саяси дамуының бағытын анықтаған Ялта бейбітшілік шарты, Варшава Шарты ыдырады.
Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы ерлігі әлемді таңқалдырып, мойындатты. Оған қазақстандықтар мен қазақтар қосқан қасиетті де қаһармандық ерлік үлес-ерлікті біз мақтан тұтамыз. Аға ұрпақтың ерлігі мен әскери даңқы жас ұрпақты Отанымыздың болашағы үшін азаматтық жауапкершілікке, елін қорғауға әзір болу рухын сіңіреді. Олардың ерлігі алдында тағзым етіп бас ию тірілерге қажет. Ер есімі-ел есінде мәңгі сақталады. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес. Тәуелсіз Қазақ елі өз боздақтарын қастерлеп, қасиеттейді.
Дайындаған: Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ