ТАЛҒАРДЫҢ ТАЛАПТЫ ҰЛЫ

ТАЛҒАРДЫҢ ТАЛАПТЫ ҰЛЫ

Жастың жігерімен бойындағы қайраты жетістікке жетелейтін негізгі күш. Бозбала шағын бос өткізбей келер күнге керегін күні бұрын күйттеген білім иесінің арманы асқақ болады.

Ал мақсатын айқын, шеберлі шыңдалған жанға ашылар есік те, көтерілер баспалдақ та дайын. Ел болып еншімізді алғалы отыз жыл болды. Бұл аса ұзақ та, қысқа да мерзім емес екендігі белгілі. Кешегі ел егемендік алып өтпелі кезеңде өмірге келген ұл-қыздар бүгінде орда бұзар жаста. Алды шетел асып білімін шыңдаса, енді бірі ұлт қажетіне жарап жауапты қызметте отыр. Сондай тәуелсіздік құрдасының бірі – Абылай Қондыбаев. Бұл жігіттің жасап жатқан жұмыстарын, жеткен жетістіктерінен хабардар болғанымызбен, жерлесіміз екенін білетіндер аз. Бірлік аулындағы № 35 мектеп-гимназиясының оқушысы болған кейіпкеріміз, кейіннен Алматы қаласы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің«физика-техникалық» факультетінің «стандарттау, сертификаттау және метрология» мамандығы бойынша бакалавр және магистратура білім дәрежесіне ие болады. Мектеп кезінен зерек болған студент университет қабырғасында жүрген кезінен-ақ қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. Мәселен 2011 жылы өткен жетінші қысқы Азия ойындарында спортшыларды тасмалдау көлік қызметтерінің координаторы, 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы үшінші «Еуразиялық ойындары» еріктілерінің координаторы сынды жұмыстар атқарып, халықаралық деңгейдегі шаралардың бел ортасында жүрді. Ауданның ғана емес облыс мерейін өсірген ұлдың бабы мен бағы қатар келіп, 2016 жылы «волонтерлермен жұмыс департаментінің» басшысы болып тағайындалады. 2017 жылғы елімізде өткен басты спорт бәсекесі 28-қысқы универсиада кезінде Абылай жетекшілік еткен еріктілер қауымының қандай іс тындырғаны әлем жұртшылығына аян. Іскер жігіт өзінің тиянақты жұмыс жүргізу үлгісімен сол уақыттағы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, «Универсиада-2017» ұйымдастыру комитетінің төрағасы Иманғали Тасмағанбетов сынды ел ағаларының оң бағасына ие болады.

Қашан да үздіксіз дамуды құп көретін жерлесіміз білімдінің мүмкіндігі зор екендігін өзінен кейінгі іні-қарындастарына үлгі етуден жалықпайды. 2018 жылы өзі оқыған ҚазҰУ-дың «Экономика және бизнес жоғары мектебіне» түсіп, алдағы уақытта «жобаларды басқару» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғауға ниетті. Және сол жылдың қаңтар айында «EXPO SERVICE 2017» ЖШС-нің бас директоры, 2019 «Алматы қаласының спорт ғимараттары дирекциясы ЖШС-нің«Атлетикалық ауыл» объектісінің басқарушысы секілді салаларды тізгіндеп көреді. Десе де өресі өсуінен өрге сүйреген жігіттің қызметтік жолы бір орында тұрмайтыны белгілі. Ол бүгінгі таңда Алматының басты символдарының бірі саналатын «MEDEÝ» MYZ AIDYNY нысанының басқарушысы қызметін абыроймен атқаруда.

«Елдің атын ер шығарады» демекші, ауданымыздан шыққан осындай азаматтарымыз­дың жасап жатқан жұмысын ел білуге тиісті. Ал біз өз кезегімізде Абылайдың жасаған істерінің бір сыпырасын сіздерге шағындап ұсынуға тырыстық. Тәуелсіздік құрдасының жеткен жетістігінен гөрі жетер жетістігінің көптігіне сеніміміз мол.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»