Интернеттің дәуірі артқан сайын қазақтың қара нанына баланған кітапқа деген қызығушылық сиреп кеткендігі жасырын емес. Әсіресе, жастардың дені әлеуметтік желіге әуестеніп, кітаптың қадірін білмей барады. Негізінде білім бұлағы – кітап пен бүгінгі заман бағдаршамы – интернет бір-біріне қарама-қайшылықта болмай, үйлесе әрекет еткенде ғана ұтарымыз көп болмағы анық. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында кітап оқудың маңыздылығын атап өтіп, биылғы жылды «балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялаған болатын. Президент алдымен кітапханалардың мәртебесіне назар аудара отырып, еліміздің барлық тұрғындарының күш-жігерін қазақстандық оқырман ұрпақты тәрбиелеуге шақырды.
Алаш ардағы Ахмет Байтұрсынұлының «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген сүйекті сөзі Талғар қалалық балалар кітапханасы үшін де маңыздылығын жоймай келеді. Мәдениет үйінің қалтарысында орналасқан кітапхана 2006 жылы ашылған. 40 мыңға жуық кітап қоры бар рухани орданың 2000-ға жуық оқырманы бар. Балалардың кітап оқуға деген құштарлығы арту үшін балалар кітапханасы үнемі қозғалыста болуды басты назарда ұстайды. Өйткені, кітапхана да бала сияқты тірі ағза, заман ағымына, оқырмандар сұранысына қарай үнемі дамып, толығып отыруы қажет. Бұл жайдан хабары мол кітапхана басшысы Махамбет Хармысов өткен жылы кітапханаға кірер холды әсемдеп, келушілер қызығарлықтай көркем суреттермен безендіріпті. Онымен қоса, ішіне киіз үйдің бейнесін жасап, сонау Алтын Ордадан бастап бүгінге дейінгі тарихи кезеңдер қамтылған оқулықтар, кітаптар, ғылыми еңбектер мен көркем әдебиеттерді рет-ретімен қойып, қазақылығы тұнған бұрыш жасапты. «Әрине, мұнан бөлек бала қызығарлықтай шеберлік сыныптары, қолөнер бұйымдары, үйірме жұмыстары, тағы да басқа қызықты дүниелер болса нұр үстіне нұр болар еді. Бұлар алдымен баланың ішкі өрісін кеңейтсе, екіншіден ізденуге жалықпайтын дәрумен сыйлайды. Әрине мұның бәрі уақыт ізімен келе жатыр. Биылдың өзінде шахматтан шеберлік сағатын бастасақ па деген жоспарымыз бар. Барлығы еліміздің болашағы – бала игілігі үшін ғой», — дейді кітапхана басшысы Махамбет Қасымханұлы.
Кітапханашыларды бұдан бөлек қазақ тілінде жазылған қазіргі заманғы көркем әдебиеттің аздығы мазалайды. Кеңес идеологиясының шекпенінен шыққан кітаптар жас оқырманның санасын улауы мүмкін. «Балалар қорда жоқ кітапты сұрап келгенде, «жоқ» деп айтудың өзі ыңғайсыз. Қазақ тілінің мәртебесін қалай көтерміз деп жүргенде, кішкентай оқырмандарымызға ана тілінде рухани азық болатын қазыналы дүниелер тауып бере алмағанымыз көңілге көлеңке ұялатады. Ұлыбританиялық жазушы Ж.Роулингтің сиқыршылар әлемі жайлы жазылған «Гарри Поттердің» қазақша нұсқасына деген сұраныс шексіз. Біз де сұранысты жоғарыға жеткізе жүріп биыл сол кітапты алдық. Балалардан бұрын өзіміз қатты қуандық. Бұдан бөлек балалар детектив жанрында жазылған кітаптарды да көптеп сұрайды. Сондықтан да отандық балалар әдебиетінде қазақ тілінде жазатын жас жазушыларды мемлекеттік деңгейде қолдау қажет. Ана тілінде сусындап өскен балалар ғана болашағымызды жарқын қылмақ, — дейді Талғар қалалық балалар кітапханасының кітапханашысы Гүлбаршын Шурабекова.
Иә, кітап оқу қалып бара ма деп алаңдап жүргенде Мемлекет басшысының қуантарлық бастамасы көңілімізді бір марқайтып тастады. «Адамды адам ететін – кітап» болғандықтан жас буынның кітап сынды құдіретті құндылыққа құмар болып өскені өзіне де, еліне де пайдасы шаш етектен. Айналып келгенде бұл мәселенің бастауы, қайнар бұлағы – отбасында жатыр. Түптің түбінде ғаламтор кітаптан озбайды, оза да алмайтындығын әр ата-ана түсінсе ғой…
Меруерт Мәулет,
«Талғар»