ТЕГІН ИММУНДАУДАН ШЕТ ҚАЛМАҢЫЗ

ТЕГІН ИММУНДАУДАН ШЕТ ҚАЛМАҢЫЗ
Жаһан жұртының санасын сан қақтыр–ған «COVID-19» вирусына қарсы вакцина шыққалы қоғамда екіұдай пікір белең алды. Бір өкініштісі, екпе алып, ауруға қарсы иммунитет қалыптастырамыз дегендерден гөрі оған сенбей, «арты қайғылы жағдайға душар етеді екен» деген алыпқашпа әңгіменің жетегінде кеткендер көп. Оған әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан түрлі бейне, видео себеп болып жатқаны жасырын емес. Ол қайда, қашан, қандай жағдайда түсірілген деп бас ауыртпайды, өзге чаттарға, достарға жіберіп, дүниені дүрбелең қылып жібереді. Сонда өз ісін жетік білетін, сан рет сараптамадан, тексерістен өткен вакцина шынымен қауіпті ме?
Вакцина қауіпті ме?
Вакцина ауру тудыру мүмкін вирустарды, бактерияларды немесе басқа да микроорганизмдерді имитациялайды. Осылайша адамның иммундық жүйесі тез және тиімді жауап беруге үйренеді. Жалпы кез келген вакцинаны алғанда адамның ағзасында реакция болатыны рас. Екпені еккеннен кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, ағзаның әлсіреуі сынды жағымсыз көріністер орын алады. Сондықтан да медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамды толық тексеріп, аллергиясы бар ма, жоқ па анықтап барып салады. Сол себептен байбалам салып, бар байлығымыз – денсаулығы–мыздың қауіптілігіне шек қоя бермелік. Жалпы көзі ашық, көкірегі ояу азамат вакцинация жасамас бұрын вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуына құқылы. Яғни мәжбүрлеу жоқ. Және иммундау тегін және ерікті түрде жүргізілетінін еске саламыз.
Екпені алғаннан кейін бетперде кимеуге бола ма?
Вакцинациялаудан кейін бірінші иммундық жауап 12-14 күннен кейін бастап қалыптасады. Бірақ тұрақты иммунитет 32, 45 күннен кейін, ең көп дегенге 56 күннен кейін орнығады. Сондықтан осы инкубациялық кезеңнен аман өту үшін барлық сақтық шараларын қатаң сақтау керек. Ол сақтықтың маңыздысы – бетпердені тағып, арақашықтықты сақтап, антисептик тұтыну.

Назым Ауғанқызы,
М.Әуезов атындағы
№5 мектептің директоры:
— Қазір қоғамда вакцинациялауға байланысты теріс көзқарастар, түсінбеушіліктер бар. Мен өзім мектеп басшысы әрі жоғары білімді азаматша ретінде вакцинаның бірінші кезеңін аламын деп шешім қабылдап, алдым. Енді 21 күннен кейін екінші кезеңін аламыз. Өйткені вирусқа қарсы иммунитеттің болғанын қаладым. Оның үстіне балалармен жұмыс жасап, жалпы қоғамның маңызды саласында жүргендіктен айналамдағылардың қауіпсіздігі басты орында тұрды. Менімен бірге мектептің алты мұғалімі барды. Әрине, аздап дене қызуым көтеріліп, басым ауырды. Мұны терапевт дәрігер қалыпты жағдай екендігін алдын ала түсіндіргендіктен қорқыныш болған жоқ. Оның үстіне екпені салғызғаннан кейін 30 минут дәрігердің бақылауында болдық. Жалпы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін барлығын вакцинациялауға шақырар едім.

Әсия Аликқызы,
медицина қызметкері:
— Менің жасым 26-да. Әрине болашаққа деген арман-мақсаттарым көп. Сол тілекке жету үшін бірінші байлық- денсаулықтың жақсы болуы айтпаса да түсінікті. Сондықтан вакцинация кезеңі басталғанда ойланбай-ақ бірден қабылдадым. Екпеден кейін әркімде әрқалай симптомдар болуы мүмкін. Сондықтан дұрыстап ұйықтап, тамақтанып, су көп ішіп, өз-өзіңізді күткен жөн. Бірінші дозасы қысқа мерзімді қорғаныс әсерін бергендіктен екінші кезеңін күтіп жүрмін. Екіншісін алғаннан кейін антиденелердің мөлшері молайып, біріншісінің әсерін күшейтеді. «Жақыныңа жанашыр бол» деп жар салғанда мықтымыз, тек соны іспен дәлелдеп, әрқайсымыз вакцина салдырғанымыз дұрыс.
Меруерт Бөлек,
«Талғар»