Маңызды мәселелер назарға алынды
Жуырда ғана басшылық тізгінді қолына алған аудан әкімі Қайдар Әбдіханов аудан тынысымен танысып, қала мен ауылдарды аралап, ел арасындағы қордаланып қалған мәселелерді назарға алуда. Тіпті, демалыс күндерінде де жұмысқа ден берген Қайдар Әлиханұлы қасына Талғар қаласы мен Кеңдала ауылдық округі әкімдерін, төтенше жағдайлар бөлімі мен аудандық автомобиль жолдары бөлімі басшыларын, «Талғар су» мекемесі мен «Каз–ГидроСпас» мекемесінің басшыларын алып Талғар қаласын аралаған болатын.
Бұл күнгі жұмыс жоспары Ломоносов көшесі бойы мен Талғар өзені жағалауын аралап қайту болатын. Бірден Ломоносов көшесіне түскен жұмыс тобының назары Мұратбаев көшесі қиылысындағы апатты жағдайға ауды. Аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы тиісті бөлім басшыларына тапсырма жүктеп, мәселені шешуді өз құзырына алды. Одан кейін Талғар өзені арқылы өтетін су құбырының апатты жағдайы да көзге ілінді. Бұл мәселе бойынша жоба әзірлеуді тапсырды. Ал Камо көшесімен түскендегі өзен жағасын бекіту жұмыстары бойынша жоба әзірлену үстінде екен. Бұл мәселелерді де жауапты мекеме басшыларына қадап тапсырып, өз қадағалауында ұстайтын болды.
Одан кейін Кеңдала ауылындағы Алматинская көшесіндегі көпқабатты үйлердің жағдайымен танысты. Ондағы негізгі мәселе кәріз жүйесінің ескіргендігі болатын. Талайдан бері көтеріліп жүрген бұл мәселені шешудің бірнеше жолдары қарастырылып жатқанын айтқан аудан басшысы жауапты мамандарға маңызды міндеттер жүктеді. Содан кейін Ломоносовпен Мәлкеев көшесіне көтеріліп, қала әкімінің орынбасарына көше қиылысында тұрған такси тұрағын ретке келтіріп, Мәлкеев көшесінің арық жүйесін қайта жасауды қарастырып, орталық көпірді жаңартып, жан-жағын абаттандыруды тапсырды.
Аудан әкімі Қайдар Әлиханұлының бұл күнгі қаланы аралаудағы мақсатының тағы бірі — қаламызды көркейту, тұмса табиғаты бар, тау етегіне жайғасқан қала ішін гүлдендіру үшін аллеялар мен саябақтарды көбейту. Қаланы көмкерген сұлулық жайы бір бөлек. Талғарлықтарға қала ішінде демалатын аллеялар мен саябақтар ауадай қажет. Қайдар Әлиханұлы ең алдымен талғарлықтардың тілегін ескеріп, осы мәселеге назар аударды. Атап айтқанда, қаламыздың қақ ортасындағы Рысқұлов саябағының қоршауын алып тастап, ішін абаттандыру, №8 мектеп-гимназиясы жанындағы ескі Мәдениет үйінің би алаңын жандандырып, Глинки мен Сүйінбай көшелеріне, қаламызға кіреберістегі арканың маңына, Қонаев пен Абай көшелерінің қиылысына аллея салуды көздеп отыр. Бұл жоспарын жүзеге асыру үшін эскиздік жобалар дайындалатын болады. Содан кейін ғана қаржы мәселесі шешіліп, жұмыс жүре бастайды. Алла қаласа талғарлықтардың арманы орындалып, аллеялар мен саябақтарда еркін тыныстап, бос уақыттарын өткізетін күндері де алыс емес.
Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар»