Халық санағы өтетін болады

Халық санағы өтетін болады
Халық санағын жүргізу кез-келген мемлекет үшін аса маңызды іс. Халық санағының арқасында мемлекет елдегі адам санын, этникалық құрамын барынша дәлірек біледі, өмір жағдайларындағы өзгешеліктерін бағамдайды, бұрынғы есептермен салыстырып, өзгеру серпініне талдау жасайды. Санақ нәтижесі бұдан кейінгі жақын жылдарға жоспарды айқындап, болжам жасауға, негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға негіз болады.
Қазақстанда ұлттық халық санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі. Соңғы науқан 2009 жылы жүргізілген болса, келесі науқан 2019 жылы өтуі керек еді. Алайда санақты дайындау мен өткізуге байланысты бірқатар ұйымдастыр–ушылық мәселелерді ескере отырып, оны 2020 жылы өткізу туралы шешім қабылданғаны да белгілі. Әлемді шарпыған коронавирустық инфекцияның таралу қауіпіне байланысты енгізілген шектеулі карантиндік шаралар ескеріле отырып санақ өткізу мерзімі кейінге шегерілген болатын.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 маусымдағы «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы № 419 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» № 587 қаулысына сәйкес, халық санағын өткізу мерзімі 2021 жылғы 1-30 қазан аралығына белгіленді. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен 2021 жылы Қазақстан Рес–публикасы халқының ұлттық санағын дайындау мен өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаушылық мәселелерді шешу жөніндегі арнайы комиссия құрылды.
2021 жылғы Ұлттық халық санағы 2 кезеңнен тұратын болады.
Ұлттық санақтың бірінші кезеңінде (2021 жылғы 1-30 маусым аралығында) санақтық аудандастыру жүргізіледі – «Аудандастыру үшін тұратын халықты нақтылау бойынша тұрғын үйлерді және тұрғын емес ғимараттарды аралау».
Ұлттық санақтың екінші кезеңінде (2021 жылғы 1-30 қазан аралығында) негізгі халық санағы өткізіледі, ол өз кезегінде Интернет- сауалнама және жаппай сауалдамаға бөлінеді.
Қазіргі санақтың ерекшелігі — халық санағынан онлайн өту мүмкіндігі. Интернет сауалнама ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 45 күнге жалғасады. Интернет-сауалнамаға кіру www.sanaq.gov.kz. веб-сайты арқылы жүзеге асырылады. Сайтқа кіру тәулік бойы қамтамасыз етіледі. Азаматтар, орналасқан жеріне қарамастан, виртуалды көмекшінің көмегімен санақты өздері және отбасы мүшелері үшін сауалнамалар толтыру арқылы дербес аяқтай алады. Бұл, біріншіден, санақты жедел жүргізуге, екіншіден қателікке жол бермеуге мүмкіндік береді. Ал екінші тәсілінде арнайы дайындықтан өткен интервьюер үй-үйді, пәтер-пәтерді аралап, тұрғынның айтуына сүйене отырып, мәлімет жинайды.
Дәстүрлі үздіксіз санақ онлайн-санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, 2021 жылдың 1 қазанынан 30 қазанына дейін жүргізілетін болады.
Ел өміріндегі маңызды науқан — ұлттық халық санағын өткізуге орай ауданымызда да бірқатар дайындық жұмыстары қолға алынуда. Аудан әкімінің «2021 жылы Талғар ауданы халқының ұлттық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі ауданаралық комиссиясын құру туралы» Өкіміне сай халық санағын жүргізуге дайындық жөніндегі жұмыс тобы құрылып, іс-шаралар жоспары жасалынып, бекітілді. Қазіргі уақытта әкімшілік-аумақтық бірліктердің тізбесін және шекараларын нақтылау, көше атаулары мен үй, пәтер нөмірлерін ретке келтіру, аншлактар ілу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Талғар-ақпарат»