Менің музам — Мұқағали жырлары
Әу демейтін қазақ жоқ десек, жыр сүймейтін, сөз құдіретіне бас имейтін де қазақ некен-саяқ.
Алыс армандарыма қол созып, қиялға беріліп, өмірді тани бастағаннан -ақ, көкейімдегі көп сұраққа Мұқағали жырларынан жауап тауып келемін. Ақиық ақынның жаныммен үндескен әр өлеңінен өзімді көргендей, әр өлеңі өзіме арналғандай күй кешемін. Осы бір үндестік Мұқағали өлеңдеріне деген ықыласымды оятты десем де болады. Мұқағали жырларына деген сүйіспеншіліктен болар студент кезімде ақынның елу өлеңін жаттап алып, оқып жүретінмін.
Күтемін сенен үміт, сенен жігер,
Қисаң маған, биік пен тереңді бер!
О, Муза!
Маған алыс сөреңді бер!
Ғайыптан кел де мені демеп жібер,- деп ақынның өзі жырлағандай, менің өлең жазуыма, өлеңді сүюіме, жырға ғашық болуыма себепкер болып, үміт сыйлап, жігер берген де ақын өлеңдері еді. Мұқағали өлеңдеріндегі нәзіктік, сыршылдық, сезімталдық, тереңдік жыр сүйетін жанымның қалауын айтқызбай ұғынып тұратындай. Ақынмен сыр бөлісіп бірге жүрмесек те өлеңі арқылы әрқашан ұстаздық етіп, музама айналып келеді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырдың қыры мен сырын тани біліп, оны жырымен өрнектеп, әр оқырманын сүйсінте алу ақын бақыты болар.
Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай еліміздің әр аймағында түрлі байқаулар, ақын өлеңдерін жатқа оқу бойынша челендждер өткізіліп жатыр. Әрбір жыр сүйер қауым ақын өлеңдерін әлеуметтік желілер арқылы мәнерлеп жатқа оқуда. Осыған қарап-ақ, Мұқағали өлеңдерінің құдіреттілігін, қасиетін тануға болады. Мұзбалақ ақын өмірден өз сыбағасын толық алып үлгермесе де, артына өшпес мол мұра қалдырып кеткеніне куә болып келеміз.
«Жігітінен қазақтың дос таба алмай, Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын»,- деп Фариза апамызға сырын айтып, мұңын шаққан Мұқағали осы күні жазып кеткен өлең-жырларының досы шексіз боларын білмеген де болар..
Бүгінде, «шаң басқан архивтен» емес, әр үйдің төрінен табылатын Мұқағали Мақатаевтың жыр-жинақтары сөзіміздің дәлеліндей.
Жел үреді, желпініп, көрік — кеудем,
Күйім келмей отырмын неліктен мен?!
О, Муза!
Қайдасың сен желік берген,
Серігім, қайдасың сен сеніп келген, — деп ақын жырлағандай, жаным құлазып, жабырқаған сәтімде Мұқағали жырларын оқып, қанаттанып қайта самғаймын.
Ойлы жас — өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма?!
Жүрегінің түбіне кір жасырмай, деп Мұқағалиша өлеңмен сырлас болып, өлең арқылы болашаққа үнін жеткізе алған ақында расында арман болмас, сірә… Жырын жатқа оқып, жанына жалау еткен ұрпағы барда Мұқағали өлеңдері мәңгі жасай беретіні сөзсіз!
Гүлбаршын Кеңесбаева,
ақын,
№12 Нұра орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.