Мұқағалимен сырласу

Мұқағалимен сырласу
Бодандықтың билігі төңкерілді,
Көлеңкенің жиегі көмкерілді.
Бозғылт тұман ашылмай аспанымнан,
Болжай алмай жүруші ем ертеңімді.
Сіз аңсаған тәуелсіз таңы келіп,
Арманымды кеңейтті, өлшемімді.
Өз тізгінім мінеки, өз қолымда,
Қай бағытқа бұрсам да желкенімді.
Көш түзеліп күн сайын барады аға,
Сіздер құрған колхоздар тарады аға.
Әр адам тиесілі еншісін ап,
Өз бақытын еңбектен табады аға.
Қуантып еліңізді, ұл-қызыңды,
Сізге арналған мұражай тұрғызылды.
Ұлы ақынның мұрагер баласы деп,
Қадірлеп жүр халқымыз Жұлдыз ұлды.
Тауың, тасың бәрі аман, жайлауың да,
Сол бұрынғы орнында қойлы ауылда.
Аға сенің жыл сайын туған айың,
Ешкімнің бұйрығынсыз тойлануда.
Жасырмай айтайыншы сырымды ақыр,
Жылына мың құбылып білім жатыр.
Ұлтымның бақыты деп өзің айтқан,
Шырмауықтан шыға алмай тілім жатыр.
Отты жырың жастарға бағыт берді,
Дарындыға сара жол салып берді.
Ой-өрісін кеңейтіп балалардың,
Шабам деген ақынға шабыт берді.
Мойындады талайлар кемеліңді,
Іштарларды ақиқат жеңе білді.
Қуанып жүр жүлделі орын алып,
Жатқа айтады немерем өлеңіңді.
Өнеріңіз біздерге арман аға,
Жырмен сурет салдыңыз сары далаға.
Хантәңірдің шыңынан қарап тұрсыз,
Екі ғасыр арасын жалғап аға.
Күншілдер де көре алмай ырылдады,
Мойның бірақ оларға бұрылмады.
Тірлігіңде еңбегің бағаланбай,
Жылы сөз де биліктен бұйырмады.
Сізге қарсы жасырын ұйым құрды,
Өлеңіңді басуға тыйым қылды.
Талай жабы жармасып шылбырыңа,
Жағымпаздар жаныңды күйіндірді.
Жыр тұлпарын жан аға қамшыладың,
Көр кеудені өлеңмен шаншыладың.
Ісінгеннің қылығын бетіне айтып,
Момындарға бердіңіз жан шуағын.
Кең жазира қазақтың даласында,
Жырға қостың баласын, данасын да
Қайта оралмас жастықтың күндері өткен,
Ізің жатыр Қарасу жағасында.
Қайталанбас біртуар дара дарын,
Халқыңның кең даласын араладың.
Ақ, қарасын айырып ақиқаттың,
Санаңа сап барлығын сараладың.
Жырдан жауһар халқыңа төктің аға,
Шындық іздеп, шырылдап өттің аға
Жігітінен қазақтың дос кезікпей,
Фаризаға мұң шағып кеттің аға.
Өзгертпедің ақиқат ағысыңды,
Мақтамадың телегей табысыңды.
Арқалаған аманат ұрпақтарың,
Көтеріп жүр жан аға, намысыңды.
Басы боп әрқашанда бастаманың,
Тойларда айтылып жүр асқақ әнің.
Денсаулығың сыр беріп жүрсе-дағы
Қаламыңды қолыңнан тастамадың.
Сізге келдім көңілім тасып аға,
Мүсініңнің кеп тұрмын қасына аға.
Қолтығымнан азырақ демеп жібер,
Жырға деген шабытым ашыла ма?!
Кітабыңды кеудеме басып тұрып,
Бас иемін өзіңе асыл аға.
Күншілдіктің қалмайсыз қалқасында,
Суретің тұр Алатау жартасында.
Жырыңыздан теберік үлестіріп,
Отырсыз әр сыныптың партасында.
Өзің айтқан XXI ғасыр жастарының,
Жүрсің аға, күлімдеп ортасында
Жүрсің аға, әлемнің картасында.
Бексұлтан Көлбаев,
ақын, Талғар ауданының
«Құрметті азаматы»