Толығымен ақталады
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті. Отырыс барысында комиссия жұмысын ұйымдастыру, 2020-2021 жылдарға арналған жұмыс жоспары, сондай-ақ, қуғын-сүргін құрбандарының түрлі топтарын ақтау жөніндегі қызметті әдіснамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Қуғын-сүргінге ұшыраған әр түрлі топтарды ақтау бағыттарын пысықтау үшін арнайы жұмыс топтарын құру ұсынылды.
– Бізде саяси қуғын-сүргін құрбандары әлі күнге толық ақталмай отыр. Оған себеп, архивтердегі құнды құжаттардың қолжетімсіздігі. Енді мына толайым хабарды естіп қуанып отырмыз. Мемлекеттік комиссия жұмысын бастап, өз міндетіне тікелей кіріссе, кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіруге болады деп ойлаймын, — дейді ауданымызға қарасты Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің» меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев.
Мемлекеттік комиссия құрамына Қазақстан Президенті әкімшілігі мен үкіметінің өкілдері, Парламент сенаты мен мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен ғалымдар еніп отыр. Барлығы – 49 адам. Отырыс қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Айта кетейік, биыл 24 қарашада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлыққа қол қойған болатын.
«Талғар-ақпарат»