Өзімді өзім арашалап алдым

Өзімді өзім арашалап алдым
Ол – өлеңнің ішіне сырлы ой салатын, ұзақ мұң салатын, ұмытылмас сыр салатын сыршыл ақын. Ол – қарапайым сөздердің бәрін үйіріп, иіріп әкеп жарқ-жұрқ от шашатын шыншыл ақын. Ол – қыр қазағының көзін көріп, әкеміздің сөзін, анамыздың лебізін жеткізе білген қарапайым ақын. Қазақ поэзиясының көгінде өзгелерден оқ бойы оздыртып, бөлек алып шығатын ерек қасиеті де осы қарапайымдылығында әрі қайталанбайтынында болса керек. Ол – МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ.
Оның өлеңдерінен қырдың самалы, даланың жусаны, орманның шайыры, топырақтың демі шығып жатқандықтан болар ағаны құрдас, құрдасты сырлас, кішіні мұңдас етіп жіберетін ерекше қасиетке ие. Қайсы өлеңін алып оқымайық өз сөзің, өз теңеуің, өз тіркесің болып жаныңның жайлауына жол сала қалады. Мұның сыры неде? Мұның сыры – ол қазақтың мұңы мен уақыттың сырын қапысыз танып, қалтқысыз жаза алғанында болса керек.
Әлі есімде, сегізінші сыныпта оқимыз. Бәрі де сынып жетекшіміз әрі қазақ тілі мен әдебиетінен беретін Ұлғайша апайымыздың ұсынысынан басталды. Ақиық ақынның туған күніне арналған әдеби-сазды кешті ұйымдастыруды біздің сыныпқа жүктепті. Апайдың тапсыруы бойынша кешті бастан-аяқ жүргізу мен ұйымдастыру маған тапсырылды. Жырларын жаттап, пір тұтып жүрген ақынның кешіне дайындыққа шабыттана кірістім. Қасыма көмекші етіп Әсемді алдым да кештің сценарийін жазып, кімнің қатысатынын, не айтатынын бәрін-бәрін бастан-аяқ бірнеше рет сүзгіден өткізіп, желпініп-ақ жүрдім. Тәлейіме қарай кеш тамаша өтіп, апайым да, мектеп мұғалімдері де ризашылығын білдірді. Барлық мұғалімдердің аузында мен. Төбем көкке екі-ақ елі жетпеген шығар… Буым бұрқырап, шекемнен қарап ертесі сабаққа келсем сыныптастарым томсырайып қалыпты. Әсем екеумізбен сөйлеспек түгілі амандаспайды да.
— Неге өздеріңше болып қалғансыңдар? Жазығымыз сыныптың абыройын ойлағанымыз ба? – деп қызба мінезіме салып шыдамай даусымды қатайтып сұрадым.
— Сендер бізбен ақылдастыңдар ма? Бәрін өздерің істедіңдер. Өздеріңді көрсеткілерің келді. Сендер-ақ жақсы болыңдаршы ,– деп келесі қатарда отыратын Шынар шап ете қалды.
Орнымнан тұрдым да, сабақтың аяқталмағанына да қарамастан күртемді киіп үйге кеттім. Жанарым жасқа шыланып, тамағыма өксіп тығылып, жылауға көшедегі жұрттан ұялып есіктен кіре өкірдім. Сегіз жыл бірге оқыған сыныптастарымның мен жайлы осылай ойлағандары жаныма батты…
* * *
Біраз уақыт кластың сәні кетті. Тынысы тарылды. Оны сынып жетекшіміз де білді. Бірде шақырып алып, ақырын ғана менің қателігімді бетіме басты. Айжанның оқитын қара сөзін алып тастағаным, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан қойылған үзіндіде басты рөлді Құралайға қимай өзім ойнағаным… «Сырт сөз сыншы» деген. Шынымен ақиық ақынның буына елтіп өзімді сол дәрежеде аспандатып жіберген екенмін. Қазақтың бағына біткен ақынды қара басымнан асырмай қызғанып, «басқаның бағында піспесін, түспесін» деген пәскене ойдың пендешілігіне қамалып қалыппын. Неше күн бойы жабырқатқан ойдың шешімі табылды. Класқа ентіге кіріп, тақтаның алдында тұрып екпінді даусыммен кешірім сұрадым. Үнсіздік орнады. Сәлден соң Құралай қасыма келіп, қолымды қысып, бетімнен сүйіп қатқан сеңді жібіте салды. Класс ішіне көктем еніп жүре берді.
* * *
Ертеңінде сабақтан кейін класс бойынша 22 наурыздың дайындығына кірістік. Менің журналист болам деген арманым дәл сол күні, кластастарымнан кешірім сұрап, «өзімшілдік аурудан» өзімді-өзім арашалап алған күні оянған екен. Мың алғыс, Сізге, ақиық ақын!
Меруерт Мәулет,
“Талғар”