Ғылымның даму тарихында жинақталған білім қорларын сұрыптап, реттеп белгілі бір жүйеге салу тәртібі ежелден бар. Мұндай әрекеттер бір жағынан, ғылымдағы бар жоқты айқын сезіп, оны кемелдендіруге, дамытып, толықтыруға итермелесе, екінші жағынан, ғылымның өзін түсінуді, түсіндіруді, пайдалануды жеңілдетіп отырған. Міне, осылай білімділердің білгірі жүйемен баяндалған жиынтығы – энциклопедиялар жасау дәстүрі пайда болған. Мұның ертеректегі мысалы ретінде Аристотельдің осы саладағы еңбектерін атауға болады. Орта ғасырлар заманында да әр түрлі үлгіде жазылған көптеген энциклопедиялар дүниеге келген.
Тіл білімі. Фараби тіл білімін жеті тарауға бөледі: дербес және қарапайым сөздер мен сөйлемдер туралы ғылым; күрделі және құрамды сөздер мен сөйлемдер туралы; мәнерлеп оқу ережелері; тілдің заңы мен ережелері жайлы ғылым; емле ережелері; дұрыс оқу ережелері; өлең жазу, шайырлық туралы ғылым немесе поэтика. Кейінгінің өзі ырғақ, ұйқас және поэзия болып үшке бөлінеді.
Фараби тіл білімі жөнінен өз тарапынан да «Сөз бен әріп туралы», «Жазу өнері туралы», «Өлеңнің ұйқасы мен өлшемі туралы», «Өлеңнің ырғағы туралы», «Поэзия өнерінің негіздері туралы» деген сияқты еңбектер жазған.
Фараби терең мағыналы, философиялық рубайлар жазумен шұғылданған. А.Маша-нов қазақ тіліне аударған Фарабидің үш рубайы мынандай:
Жайнаған бейне бір гүл әсем сыры,
Құбылған мөлдір нәзік гауһар нұры.
Даналар талай нысан таққанымен,
Тапқан жоқ тектер тегін әлі бірі.
Ей, қарындас! Қашыңдар жалған жолдан,
Ақиқатты шығарма әсте қолдан,
Бұл дүние мекенің сыйға берген,
Жер нүктеге телміріп болма алаң.
Біз бір мейман бұл жайда аз-ақ күндік,
Болымсызға таласып күн өткіздік,
Анталасып аптықпа тар қапасқа.
Адамға әлем мекен ол мәңгілік…
Логика. Фарабидің анықтауы бойынша логика – ойлаудың заңдары мен ережелері туралы ғылым. Бұл ғылымның арқасында адам өзінің ойлау әрекетін тәрбиелей алады, өзінің ойын анық та айқын, жүйелі түрге келтіреді; ойлау, ой қорыту, талқылау барысында логикалық қателер жіберуден аулақ болады.
Ұлы ойшылдың логика мен грамматикадағы ортақ моменттері мен айырмашылықтары жөніндегі пікірлері аса құнды. Ол логиканы ойлаудың грамматикасы ретінде қарастыра келіп, логика ұғымдары мен категориялары бүкіл адам баласына ортақ екендігін айтып, тілдің ұлттық сипатта болатынын ескертеді. Ол логика ұғымдары мен категорияларын тіл арқылы өрнектеу мүмкіндіктеріне қатысты талдайды, білімнің түрлеріне сипаттама береді. Тараудың соңында Аристотельдің «Категориялар», «Германевтика», «Бірінші аналитика», «Екінші аналитика», «Топика», «Софистика» деп аталатын логикалық шығармаларының мәнісі мен маңызына тоқталды. Ол Аристотельдің «Риторика» мен «Поэтикасын» да осы топқа жатқызып, оларды логикалық ойдың тілдік өрнегі тұрғысынан қарастырады.
Фараби Аристотельдің бұл шығармаларының бәріне арнайы түсініктемелер жазумен қатар өз бетімен көптеген логикалық шығармалар жазған. Олар: «Логикаға кіріспе», «Ақыл мен түсінік», «Логика жайлы трактат», «Логика жайлы кіші трактат».
Математика. Фарабидің энциклопе-диясында математика ғылымдарына көп орын берілген. Ол математиканы үлкен-үлкен жеті тарауға бөлген. Енді әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.
Арифметика, яғни сан туралы ғылым. Математиканың бұл тарауы жөнінде Фараби былай дейді: «Арифметика екі ғылымды біріктіреді: біріншісі – практикалық арифметика, екіншісі – теориялық ариф-метика. Практикалық арифметика санды саналмақшы және басқа нәрселерге тікелей байланысты қарастырады. Мәселен, адам, сал, динар, дирхем, тағы басқа осылар сияқты саналатын, яғни саны бар заттар саны. Бұл ғылымды адамдар сауда-саттық және азаматтық істерде пайдаланады».
Геометрия. Бұл ғылымның мазмұны мен пәнін ғалым төмендегіше тұжырымдайды. «Геометрия екі ғылымды біріктіреді: біріншісі – практикалық геометрия, екіншісі – теориялық геометрия. Прак-тикалық геометрия сызықтар мен беттерді ағаш ұстасы, темірші, тас қалаушы, жер өлшеушілердің ыңғайына лайық ағаш, темір, тас денелердің бетінде немесе жер бетінде қарастырады». Осыған ұқсас практикалық геометрияның маманы сызықты, жазықтықты, квадрат, дөңгелек, үшбұрышты денелерді заттай материя түрінде белгілі бір өнердің пәні ретінде зерттейді.
Оптика. Фарабидің жіктеуі бойынша математикаға оптиканы да жатқызған. Бұл туралы ол былай дейді: «Оптика да геометрия тәріздес форма, шама, рет, тәртіп, орын, теңдік, теңсіздік т.б. нәрселерді қарастырады. Алайда геометрияның пәні өте жалпы, ол сызықтарды, жазық фигураларды және геометриялық денелерді абсолют мағынада қарастырады. Оптика геометрия зерттейтін мәселелерді қарастырғанмен, оны дербес бөліп қарастыру ыңғайлы, өйткені геометрия бойынша белгілі бір аралықтан қарағанда дөңгелек болып, үздіксіз шамалар – үздікті, тең емес – тең, бір жазықтықта орналасқан нәрселердің біреуі жоғары, біреуі төмен, алда тұрғаны артта, ал артта тұрғаны алда болып көрінуі мүмкін».
Астрономия. Фарабидің жіктеуі бойынша астрономияны да математикаға жатқызады. «Астрономия деген бір атпен екі ғылымды түсінеміз дейді ғалым. Олардың біреуі – жұлдызнама. Бұл ғылым жұлдыздарға қарап болашақта не болатынын кейде қазіргі кезде болып жатқан және өткенде болған оқиғаларды болжауға арналған.
Екіншісі – математикалық астрономия. Астрономияның осы бөлігі ғана математикалық ғылымдардың қатарына жатады; ал біріншісі қабілет, өнердің бір түрі; ол арқылы не болатынын адам тек болжалдай ғана алады; мәселен түс жору, құстың ұшуы бойынша жорамалдау, бал ашу, т.б. қабілеттер».
Музыка. Фараби ежелгі гректердің ізін қуып музыка туралы ғылымды математикаға жатқызып отыр. Мұның негізгі себептерінің бірі – тон, интервал, ырғақ тәріздес музыка теориясының негізгі ұғымдарын математикалық жолмен өрнектеуге болатындығында деп білу керек. Оның музыка жөніндегі мұрасы өте бай.
Жаратылыстану және метафизика. Фарабидің анықтауы бойынша физика, яғни жаратылыстану – табиғат туралы, оның негізгі принциптері мен бөліктері жайлы, табиғи денелерге тән акциденциялар туралы, табиғи денелер мен элементтердің өзара қатысы мен өзара әсері жайлы ғылым.
Қала, заң жөніндегі ғылымдар және дін ғылымы. Ғылымдардың бұл салалары этика, тәрбие, мемлекет басқару мәселелерімен айналысады. Фарабидің әлеуметтік-саяси көзқарастарының дұрыс және теріс жақтарын зерттеп білу үшін бұл тараудың зор мәні бар.
Фарабидің «Ғылымдар энциклопедиясының» қысқаша мазмұны осындай. Мұнда ол Аристотельден өзіне дейінгі 1300 жылдай уақыт ішінде өркендеген ғылымдарға талдау жасаған пәнін тағайындаған, мазмұнын анықтаған, үйрену және үйрету жолдарын белгілеген. Бұл еңбек Фарабиден кейін де 500 жыл бойы Шығыс, Батыс оқымыстыларының қолынан түспес кітабына айналды, жоғары мектептерге ғылым негіздері жөніндегі басты оқулық болды. Фарабиді зерттеуші, қазіргі Мысыр ғалымы, профессор Осман Аминнің айтуы бойынша Фараби «Екінші ұстаз» деген құрметті атақты осы еңбегі үшін алған көрінеді. Фараби өзі талдаған ғылымдарының барлығын да жетік білген, ғылымның барлық саласы жөнінен ірілі-ұсақты еңбектер жазған.
Дайындаған:
Тұрсынбек Жалғасбаев.