Алматы облысында этносаралық келісімді насихаттау бойынша халық арасында ақпараттық кампанияны ұйымдастыру мақсатында Д.Қонаев атындағы Университеттің Талғар қаласындағы колледжінде кездесу өткізілді. Жиын спикерлері «Jas Otan» Жастар Қанаты Алматы облыстық филиалының жетекшісі Е.Ақболатов, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Алматы облыстық штабының төрағасы Р.Усанова, «Жетісу жастары» еріктілер тобының мүшесі Д.Нұрпейсов болды. Жиынның мақсат-міндеті анықталған соң облыстан келген мамандар студент жастарға келгендегі жоспарларын айтып, қолға алған бастамаларымен бөлісті. Қатысушыларға сұрақтар қойып, пікірлерін біліп ашық диалог түрінде өткен кездесуден талғарлық жастар көп ой түйіп тарқасты.
Ал №19 мектеп гимназиясының білім алушыларымен өткен кездесуге «Жастар сыбайлас-жемқорлыққа қарсы» атты тақырып арқау болды. Болашақтың іргетасын ұстап тұратын жастар қоғамға дендеп енген бұл індеттен ада болуы керектігі алға тартылған басқосуда «Jas Otan» Жастар Қанаты Алматы облыстық филиалының жетекшісі Е. Ақболатов нақты мысалдар келтіре отырып түсіндіріп берді.
Алматы облысының жастар ресурстық орталығының «Жастарға әлеуметтік қолдау және қызмет көрсету бөлімінің» маманы Р.Тұрланов та бұл мәселедегі ойын ашық айтып, өсер елдің баласы өресі тар істен аулақ болатынын ескертті.
Меруерт Бөлек,
«Талғар».