Құтты болсын тоғыз белес асқаның

Құтты болсын тоғыз белес асқаның

 

Арайланып Алатаудың таңы атқан,

Әр аптаның жаңалығын таратқан,

Сырлас болып кәрімен де, жаспен де,

Біткен істі өткізетін сараптан.

 

Ақиқатты әділдікті ту еттің,

Оқырманның жүрегіне гүл ектің,

Өмірдегі ақ пен қара арасын,

Шындығыңмен шырылдаумен күзеттің.

 

Тұмшаламай көңілінің пердесін,

Ояттың ғой талай жастың зердесін,

Менің-дағы тілейтінім тәңірден,

Елге шашқан нұрың мәңгі сөнбесін.

Әр шаңырақ, күтті сені асыға,

Кеудемсоқтар, бара алмайтын қасыңа ,

Қызғаныштан тұзақ құрып жолыңа,

Талай мәрте қауіп төнді басыңа.

 

Мұңын жаздың жақыбайдың-жалшының,

Сырын жаздың құм қыстаған малшының,

Кімдер озды еңбек деген майданда,

Еріншекті сын сөзіңмен шаншыдың.

 

Аштың талай тарихтың да беттерін,

Өмірінің қиындықпен өткенін,

Күндіз-түні уақытпен санаспай,

Диқаншының  қалай еңбек еткенін.

 

Қолыңа алып қалам деген жорғаңды,

Апта сайын араладың ауданды,

Еліңе айттың жаңалығын Талғардың,

Ой өргіздің таразылап толғамды.

 

Көтеретін жабыққанда еңсені,

Қадірледі, құрметтеді ел сені,

Үйімізде, төрімізде тұратын,

Ардагер деп айтар едім мен сені.

 

Құтты болсын тоғыз белес асқаның,

Өрге қарай домаласын тастарың,

Жанашырың қуантатын көп болып,

Ашық болсын әр ашан да аспаның.

 

Берекелі, мерекелі қызырым.

Сен айтасың жарты әлемнің қызығын.

Тоқсан жылдық мерекелік тойымен.

Құттықтаймын газетімнің ұжымын!

 

Бексұлтан Көлбаев,

Кеңдала ауылы

20.09.2025ж