Облыс чемпионаты мәреге жетті

Облыс  чемпионаты  мәреге жетті

Өткен аптада «Алмалы» балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешенінде бокстан облыс чемпионаты жалауын көтерген еді. Жарысқа Көксу, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, Алакөл, Жамбыл, Ақсу, Ұйғыр, Кербұлақ, Панфилов, Райымбек, Кеген, Талғар аудандары, Қапшағай, Алматы, Талдықорған қалаларындағы спорт интернаттарының боксшылары келді. Әр аймақтан жиналған 179 боксшы үш күн бойы жекпе-жекке, шығып бас бәйгені сарапқа салды. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Талғар аудандық спорт бөлімінің бастығы Аманжол Нұрманов, «Алмалы» спорт мектебінің директоры Дәурен Үшкемпіров, бокстан Алматы облысының бас жаттықтырушысы Серікбай Тұрлыбековтер облыс чемпионатына қатысушы жастарға игі тілектерін білдіріп, ринг үстіндегі шайқаста сәттілік тіледі.

Үш күн бойы әр ауданнан жиналған талапты боксшылар «Алмалы» спорт кешенінің ішін дүбірге бөлеп, бас бәйге үшін барларын салды. Өйткені осы чемпионатта жеңгендер республиканың аймақтық жарысына жолдама алатын еді. Сондықтан әрбір боксшы жеңіс үшін маңдай терлерін аямай төкті. Міне, осы чемпионатта бағы жанған; Нұрбол Хаметов (44 келі, Алакөл), Тайболдин Санжар (46 келі, Талдықорған), Нұрбақыт Зейін (48 келі, Талдықорған спорт интернаты), Қабылда Рамазан (50 келі, Еңбекшіқазақ ауданы), Ақбар Бисараев (52 келі, Талдықорған), Қарпулда Мейірбек (54 келі, Талдықорған), Сағынбек Жанболат (57 келі, Талдықорған), Азамат Санатұлы (60 келі, Лепсі спорт интернаты), Әділ Жайлауханұлы (63 келі, Талдықорған), Рахат Айдарбек (66 келі, Іле ауданы), Досымбек Ернар (70 келі, Ақсу ауданы), Жақсылық Айбол (75 келі, Алакөл), Жанболат Ғалымов (80 келі, Талдықорған), Тимофей Поташов (80 келіден жоғары, Қарасай ауданы) сынды жасөспірімдер облыс чемпионы атанып, алтыннан алқа тақты. Бұл облыс чемпионатына әлемдік додаларда төрешілік етіп жүрген белгілі спорт мамандары да қазылық етті. Мәселен, осы жарыстың ақтық сынына төрешілік еткен АЙВА төрешісі, Сингапур елінен келген Стив Наха есімді білгір маманның болуы бұл жарыстың қаншалықты маңызды болғанын көрсетсе керек. Осы жарысқа шәкірттерін қосқан Талғар бокс мектебінің аға жаттықтырушысы Қанатбек Абдикеримовтың Нұрлыбай Талғар, Дәулетбай Саят, Алдияр Қабдулдинов деген боксшылары да чемпионаттың қола жүлдесін иемденді. Бұл да аз табыс емес еді.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».