Ауылым-алтын бесігім

Ауылым-алтын бесігім

Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Алматы облысы дін істері басқармасының ұйытқы болуымен 2017 жылдан бері «Рухани керуен» жобасы жүзеге асырылып келеді. Облыс орталығы Талдықорған қаласынан бастау алған мәні кең, мазмұны терең жобаны жүзеге асыру үш кезеңді қамтып, жұмыс жоспары 12 бағыт бойынша жүргізіліп келеді.

Рухани жаңғыруға негізделген игі шараны ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында құрылған арнайы топ құрамында қоғам және мәдениет қайраткерлері, спорт саңлақтары, қоғамдық ұйым жетекшілері, дін өкілдері, «Nur Otan» партиясының жетекшілері, ұзын саны елу адам бар. Атадан балаға мирас болып келе жатқан рухани, мәдени құндылықтарымызды дәріптеп, асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын түсіндіре отырып, теріс пиғылды діни ағымдардан сақтана білуге негізделген жоба жұмысының екінші кезеңі аудандардың іргелі, тіректі ауылдарын қамтыса, биылғы қорытынды бөлімі шалғайда орналасқан ауылдарды аралап, ел-жұртпен кездесу болып табылады.
Қазақ үшін ауыл – алтын бесік, ұлттық тәлім-тәрбиенің мөлдір бастауы. Өткен аптада «Рухани керуен» аудан орталығынан 60 шақырым шалғайда орналасқан Нұра ауылында болып, ондағы Мәдениет үйінде ауыл халқымен кездесу өткізді. Алыстан ат терлетіп келген керуенді тұрғындар, ақ жаулықты аналарымыз қазақи дәстүр бойынша шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Емен-жарқын аман-саулықтан соң жиналған көпшілік қанатын кең жайған сурет және кітап көрмелерін тамашалады.

Өткізіліп отырған іс-шараның мәні мен мақсаты жайында кіріспе сөз сөйлеп кездесуді ашқан облыстық дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы директорының орынбасары Әлі Айгүл Манапқызы «Рухани керуен» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын қысқаша баяндап өтті. Осыдан соң сөз кезегін алған дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының дінтанушы маманы Қанат Мүтебаев дін мен дәстүр сабақтастығын, салт-сана мен діни танымның бір арнада тоғысатындығын Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін келтіре, ілеспе түрде слайдттарды көрсете отырып түсіндірді. Дәстүрлі дінінен, ділі мен ана тілінен, әдет-ғұрыпынан ажыраған елдің болашағы болмайтыны анық. Сол себепті де, рухани құндылықтарымызды құнттай білуді, қой терісін жамылған деструктивтік діни ағымдардың қауіпінен сақтанудың маңызын қарапайым тілмен жеткізді. «Наданмен дос болғанша, кітаппен дос бол», «жақсы кітап – жан азығы» дегендей, адам баласы кітап оқу арқылы өмірді таниды, көкірек көзі ашылып, рухани дүниесі кеңейеді. Осы ойды әңгіме өзегіне айналдырған Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы жастарға кітап оқудың маңыздылығын тамаша мысалдар келтіре отырып түсіндірді. Ата салтымыз бен игі дәстүрімізді, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәуелі мәдениетіміз бен өрісті өнерімізді қастерлей білу рухани сананы жаңғыртудың негізгі тірегі екенін тілге тиек етті.


Руханият көкжиегін кеңейтуге бағытталған іс-шараның қорытынды бөлімі керуеннің сәнін келтіріп, әсем әнмен ажарын кіргізген жезтаңдай әнші, жыршылардың тұщымды концерттік бағдарламасына ұласты. Бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың шежіресі, көнекөз естелігі ең алдымен оның әні мен күйінде, жыр-толғауында жатқаны рас. Сахна төрінен тағылымды терме, дәстүрлі әндерді нақышына келтіре шырқаған жыршы, термеші әуесқой композитор Әбіш Әділбеков, дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші, сазгер Бақберген Асқарбеков, дәстүрлі әнші, Қазақ өнерінің қайраткері Эльмира Дауренбекова, ауданымыздың мәдениет майталмандары ерлі-зайыпты Аманқос, Ғанипа Садықовтар мен Ерлан Стамғазиевтің өнеріне тыңдармандар дән риза болып, ыстық ықыласпен қошемет көрсетіп отырды. Ауыл әкімі Сейтқұл Сейтенұлы «Рухани керуенге» ақ жол тілеп, топ мүшелеріне алғысын білдірді.

Райхан Азимова,
«Талғар».