Ауданымызға қарасты Қайнар ауылдық округіне 11 елді мекен кіреді. Халықтың көп шоғырланған ортасы да осы жерде. Сондықтан да болса керек күн тәртібіндегі кезек күттірмес мәселелер осы өңірден дүркін-дүркін көтеріліп, халықтың билікке деген өкпе-назы жиі-жиі көрініс беріп жатады. Көп ұсыныстың бірі мектептердің тарлығы болатын. Мәселен, Дәулет пен Жаңалық ауылдарындағы мектептер үш ауысыммен оқиды. №11 орта мектеп өткен оқу жылын І ауысымында – 236 оқушы, ІІ ауысымында – 234 оқушы, ІІІ ауысымында — 77 оқушымен аяқтаса, Жаңалық ауылындағы 460 орынға арналған мектептегі бала саны екі еседен асып жығылады.
Тұрғындары көбейіп, демографиялық жағдайы жылма-жыл артып келе жатқан ауылдар үшін, әрине бұл өзекті мәселелердің бірі. Тұрғындардың тілегіне құлақ асып жүретін жергілікті билік бұл мәселелердің оң шешімін табуына облыс пен республикаға ұсыныс хаттар жіберіп, нәтижесінде Дәулет ауылында басталған жаңа мектептің құрылысы бітуге таяу. Екі-үш жыл көлемінде өткір қойылып келе жатқан сұрақтың шешімін тапқанына халық та, билік те риза.
300 орынға арналған үш қабатты білім ошағының жұмыс барысын тексеріп қайтқан аудан басшысы Рыскелді Ахметқалиұлы аумағы атшаптырым әсем ғимараттың ішін асықпай аралады. 1 млрд.594 миллионға салынып жатқан құрылыстың жоспарға сай жүргізіліп жатқандығын қатаң қадағалады. Тексеру комиссиясын мектепті салып жатқан мердігер компания «Фирма Еламан» ЖШС-нің директоры А.Миразовтың өзі бастап жүріп, нысанды белгіленген межеде тапсыратындықтарын жеткізді. Ғимараттың ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталып, бүгінде спорт залы мен акт залының және көгалдандыру жұмыстарының соңғы нүктелері қойылып жатқан құрылыстың қарқындылығына қарап біздің де күмән сейілді. Электр желісі, газ құбыры тартылып, қосуға дайындалып қойылған. Арнайы ұңғыма арқылы таза су шығарылып, өртке қарсы су сақтайтын резервуар да пайдалануға дайын тұр. Баскетбол, волейбол, футбол алаңқайлары да мемлекеттік нормаға сай салыну үстінде.
Тексеру жұмысы «Жаңа формат» жобасына сай терезесі аулаға қараған, бірінші қабаттағы мектеп басшысының кабинетінен басталды. Белгіленген стандартпен директордың кабинеті 32 шаршы метр, ал қабылдау бөлмесі 12 шаршы метр болуы басты назарға алыныпты. Келесі кезекте алқалы топ 25 балаға арналған мектеп жанындағы шағын орталықпен танысты. Бүгінде төсек-орны, керек-жарақ жиһазы толықтанған орталықтың үлкен терезелері мен кіре беріс есігінің бөлек болатындығы көптің көңілінен шықты. Мұнан кейін үш қабатты ғимараттың әр кабинетіне кіріп, мұқият қарап шыққан аудан басшысы заманауи үлгіде салынып жатқан білім ұясының сапасына мән берді. Сондай-ақ, мектеп материалдық базамен, құрал-жабдықтармен өз уақытында қамтылуын қадағалау керектігін тапсырды. Осы жөнінде мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын алға тартқан аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Садвакасова үш лотпен келісім-шарт жасалып, компьютерлер мен интерактивті тақталардың толығымен жеткізілгендігін айтты. «Осы аптаның аяғына дейін 13 лот бойынша жасалған келісім-шартқа сәйкес материалдық база, оның ішінде мектепке қажетті басты жабдықтар толықтай келеді. Ал асхананың жабдықталуын жалға алушы кәсіпкер өз жауапкершілігіне алады», – деп бөлім басшысы ата-аналарды алаңдатқан сұрақтың жауабын айтып берді. Нысанды аралап шыққан соң аудан әкімі құрылыс бөлімінің басшысына өзі түртіп алған кемшіліктерді айтып, соларды тез арада жоюды тапсырды.
Үшауысымды мектептерді жою негізінде салынған бір ғана білім ордасымен күн тәртібіндегі мәселе шешіле қоймасы анық. Себебі, бала санының көптігінен биылғы жылы бес мектеп үш ауысымға көшіп отыр. Соны ескерген басшылар Қызыл Ту, Жаңалық ауылдары мен Айғаным ықшам ауданына 300 орынды мектептердің ЖСҚ жасап, бюджеттен 35 млн.740 мың теңге қарастырып қойған. Алдағы уақытта Талғар қаласында 1200 орынға арналған жаңа мектеп салу жосапрлануда. Т.Рысқұлов ауылындағы №16 орта мектебіне жапсаржай салуға арналған құжат ісі де бірізділікке түскен. Сонымен қатар Белбұлақ, Тұздыбастау, Бесағаш, Гүлдала, Алатау ауылдық округтеріне мектеп салу үшін жер телімдері қарастырылуда. Қалай десек те жасалып жатқан жұмыстардың дені тәуелсіз Қазақастанның болашағы үшін екенін ұмытпағанымыз жөн.
Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».