Қоғамдық кеңес
Апта басында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Жиынға аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары,Талғар қаласы мен ауылдық округ әкімдері, бөлімдер мен бірқатар мемлекеттік мекемелердің басшылары,үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Кеңес отырысын қоғамдық кеңестің төрағасы Қалимолда Байболов алғы сөзбен ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселемен таныстырды, жұмыс регламентін бекітті. Айта кету керек, аудандық қоғамдық кеңестің биылғы жылы сайланған жаңа құрамымен өткізіліп отырған бұл төртінші отырысы. Күн тәртібіне қойылған мәселе біреу. Ол аудан әкімі Рыскелді Сатбаевтың 2019 жылдың 6 ай қорытындысы бойынша есебін тыңдау. Кеңес отырысының тізгінін ұстаған Қ.Байболов өз сөзінде қоғамдық кеңестердің, сонымен қатар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұсынысымен өмірге келген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алға қойған негізгі мақсаты – халыққа жақын болу, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпалдасу, бір сөзбен айтқанда атқарушы билік пен халықтың арасында алтын көпір бола отырып, азаматтық, қоғамдық институттардың жаңа форматын қалыптастыру болып табылатынын тілге тиек етті. Ұлттық қоғамдық кеңес аясында маңызды жалпыұлттық заң жобалары мен даму бағдарламаларына қоғамдық сараптамалар жүргізілетіні туралы да айтылды.
Осыдан соң сөз кезегін есепті баяндама жасау үшін аудан әкімі Р.Сатбаевқа берді. Аудан басшысы өз баяндауында ағымдағы жылдың 6 айында аудан бойынша атқарылған әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің көрсеткіштерін саралай отырып, әр салаға жеке-жеке тоқталды. Ең алдымен бюджетке 25 млрд. теңге салықтық түсімдер жиналып, жоспар 101,5 пайызға орындалғанын жеткізе келе, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, халықты баспанамен қамту мәселесіне қатысты мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы, білім, денсаулық, құқық сақтау салалары, жұмыспен қамту, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларына мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін толықтай қамтып өтті.
Кеңес мүшелері аудан әкімінің есепті баяндамасын талқылай отырып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, кеңес мүшесі Н.Сарсеков аудан әкімінің жарты жылдық есебіне оң баға бере келе, ауылдық жерлердегі тазалық мәселесі, экологиялық тәрбиенің ақсап тұрғанын алға тартты. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары тұтынып отырған ауызсудың 1 кубына төленетін төлемақы Талғар қаласына қарағанда қымбат екенін (қалада 1 куб. -95 тг. ал ауылдық жерде 150 тг.құрап отыр), суармалы судың да тапшылығын, электр желілерінің тозығы жеткенін айтып, осы аталған мәселелерді шешуді сұрады. «Шапағат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қ.Темірбеков те әкім есебіне қанағаттанғанын білдіріп, өз ұсыныс-пікірін жеткізді. 2017 жылы аудандық мәслихаттың шешімімен зағип жандарды жұмыспен қамту, яғни аудан аумағында жұмыс жасайтын кәсіпорындарға жұмысқа тарту көзделгенін, бірақ та іс жүзінде бұл шешім орындалмай отырғанын айтты. Аудандық мәслихат депутаты Қ.Исабаев қоғамдық қабылдауды ұйымдастырудағы жүйелі жұмыс өз нәтижесін беріп отырғанын оң бағалап, Талғар қаласын толыққанды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Облыстық мәслихаттың депутаты А.Сүлейменов ірі ауыл шаруашылық құрылымының басшысы ретінде суармалы судың зардабын өзі ғана емес басқа да шаруалар біркісідей көріп отырғанын ащына айтты. Аудан аумағындағы ауылшаруашылық алқаптың 80 пайызы суармалы жерлер екенін ескерсек, оның үстіне жаз айларында 7 ретке дейін суғару керек болса, бүгінде бұл мүмкін болмай отыр. Аптап ыстықта егіс алқаптары қурап, жем-шөп әзірлеуге үлкен нұқсан келіп, өнімділік күрт төмендеген. Аталған проблема биыл үшінші жыл қайталанып отырғанын алға тартқан депутат мәселенің шешілуін талап етті. Өкінішке орай ҮАК жекеменшіктің қолында болғандықтан, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарсаның» кері келіп отырған көрінеді. Бұл кезек күттірмейтін мәселе болғандықтан, қоғамдық кеңес тарапынан ресми хат әзірленіп облыс әкіміне дейін дабыл қағылатын болады. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы М.Сихимбаева медиация қызметін дамытуды әрі медиаторлардың тиімді жұмыс жасауы үшін халық көп шоғырланатын ХҚКО ішінен бір орын қарастырылса деген ұсынысын білдірді. Белорус этно-мәдени орталығының жетекшісі Ж.Третьяк Талғар қаласындағы көпқабатты үйлерді көгілдір отынға қосу жұмыстары суық түспей жүзеге асырыла ма деген күдігін жасырмады. Спорт саңлағы, белгілі жаттықтырушы Владимир Еремин қала мектептерінің спорт алаңдары мүлдем сын көтермейтінін айтты. Шаңы аспанға шығып жатқан алаңдар, жаңбырлы күндері батпаққа айналады. Осыдан он жыл бұрын ел игілігіне берілген №7 мектеп-лицейдің бассейіні де әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Егер ол мүлдем жарамсыз деп танылса, онда осы кешенді спорт, денешынықтыру сабақтарын жүргізетін арнайы орынға айналдыру керектігін қадап айтты. Сонымен қатар, спорт жанашыры мектептерге сапасы төмен спорт құрал-жабдықтары алынатынына қынжылысын білдірді. Айта кету керек, жиында сөз алып, ұсыныс-пікірлерін білдіргендердің барлығы да қоғамдық кеңес мүшелері. Олардың көтерген мәселелеріне қатысты аудан әкімі бірден түсінік беріп отырды. Көтерілген кейбір мәселелер бойынша жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылып жатса, енді бірқатары назарға алынып жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелініп отырды.
Жиынды қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Байболов қорытындылап, кеңес мүшелері аудан әкімінің 6 айлық жұмысының есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».