Ата тарихтың кезеңінде «Кеше», «Бүгін» және «Ертең» деп аталатын үш ұлы бөлік бар. Олар бір-бірінен ажырағыссыз ғұмыр кешіп, тағылым мен танымның, парасат пен пайымның көрінісін беріп отырады. Бірақ қай бөлігін алып қарамайық, білім мәселесіне келгенде бөлектеніп кетпеген, кешегі күні де «білімді мыңды жығатынын» дәріптесек, бүгінгі күні «білімдінің күні жарық» екенін тағы насихаттап келеміз.Болашақта да бұл тәмсіл өзгеріссіз қала беретіні күмәнсіз.
Міне, сол білім бәйгесінде аудан шабармандары қандай межені алды, қандай межеге қол созбақ екендігі дәстүрлі тамыз кеңесінде тамылжыта баяндалды.
Тамылжыта деген сөзге бекерге екпін түсіріп отырған жоқпыз. Себебі, осы күнге дейін сынның астынан көз ашпай келген аудандық білім бөлімінің тұщымды баяндамасына қаныққанымыз осы болды. Салаға қатысты қандай дүние бар бәрі қамтылып, төменінен жоғарысына дейін цифрлары сөйлеген ақпаратты аудандық білім бөлімінің тізгінін ұстаған Қарлыға Айсабекқызы бір сағаттан астам уақыт тапжылмай мінберден оқып шықты. Келгеніне көп болмаса да білім саласының ой-қырын сүзіп шыққан 20 бетке жуық баяндаманы оқудан өзі де шаршаған жоқ, залды да мезі етпеді. Өйткені мұндағы әр цифр, әр сөз болашаққа қарата айтылған-ды. Яғни, болашақтың иесі – жас ұрпақтың білімі мен ұстаздың біліктілігі сөз болды. Аудан әкімі Рыскелді Сатбаев қатысқан жиынды әкімнің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы ашып, жүргізді. Бүлдіршіндердің ұстазға арналған тақпақтарынан басталған көлемді жиын үш сағат бойы басты саланың өткенін екшеп, келешегін кеңейтіп берді.
Ұстаз –
ұлт дирижері
Сонымен цифрларды сөйлететін болсақ, өткен 2018-2019 оқу жылын 40059 оқушы 67 пайыз білім көрсеткішімен аяқтаған. Ауданға қарасты 43 мектепте 3829 ұстаз қызмет етеді. Олардың ішінде үш «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері болса, 55-і «Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі» марапатын таққандар. 115-і «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атағын алған педагогтар. Жылдан-жылға саны ғана емес сапалық құрамы да өсіп келе жатқан мұғалімдердің 3358-і жоғары білімді қызметкерлер. Жаңа оқу жылына жаңа мақсат-міндеттермен қадам басатын педагогтар биыл да ыждаһаттылықпен жұмысқа кірісіп кетті. «Жаңартылған білім беру бағдарламасы» бойынша 2012 мұғалім арнайы курстан өтіп, Үкімет тапсырмасының негізінде жаңа талапқа сай білім көрсеткішін жандандырамыз деп жалындап тұр. Қызметіне адал ұстаздардың арқасында балалардың жұлдызы жанып, өткен жылы «Дарын және олимпиада» бағдарламасы бойынша ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан 17 оқушының 15-і жүлдемен оралған. Олардың есімін тізіп шыққан баяндамашы, сондай-ақ халықаралық, облыстық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен ұстаздарының да есімін мінберден қуанышпен атап өтті. Бұл көрсеткіштер аудан абыройын асқақтататынын айтып, алдағы уақытта да толайым жеңістер көп болуына тілектестігін білдірді.
Осындай ұлағатты жандардың қатары жаңа оқу жылында жас мамандармен толығып, білім сапасы жастар көзімен жасарып келеді. Биыл да 20-ға жуық жас маман аудан мектептеріне келіп, еңбек жолын бастап жатыр екен. Аудан әкімінің қолынан салтанатты жағдайда еңбек кітапшасын алған жастар тек іске келгендерін дәлелдеп бермек.
Инклюзивті білім – басты мақсат
Қазіргі таңда инклюзивті білім беру мәселесі республика көлемінде негізгі мәселенің бірі болып отыр. Өйткені мүмкіндігі шектеулі, ерекше назарды қажет ететін балаларды ортаға тарту, оларды оқумен қамтамасыз ету міндеті мемлекет деңгейіндегі басты мақсатқа айналған. Қоғамнан алшақтап, балалардың психикасына салмақ түсірмеуді көздеген болар, Үкімет. Дегенмен мұнда да ауданның ісі өзгелерге үлгі дерліктей деңгейде. Аудан бойынша 0-18 жас аралығында 795 айрықша назарды қажет ететін жас жеткіншек тіркелген. Олардың 109-ы мектепте инклюзивті білім берумен, 12-сі мектепке дейінгі біліммен қамтылған. 42 білім беру ошағының 27-сінде 16 логопед, 16 дефектолог маман қызмет атқарады. 16 мектепте логопедтік пункт жабдықталып, кабинеттер жұмыс жасап отыр. Сонымен қатар барлығы 209 бала денсаулығына байланысты үйде оқумен қамтылған. 209 баланың 166 ОПМПК-ның тұжырымдамасымен ерекеше білімді қажет ететін балалар болса, 43 бала түрлі соматикалық аурулармен ауыратын оқушылар санатында. Көкейкесті мәселенің тетігін дамытуда жұмыла жұмыс істеп жатқан ұстаздар мен ата-аналар арасындағы байланыс баланың білім алуына деген кедергі жоюға деген ұмтылыстан туындауда.
Оқу жылына дайындық ойдағыдай
Ауданда барлығы 57 мекеменің 33-і газға қосылған. Бір мектептен тыс мекеме (Жас натуралистер станциясы) көмірмен жылынады. Алматы қаласында орналасқан 1 интернат орталықтандырылған жылыту жүйесімен жұмыс жасайды. Қалған 17 мектеп және 1 мектептен тыс мекеме сұйық отын қолданады. Осы мекемелерге 882 мың 576 литр сұйық отынға қаржы бөлінді.
Сұйық отынның 60 пайызы 2019 жылдың қыркүйек айында, 40 пайызы қазан айында толығымен құйылып алынады деп жоспарланып отыр. Бүгінгі күні мекемелердің қазандықтарына тазалық жүргізіліп, дайындықтары пысықталу үстінде. Сонымен қатар, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және әлеуметтік тұрмысы нашар көп балалы отбасынан шыққан балаларға бюджеттен бөлінген қаражат толығымен жұмсалып, балалардың сабаққа бармай қалуына еш кедергі жоқ.
Биылғы жылы мектептердің ғимараттарын жаңарту мақсатында ауданға қарасты №4 орта мектеп-лицейінің күрделі жөндеуіне бюджеттен 194 млн. 620 мың 725 теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. №49 орта мектептің шатырының күрделі жөндеуіне 7 млн.779 мың 745 теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Өстемір ауылындағы №14 орта мектебін абаттандыруға 42 млн. 012 мың теңге бөлінді. Талғар қаласындағы №1 мектептің спорт залының жөндеуіне 5 млн. қаражат қарастырылып, жөндеу жұмыстары қыркүйек айына жоспарланып отыр.
2019 жылы 18 мектеп 21 млн. 850 мың теңгеге компьютерлермен қамтамасыз етілді. №3 орта мектепке лигафондық –мультимедиялық кабинет сатып алу үшін 4 млн. 500 мың теңге, IT класс жабдықтау үшін № 32, 36 мектептерге 19 млн. 074 мың теңге қарастырылған. Білім мекемелері толығымен 100 пайыз интернет желісіне қосылған. Аудан бойынша 42 мектептің ішінде 32 мектеп /67,1 пайызы/ жаңа модификациялы кабинеттермен және интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген. 15 мектеп физика кабинетімен, 20 мектеп химия кабинетімен, 18 мектеп биология кабинетімен, 17 мектеп лингофонды мультимедиялық кабинетпен, 18 интербелсенді тақталармен жабдықталған. Ауданымызға қарасты 42 мектептің 22-сі 2017 жылдан бастап «kundelik.kz» порталына енгізіліп, электрондық журналмен жұмыс жасаса, 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап, 41 мектеп порталға тіркелді. Тек Туғанбай ауылындағы №30 орта мектептің интернет желісі өте нашар болғандықтан порталға енгізілмей, 2019-2020 оқу жылында енгізіледі деп жоспарлануда.
Сынға ұшыраған мектептер
2018-2019 оқу жылын аяқтаған 1377 оқушының 1375-і қорытынды аттестаттауға қатысқан. «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер 66 оқушы білімдерін дәлелдеп шыққан. 83 «Үздік аттестат» иегерлері де сол көрсеткішін ақтаған. Ең жоғары 122 баллды Қызылту ауылындағы №24 және «Арыстан» мамандандырылған лицей түлектері жинаған. Жалпы 1377 мектеп бітірушілердің 68,4 пайызы, яғни 942-сі ЖОО-на түсіп, оның ішінде 335-сі грант иегерлері атанған. 173-і колледж (57-сі грантқа) студенттері атанған. Облыс әкімінің грантын 14 оқушы иеленген.
Жекелеген мектептерінің білім сапасына тоқталатын болсақ, оқу жылының жылдық қорытындысы бойынша ең жоғары білім сапасын көрсеткен №45 мектеп-гимназиясы /76,4/ болып отыр. Одан кейін №7 мектеп-лицейі /73,3/, № 34 орта мектеп-гимназиясы /72,2/, №35 орта мектеп-гимназиясы /68,8/, №4 мектеп-лицейлері орналасқан /66,7/.
Өкінішке орай ауданның көрсеткішін өте төмен, яғни 52-56 пайыз аралығында көрсеткен мектептер де бар болып шықты. №29, №5, №16, №22, №38 орта мектептерге барын сала жұмыс істеп, білім сапасын жоғарылату керектігі айтылды.
Жан-жақты қамтылған кеңестің жұмысын бөлім басшысынан кейін жарыссөзге шыққан азаматтар тың пікірлерімен толықтырды. Барлығы да бүгінгі білім реформасындағы жаңалықтарға сай болып, балалардың толыққанды білім алуына арналған жобалардан тыс қалмауын тілге тиек етті. Жаһанданамыз деп ұлттық құндылықтарымыз да ұмыт қалмау керектігін алға тартты.
Кеңесті қорытындылаған өңір басшысы Р.Ахметқалиұлы білім көрсеткіші ауданның көрсеткіші екенін алға тартты. Аталған кемшіліктерді түзеп, оң қорытынды шығару керектігін қатаң ескертті. Барлық педагог қызметкерлерді келе жатқан білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылына тың серпіліс болу үшін аудан беделінің айшықты болуына үздіксіз үлес қосқан ұстаздарға арнайы марапаттарын тапсырды. Және де нәтижелі білім сапасын көрсетіп, оқушылары түрлі деңгейдегі олимпиадалардың жеңімпазы атанған №7 мектеп-лицейге бас жүлдені табыс етті. Сонымен қатар жалпы білім беретін орта мектептер арасында үздік көрсеткішке қол жеткізіп, бас жүлдеге ие болған №2 орта мектептің де жеңісін салтанатты жағдайда табыс етті. Кеңес соңында қарар қабылданды.
Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».