Нәрестеге есім беруде қазақтан өткен көреген халық жоқ. Жақсы есім – баланың болмысына, тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді деп үлкен жауапкершілікпен қараған. Тіпті, Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) айтқандай, баланың әкесіндегі үш хақысының бірі де осы балаға есім қоюмен байланыстырылған. Десек те, әр заманның өзіне сай, сәндік есімдері болады. Кеңес кезінде Мэлс, Маркс есімдері жиі қойылса, қазір заманауи Азиада, Саммит, Олимпиада, Астана секілді есімдерді кездестіреміз.
Арнайы статистикалық мəліметтерге сүйенсек, жалпы Қазақстан бойынша 24 Астана есімді адам бар. Олардың ең үлкені 75 жаста көрінеді. Бұл есімді иеленушілердің бесеуі Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары екен. Біз əңгімеге тартқан жас əнші, халықаралық байқаудың жеңімпазы Астана Алпысбайұлы да Шымкент қаласының тумасы. Бас қаланың мерейтойы қарсаңында елордамен аттас əншіден сұхбат алуды жөн көрдік.
– Сұхбаттың өзегі есіміңізбен байланысты болғандықтан содан бастасақ, Астана есімі еліміздің бас қаласының құрметіне қойылған ба?
– Мен 1993 жылы дүниеге келдім. Ол кезде бас қаламыз əлі Астана атын иемденбеген кез. Бұл есімді маған əкем қойған. Атамның екі інісі де соғыста ерлікпен қайтыс болыпты. Біреуінің есімі Астана екен. Кіші атамыздың есімі өшпесін, ізін ұрпақтары жалғасын деген ниетпен маған осы есім бұйырыпты. 1998 жылы Президенттің Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Содан бері «Мен атамның атын арқалап жүрмін ғой, ендеше, ол атқа кір келтірмеуім керек» деген жүрегіме ұялаған сезіміме үлкен жауапкершілік жүктелді.
– Жас қаламызбен аттас болу өміріңізге өзгеріс алып келді ме? Көп жағдайда азан шақырып қойылған есім адам өміріне тікелей əсер етеді деген түсінік бар ғой.
– Менің өмірімді осы есім түбегейлі өзгертті десем артық айтпаған болар едім. Бастапқы кезде балалықтан болар қысылатынмын. Қазір, керісінше, есімімді мақтан тұтамын, біріншіден, атамның əруағын сыйлағандықтан, екіншіден Елордамыздың атын еншілеп жүргендіктен өз-өзіме салғырт қарауыма жол бермедім. Жас Астанамызбен бірге өсіп-өркендегім келді. Қысқасы, атыма затым сай болу – менің алға қойған мақсатыма əрі өмірлік кредома айналды. Өнер жолына келуіме де бас қаламызға деген сүйіспеншілігім, махаббатым əсер етті. Тіпті «Астана» атты авторлық əнімнің тууына себеп болды. Бұл əніме бейнебаян да түсірдім. Ат қоюда үлкен көрегенділік танытқан əкем Алпысбай мен анам Райханға алғысым шексіз. Өзіңізге сұхбат беріп отырғаным да есімімнің ерекшелігінде болып тұр ғой…
– Өнер жолында жүргендіктен көбінесе лақап ат шығар (псевдоним) деп ойлаушылар болды ма?
– Ондай жайттар кездесті. «Өнердегі орнын қалыптастырып, жұлдыз болуы үшін куəлік алған кезде атын ауыстырып алған ғой» деп ойлаушылар да кездесті. «НҰРАСТАНА» деп ауыстырып ал, 20 жылдыққа пəтер берер» деп келемеждеушілер де кездесті. Ол сөздер маған қайрат, жігер берді. Астана бола тұра неге Астана қаласында тұрмасқа деп, өз-өзімді сол мақсат жолында дамытып жатырмын.
– 2015 жылы «Х Фактор» жобасының жеңімпазы болғаныңыз ды білеміз. Бірақ бұл жеңіс оңайлықпен келмеген секілді. Толығырақ тоқталып өтсеңіз?
– «Х-Фактор» жобасына бір емес 4 жыл қатарынан қатысқан болатынмын. Қатысқан сайын айтқан кемшіліктерді түзеп, «жеңіспен қайтамын» деп жүріп, төртінші жылы жеңімпаз атандым. Өнерге ден қойғаным соншалық бос уақытымның барлығын тек дайындыққа жұмсайтынмын. «Еңбек түбі – жеңбек» деген осы болар.
– Қазір шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?
– Шығармашылығымда жақсы жаңалық тар көп. Бірнеше əнім дайын тұр. Əннің мəтініне жете мəн беретіндіктен, өмір, адамдық болмыс жайлы өлеңдерді іздестірудемін. Ол коммерциялық жоба емес, тек естір құлаққа жеткізу, белгілі бір ой салу мақсатында жазылған шығармалар.
– Алға қойған мақсатыңыз не?
– Жас болған соң айқын мақсаттар көп. Ең бастысы өнерде де, өмірде де тұлға болып қалыптасып, атыма кір келтірмей абыроймен өмір сүру. Артымнан ұлағатты сөз бен ұлт сыйлайтын ұрпақ қалдыру. Жəне арман қала Астанаға бет бұру.
– Əңгімеңізге рахмет. Өнер жолындағы сапарыңыз сəтті болсын!
Сұхбаттасқан: Меруерт МАУЛЕТХАНҚЫЗЫ.