МЕМЛЕКЕТТІК ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ЗАҢДЫ ТӨРІНЕ ШЫҒУЫНА ЖОЛ АШУЫ ТИІС!

МЕМЛЕКЕТТІК  ЛАТЫН ӘЛІПБИІ  – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ЗАҢДЫ ТӨРІНЕ ШЫҒУЫНА ЖОЛ АШУЫ ТИІС!

Сонымен, 2025 жылға дейін акутты әліпбиге толық көшу көзделінді. Келесі жылдан бастап бастауыш сыныптар латын графикасына негізделетін жаңа әліпбимен сауатын ашпақ. Біздің жыл санауымыздан 800 жыл бұрын, үш мың жылға жуық уақыттан бері келе жатқан латын әліпбиі кириллицаны ығыстырады деген үміт пайда болды бәрімізде. Бірнеше жыл ішінде «Қазақстан» деген атаудан бастап бүкіл құжат, жарнама, ақша, бәрі-бәрі өзгереді. Біз әбден кирилл қарпіне үйреніп кеткендіктен кереғар пікірлер айтыла беретіні даусыз. Ал мемлекеттік тіл мерейінің үстем болуын, мәртебесінің биіктеуін, тіліміздің заман талабына сай бейімделуін, цифрлы форматпен үндесе қолданылуын, ақпараттық кеңістікте кеңінен таралуын қолдайтын жандар бұл әліпбидің үлкен мүмкіндіктер алаңы екенін айтуда.

Көпшілік жұрт «Бұл нұсқа неге алдымен талқыланбай бірден бекітіліп кетті?» – деген сұраққа жауап іздеп жатса да, бұл халықтың айтқан ұсыныстары, пікірлері ескеріліп, соның негізінде ең ыңғайлы дайындалған нұсқа деп ойлауға болады.

Бүгінгі таңда қоғамда əліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер бір арнаға тоғысты. Яғни, латын əліпбиіне көшетініміз, оның қолдануға енгізілетін кезеңдері анықталды.

Латын əріптері біз үшін жаңалық емес екендігін мойындауымыз керек. Бəріміздің электронды поштамыз, көлігіміздің нөміріндегі əріптер, жеке куəлігіміз бен төлқұжатымыз, аты-жөніміз қосымша латын əріптерімен жазылған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ендеше, латын əліпбиі – біздің қолданыста жүрген əліпби. Оны еліміздегі кез келген орта білімді азамат белгілі бір дəрежеде біледі. Латын əліпбиіне көшу арқылы көп мəселенің басын қайырамыз. Алдымен, тіл тазалығы мəселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын əріптер қысқарып, қазақтың төл тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.

Екіншіден, қазақ тілін оқытқан кездегі басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарады. Бұл – мектептен бастап тілді оқытуды жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді.

Үшіншіден, латын əліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дəрежеде танылуына жол ашады. Төртіншіден, түбі бір түркі əлемі негізінен латынды қолданады. Біз олармен рухани, мəдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, бір үйдің баласындай тығыз байланысты күшейтуіміз керек.

Жаңа қабылданған əліпбиде 32 таңба бар. Алдыңғы екі жобамен салыстырғанда көзшалымға да ұнады. Жоғарыда аталған жат дыбыстарды таңбалайтын əріптер қысқарған. Жаңа əліпбиде 6 əріптің төбесіне үтір (акут) қойылған. Акут таңбаларының ерекшелігі – апостраф сияқты сөзді екіге бөлмейді, оқуға да жазуға да ыңғайлы. Енді еліміз акутты əліпбиге 2025 жылға дейін белгіленген кезеңдермен толық көшуі тиіс. Ал келесі оқу жылында мектептерде пилоттық жоба ретінде бастауыш сыныптар латын графикасына негізделген əріптерді оқи бастайды.

Халықтың қызу талқысына түскен латын əліпбиі осылай бір межеге тоқтады. Елдің бүгіні емес, ертеңін көздеген мақсатымыз сəтті болсын, ағайын!

Гүлнəр МАМЫРБАЕВА

Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының əдіскері