Мықтылық мұратсыз келмейді

Мықтылық мұратсыз келмейді

Салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдану – деніміздің сау болуының негізгі кепілі. Осы мақсатта Талғар ауданында көп жылдардан бері «КСРО спорт шебері, еңбек жəне спорт ардагері Қалимолда Байболов» атындағы баскетболдан турнир өтеді. Биыл да дəстүрден жаңылмай, аталмыш турнир Талғар қаласында жалғасын тапты.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудандық мəслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы Талғар ауданының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Қалимолда Байболұлының салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды спортқа баулып жүргенін тілге тиек етті. Өз кезегінде сөз тізгінін алған Талғар ауданының Құрметті азаматы Найлə Үмбетова, «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетовалар Қалимолда Байболұлын құттықтап, спорттағы жемісті еңбегіне табыстар тіледі. Жарысқа қатысушы жастарға сəттілік серік болсын деген тілектерін арнады.

Алматы облысының Ұлттық баскетбол федерациясының президенті Қалимолда Байболовтың тəрбиелеуімен Талғар қаласында құралған жас баскетболшылар командасы жылма-жыл облыс командалары арасында, «чемпион» атанып, биіктен көрінуде. Айта кетейік, спортты жанына серік етіп, ел жастарының саламатты өмір салтына айрықша мəн беретін Қалимолда Байболов кезінде «Еңбек резервтері» қоғамы сапында Қазақстанның баскетболдан құрама командасында ойнаған КСРО спорт шебері.
Аталмыш турнирге жыл сайын облыстан командалар келіп қатысса, биыл ауданымызға қарасты орта мектеп оқушылары арасында жарыс ұйымдастырылды.

– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаевтың еліміздің халқына Жолдауында 2030 жылға дейін эканомикалық, əлеуметтік биіктерге көтерілу үшін рухани байлықтың, денсаулықтың қажеттігі атап көрсетілгені мəлім. «Тазалық – саулық негізі, саулық байлық негізі», – деп бекер айтпаса керек. Спорттық жарыстарды өткізудегі басты міндет – жастардың өз бос уақыттарын тиімді пайдалануға баулу, салиқалы, дені сау, белсенді жас қоғамды қалыптастыру жəне жастарды ортақ бір іске жұмылдыру,- дейді Қалимолда Байболұлы.

Тартысты да, тартымды өткен баскетбол жарысына Талғар ауданына қарасты орта мектептің жəне аудандық спорт мектебінің ұлдар жəне қыздар командалары қатысып, екі күн бойы күш сайыстырды.

Ойын нəтижесінде I орынды қыздар арасында №5 жалпы білім беретін орта мектеп, ұлдар арасында №10 орта мектеп командалары иеленді. Ақтық сынға шыққан орта мектеп командалары жеңіс үшін барын салысты. Қарсыласына жол берген №4 мектептің қыздар командасы мен №49 мектептің ұлдар командасы ІІ орынды еншіледі. Жүлделі III орынды №5 орта мектептің ұлдар командасы мен №35 мектептің қыздар командалары бөлісті.

Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Сондықтан спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болады. Сөйтіп, жанкүйерлер мен спортшыларға үлкен қуаныш сыйлаған баскетбол турнирі өз мəресіне жетті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Қалимолда Байболов құттықтап, кубокпен, мадақтама қағаздарымен марапаттады.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

Талғар-ақпарат