«АЛДЫМЕН ЗЕРТТЕ МЕНІ!…»

«АЛДЫМЕН ЗЕРТТЕ МЕНІ!…»

9 АҚПАН — АҚИЫҚ АҚЫН М.МАҚАТАЕВТЫҢ ТУҒАН КҮНІ

«Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармаларымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бəрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін. Естеріңде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Ол поэма іспетті біртұтас». Ағынан жарылған шынайы ақынның «Бүкіл менің жазғаным бір ғана поэма» деуі – шын мəніндегі парасат иесі, өмірге ойлы көзбен қарайтын жанның жан тебіренісі, əлеуметтік ортаға айтар көзқарасы бар ақынның ширыққан үні. Жаны – жайсаң, жүрегі – жұмыр, құшағы – кең ақынның тыныштықты аңсаған жалынды үні əр жүректе өшпек емес. «Мені адамның өзі, сыртқы сүлдері емес, мінез құлқы, қатынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Оларды түсінуге тырысамын. Адамдарды түсіне отырып, олардың да мені түсінгенін қалаймын. Менің бүкіл поэзиямның мəні, міне, осы. Поэзия – мен үшін жанымның шырылы», – деп ақиық ақын тегін айтпаса керек-ті. «Тіл дегеніміз – адамзат мəдениетінің қуаты, энергиясы» деген аты əлемге мəшһүр ғалым Вернадскидің пікірі көркем сөзде кесте тіккен ақын Мұқағали Мақатаев шығармашылығына тəн десек, қателеспеспіз. Иə, оның тілі шынында да бай, шұрайлы… Қара өлеңнің қарагері Мақатаев Кеңестік кезең бодандығындағы Кеңістік пен Уақытта қарақұрым қалың оқырман тарапынан жалпыхалықтық қолдау тауып, оның еңбектері еліміз Тəуелсіздігімен қауышып, поэзия Кеңістігінде өмір сүруге мүдделі жандардың қарасын молайтумен келеді.

Шын талантты қаламгер қандай жанрда жазса да оқырманының жүрегіне жеткізіп, көңілінен шығатынына Мұқағалидың «Күнделік» – кітапшасын оқып шығып көзім анық жеткендей болды.

Өмірге өлең үшін келіп, өлеңнің тұлпарын баптаған тұста ғұмыры үзілген Мұқағалидың соңында қалған мол мұрасын қазір халқы төбесіне көтеріп, құрметпен бағалауда. Соның айқын дəлелі – оның жетпіс жылдық мерейтойы болатын жылға орай, тірлігінде еленбеген еңбегінің бағаланып, Мемлекеттік сыйлыққа ие болуы. Көзі қарақты барша оқырманның да, бүгінгі жас ұрпақтың да Мұқағали жырына, жырға оралған сырына, сыр көмкерген мұңына əбден қанық болғаны анық шындық.

Енді тарлан ақынның пышақтың қырындай ғана «Күнделік» – кітапшасына сəл назар аударайықшы. Бұл – «Жалын» баспасынан ақынның 60 жылдығына орай 1991 жылы шыққан. Осы кішкентай ғана күнделіктің əр бетін аударған сайын мен ақын өмірінің парақтарын ашып, оқығандай боламын. Өмірдегі жалғандық… Қулардың зымиян əрекеті… Жаралы жүректің араша іздеген сəттегі қиналысы… Арқадан қағып жүріп, аңдаусызда орға итеретін опасыздар қылығы…

Бар-жоғы 47 беттен тұратын бұл күнделіктің жазылу тəсілі де, айтар ойы да біз бұған дейін оқыған қалың-қалың күнделіктерден мүлдем өзгеше. (Əрине, мен бұл жерде бұдан басқаның бəрі күнделікке тəн қасиетті атқара алмады деп тұрған жоқпын). Шынайы талант нені жазса да, қай жанрда қалам тербесе де, өз ерекшелігін танытатынына тəнтімін. Нанбасаңыз бар-жоғы төрт-ақ сөйлемнен тұратын күнделіктегі мына жолдарға назар аударыңызшы:

«…Қаласа да, қаламаса да, жұрт мені ақын ретінде түсінеді. Ал, адам ретінде кім түсіне қояр дейсің… Тіпті ең жақындарым да. Түсінсеңдерші, мен туғаннан адаммын. Адам қалпында қалам. Ал мен кейін ақын болдым, ұқсаңдаршы…»

Мұқағали бұл естелікті 1974 жылдың 10 маусымында жазыпты. Байқайсыз ба, бұл оның ел алдындағы ақындық парызды мойындауы, адами мінезбен тіл қатуы.

Басында айтқанымыздай, өзі өмір сүрген уақыттағы заман мен қоғамның ызғарлы желі Мұқағалиды да соқпай өткен жоқ. Сүрінген кездері де, түңілген тұстары да болды. Бəлкім, өзінің тау өзеніндей өршіл мінезінен де болған шығар…Тіршілігінде кімнің қадірін кім білген.

Өз басым Мұқағали тірлігінде үнемі қуғын-сүргін көрді дегенге толық келісе де алмаймын. Ал оның қысқа ғұмырында бармағымен бал жаламағаны жəне шындық. Өз талантына, өршіл өлеңіне сенген ақынның өр мінезі талайлардың жүйкесін тоздырғанын көрген сəттерім де бар. Сондықтан да оған бетпе-бет келе алмайтын дұшпандары арқасынан қағып жүріп, талай мəрте алдынан ор қазғаны жайлы жанашыр жақындары енді-енді айтып жүр. 1974 жылдың 2 мамыры күні жазылған мына күнделік осының айқын дəлеліндей:

«…Білгендерін істеп бағуда. Не жаза бар, бəрін қолдануда. Милицияға да бірнеше рет тапсырды. Енді қаматпақ ойлары. Көлеңкемнен қорқатын халге жеткізді. Милиция қашан келіп, қашан алып кетер деген қауіптемін. Əнеу күні милицияда асылып өлмек те болдым. Балаларымды қимадым. Мойныма тұзақ салып сəл тұрдым да, ойландым… Бұл халге де жеткізді. Соншама не істеп қойдым бұларға?! Себепсіз адам өлмейді… О, не деген қиын уақытта өмірге келгенбіз, бауырым…».

Иə, күштінің езетіні, қудың алдайтыны ықылым заманнан бері келе жатыр. Қазір де бар. Бұл – жалған емес, шындық… Тағы да күнделік беттеріне назар салайық. 25 мамыр 1974 жыл:

«…Келесі жылдың осы күні қандай күйде болатыным маған мүлде белгісіз. Жалпы, менің бүкіл саналы өмірім осы күдікті шыр айналумен келеді. Мен тіпті дəл ертең не болатынын да білмеймін. Əрдайым белгісіз бір күйде қалам…».

Көрдіңіз бе, көлеңке мен шуақты, шындық пен жалғандықты өзгелерден гөрі анық біліп, жете танитын ақынның шын жүрек сыры бұл. Өмірінің жаңа парақтары ашылып, ескі парақтары жабылған сайын өмірге іңкəр бейбақ жүрек бебеу қаққандай ма, қалай?… Ақын күнделігіндегі санаулы ғана жолдардан нені аңғардыңыз, қадірменді оқырман!?.

Біздің пайымдауымызша, 1970 жылдардың басынан басталған ақын тағдырындағы қиын түйіндер ол өмірден озған 1976 жылдың 27 наурызына дейін шешілмей-ақ қойған секілді. Сондай қиналыс, күйзеліс сəттерде Мұқағали санаулы сөйлемдермен ғана күнделік жолдарын түсіріп жүргенін ол кезде ешкім аңғара да қоймағандай.1973 жылдың 22 ақпанында былай депті:

«…Ей, қалам ұстаған қаламдастарым! Халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйем деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер».

Міне, ақын күнделігінде тек мұңайу, күйзелу ғана емес өз замандастарына қайрат беріп, рухтандыратын жолдар да бар. Əйтеуір күнделік екен деп, барғанын, көргенін, алғанын, бергенін ғана тəпіштемей, азаматтық үн қатады ақын. Мұқағали күнделігінде ақын жауапкершілігі жайлы, поэзия туралы қысқа да нұсқа тұжырымды ойлар аз емес. Назар аударыңыз:

«…Ақын жүрегінің жауы да, жанашыры да – өзі. Ақынның өмірді зерттегені – алдымен өзін зерттегені. Ақын құдіреті – өмірден өзін, өзінен өмір жасай білуінде». Бұл жолдарды 1972 жылдың 17 сəуірінде жазған.

Өзінің туған жері – қасиетті Қарасазды, əйгілі Шəлкөдені, дара шың Хан тəңірін жауһар жырының жалауы еткен ақын күнделігінде туған жерге деген сағынышты сəттер жарқ ете қалатын тұстар да аз емес. 1972 жылдың 2 сəуіріндегі жазған күнделігінде былай депті:

«…Бүгін (дəл қазір, 2 сəуір түнгі он екілерде) тырналар ұшып өтті. Столға отырғаным сол еді, тырнаның даусын естідім. Біздің жаққа қарай ұшып кетті. «Ақ тырналар аспанға сына қағып, …» ұшып кетті…»… Сол күнгі жазбасында:

«…Пушкин мен Абайға айналып соға берем, соға берем. Апырмай, Пушкин- ай! Сонша дүниенің бəрін қашан жазып үлгерді екен?».

Ақынның сезімтал жүрегі түнде де бəрін көреді. Бəрін сезеді. Соны ақ қағазға түсіргені ғой. Өмірдің əр сəті, əрине, əйтеуір бір əсері бөлек тұстағы сезім отының жүректен сүзіліп шыққан тамшылары осы емес пе. Бəлкім келісерсіз, не келіспессіз. Меніңше, Мұқағали ұзақ дастан жазса да, қара сөзбен жырласа да, біз əңгімеге арқау етіп отырған өмір парағы – күнделікте де оқиғаны қысқа да, анық жеткізеді. Ашық бояумен көрсетеді.Сырлы сөзбен кестелейді. Жалғандығы жоқ, өмірді боямасыз қалпында оқиғаны көз алдыңа елестетеді. Бұл күнделікте сондай. Өмірдің əр қыры, өзі ғұмыр кешкен заманы мен қоғамының, оның құшағындағы кейде адал, кейде арам пенде – адамның басында болатын түрлі жəйіттер ақынның басынан да өткені жалған емес. Күнделігінің əр тұсында Мұқағали соны айтады. Тағы да сəл назар аударыңыз:

1973 жылдың 20 наурызы: «…Құрбы- құрдас, əріптес замандастар мен туралы түрлі қауесеттер таратады. Біріне-бірі айтады, «өзімсініп» өзіме де айтып қалады. Көбісін бояп, бірінен-бірі жаңғыртып та айтады. Ал мен олардың қай қырымнан қасығысы келіп тұрғанын түсінбейді ғой дейсің бе?… Көңілшектік – менің ең осал жерім. Сірə, сүріне беретінім де осыдан болар… »

Адалдық жайлы, өлең туралы туған жер мен ұрпақ үрдісі хақында да осы күнделікте аз сөзбен бəрімізге керек кесек ойлар айтылған:

«…Сүйікті балаларым менің!Ақылсыз болмаңдар! Өмір тола қауіп, абай болыңдар! Өмірдің əрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Бір сөзбен айтқанда, сүйе де, жеккөре де біліңдер. Бірақ əрқашанда адам қалыптарыңда қалыңдар!… Балаларым менің! Балаларым менің! Егер сендер түсінсеңдер ғой мені…»

Шағын күнделіктің қадыр-қасиетін бұдан əрі тəпіштеп айта беру артық болар. Мұнда да ақиық ақын Мұқағалидың ерекше қолтаңбасы, дара талантының айқындығы менмұндалап тұрғанын сезіп, танып, мойындасақ жетер. Бұл «Күнделік» – ақын өмірінің ашқан сайын қызықтыратын мұңы да аралас, сырға толы парақтары секілді көрінеді маған.

АЙТАҚЫН ƏБДІҚАЛ

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын,

Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты

Талғар-ақпарат