Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дарынды тарихшы-ғалым, профессор, педагог Санжар Асфендияровтың туғанына 135 жыл.
1938 жылы 25 ақпан Ресейдің Қазақстанды жаулап алуы жөнінде ашық айтылған, отаршылдықты әшкерелеген тарихи шығармалары үшін жалған айып тағылып «ату жазасына» кесілген мемлекет қайраткері, ғалым, педагог Санжар Асфендияров басқа да құрбандармен бірге ортақ шұңқырға жаназасы да шығарылмай, еш белгі де қойылмай жасырын көмілген болатын. 86 жылдан кейін 135 жылдығында қазақтан шыққан алғаш дәрігерлердің бірі, педагог С. Асфендияровтың бүгінгі шәкірттері 1930 жылы өзі құрған медициналық университеттің оқытушылары мен студенттері «Үлкен террор» құрбандары жерленген Жаңалық ауылына құлпытас ескерткіш орнатып, құран бағыштады.
1928 жылы Ташкенттен Алматыға көшірілген Қазақстандағы алғашқы жоғарғы оқу орны педагогикалық институттың алғашқы ректоры, алғашқы медициналық университеттің негізін қалаған Алаштың ардақты азаматына арналған ескерткіш белгінің ашылуына екі университеттің басшылары, ардагер ұстаздары мен студенттер қатысып, ұстазға құрмет көрсетті.
Ашылу салтанатында Санжар Асфедияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Марат Едігеұлы Шоранов медицина саласындағы мамандарды даярлау жолындағы еңбектеріне айрықша тоқталып, Санжар Асфендияровты дәріптеу жалғасын табатынын жеткізді. Сондай-ақ С. Асфендияровтың әпкесі, қазақтан шыққан алғаш әйел дәрігер Гүлсім Асфендиярованың Ташкенттегі зиратын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқандығы жайлы айтып өтті. Алғашқы ректоры С. Асфендияров болған «қара шаңырақ» Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Мақсат Жақау «Санжартану» сабақтары жүргізіліп, тұлғаның мерейтойынан шет қалмай жастар арасында айтыс, жиын, тағы да басқа шаралар өтіп жатқандығы туралы хабар берді. Ескерткіш белгінің ашылу салтана- тынан кейін «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде «Тұғыры биік тұлға» атты көрме таныстырылды. Көрмеге С. Асфендияровтың өзі ұстаған жәдігерлері мен фотоқұжаттар, кітаптар қойылған. Шара соңында Санжар Асфендияровтың өмір жолын баяндайтын деректі фильм көрсетілді.
Мейіржан Мусабаев,
«Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі