Ауылға газ келді

Ауылға газ келді

Соңғы жылдары ауданға қарасты шалғай орналасқан елді мекендер орталықтандырылған газ желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болып, ауыл тұрғындарының қуанышын арттырып отыр. Сондай игі жаңалыққа еламандықтар да куә болды. Аудан басшысы Таңат Айдарбеков «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы мердігерлік ұйымының өкілдерімен бірге Еламан ауылында  көгілдір отынды іске қосты. 300-ге жуық үй, 1200 тұрғын көгілдір отынның қолжетімді болғанына  қуаныштарын жасырмады.  2022 жылы басталған газбен жабдықтау жобасы нәтижелі жүзеге асып, жобаны іске асыру кезінде ауылдың барлық көшелері ескеріліп, техникалық шарттар нақтыланды. Көгілдір отын «Талғар» автоматты газ тарату станцияларынан (АГТС) беріледі. Аудан әкімі газды іске қосып, ауыл тұрғындарын осы қуанышты оқиғамен шын жүректен құттықтап, бұл жұмыс Мемлекет басшысының  бастамасының нақты үлгісі екенін атап өтті.  Қабылдау актілері рәсімделіп, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.  Мердігерлермен және жергілікті әкім Нұрбол Есенбаевпен бірге ауыл тұрғындарының үйлерін аралап, газ оттықтарын тексеріп,  көгілдір отынның бар-жоғын қадағалады.

  • Талғар ауданында 48 елді мекен бар. Оның 37-сі газдандырылған, бұл аудан тұрғындарының 70 пайызға жуығы көгілдір отынды пайдаланады деген сөз. Тоғыз ауылда қажетті жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жалпы, бүгінгі таңда табиғи газ ең таза органикалық отын екенін атап өткім келеді, сондықтан ауданның елді мекендерін газдандыру экологиялық жағдайды едәуір жақсартады және зиянды шығарындылар көлемін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, табиғи газды жылыту, тамақ дайындау және басқа да тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланған кезде тұтынушылардың шығындары азаяды, — деп атап өтті аудан басшысы.

«Көмір сатып алғанға қарағанда үй жылытқанда газдың төлемі арзанырақ. Десек те ол тұрмысты жеңілдетуге жақсы. Әрі уақытымыз да үнемделеді, қуанышымызда шек жоқ», — деген ауыл тұрғындары разышылықтарын білдірді.

Айта кетейік, Алматы облысында газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгінде өңірдің 1,2 миллионнан астам тұрғыны көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Биылғы жылы газдандыру жобаларына шамамен 11 миллиард теңге қарастырылған.

М.Бөлек