БОТУЛИЗМ
«Қыстың қамын жазда ойла» демекші әйел кісілердің баршасы дерлік жаз, күзгі мезгілде тұрмыстық жағдайда көкөністерден, жеміс-жидектерден салаттар, тұздықтар жасап, күз, қыс мезгілдерінде отбасыларында және қонақтарға ұсынады.
Ботулизм (латынша botulus- шұжық) — жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық ауру түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин -органикалық улардың ең күштілерінің бірі, адам үшін өлтіретін мөлшері болып 0,035 мг токсин саналады. Токсин физикалық және химиялық факторлардың әсеріне төзімді, оны 10-20 минут қайнатқанда бұзылады, ол натрий хлориді концентрациясы көп ортада жақсы сақталады. Ботулизмнің қоздырғышы адамның, жануарлардың, балықтардың ішек жолдарында, топырақта, көңде, жеміс-жидекте, жем-шөпте, мал азықтарында болады. Топыраққа түскеннен кейін спораға айналып, онда бірнеше жыл бойы сақталады.
Ботулизм ауруының 90%-ы тұрмыстық жағдайында дайындалған саңырауқұлақ, баклажан, көкөніс, ет, балық консервілерін және тұздалған, ысталған балық, шұжықта, сүрленген шошқа етін пайдаланғаннан болады, яғни технологиялық ереже сақталмай дайындалған әр түрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда орын алады. Консервіленген тағамда CI.botulinum микроорганизмі өсіп, жетілген кезде банкінің беті мен түбі ісінеді, осының салдарынан қақпағы көтеріледі, оны бомбаж дейді.
Аурудың негізгі белгілері 2-12 сағат аралығында байқала бастайды: науқас адамның басы ауырып, әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, ауызы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады, неврологиялық белгілер (көздің қарашығы ұлғайып, алдында тұрған зат қосарланып көрінеді, науқастың жұтынуы қиындап, бірте-бірте дауысынан айрылады (афония)).
Ботулизм ауруының алдын –алу жолдары:
— санитариялық тазалықты сақтау, тамақ өнімдерін консервілеуде технологиялық процесті қатаң сақтау, консервіленген өнімдерді сақталуын қадағалау, жылы, ыстық орындарда сақтамау;
— сауда обьектілерінен үй жағдайында дайындалған консервіленген саңырауқұлақ, көкөніс, салат, ет, балық өнімдерін сатып алмау;
— консервіленген өнімдерді пайдалану алдында қақпағы күмпиген (ісінген) бомбаж және «бұлыңғыр» түрдегі өнімдерді пайдаланбау.
Дерматомикоз дегеніміз не?
Дерматомикоз (трихофитоз, микроспория) – микроскопиялық саңырауқұлақтар тудыратын адам мен жануарлар терісінің жұқпалы ауруы.
Аурудың көзі – инфекцияны жұқтырған жануарлар (иттер, мысықтар, ұсақ мал, ірі қара) немесе ауру адам.
Аурудың белгілері көбінесе денеде, бас терісінде және тырнақтарда пайда болуы мүмкін. Біртіндеп қызарған дақтардың пайда болуынан басталып, содан кейін көптеген ошақтарға өтеді.
Дерматомикоз науқас адаммен немесе жануармен тікелей байланыста болған кезде, сондай-ақ науқас адамның заттарын (киім, бас киім, тарақ, қайшы, төсек-орын) пайдаланған кезде жұғады.
Сондай-ақ, адамдар қоғамдық мекемелерге (сауналар, жасанды су қоймалары, моншалар, шаштараздар мен спорт кешендері) барғанда, жеке гигиенаны сақтамағанда, тарақтар, сүлгілер, бас киімдер, аяқ киімдер, губкалар сияқты науқас адамның жеке заттарын пайдаланғанда жұқтыруы мүмкін.
Дерматомикоздың негізгі белгілері:
— терінің гиперемиялық аймақтары;
— аяқ-қолдардағы тырнақ пластиналарындағы патологиялық өзгерістер;
— теріде қызыл дақтардың, қабыршақтардың пайда болуы;
— терідегі көпіршіктердің пайда болуы;
— дененің қышуы және қызуы.
Дерматомикоздың алдын алу шаралары:
— жеке гигиена ережелерін сақтау (ваннадағы бассейндерді дезинфекциялау, отбасының әрбір мүшесінде жеке гигиена заттарының болуы);
— бассейндерде, ванналарда және жағажайда жеке резеңке аяқ киімді пайдалану;
— қоғамдық орындарға барғаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу керек;
— қаңғыбас жануарлармен байланыста болудан аулақ болыңыз;
— ветеринарға уақтылы хабарласыңыз және үй жануарыңыз үшін қажетті екпелерді алыңыз;
— егер сіздің айналаңызда тері аурулары бар адамдар болса, жеке гигиенаны сақтаудан сақ болу керек.
Дерматомикоздың алғашқы белгілері байқалса дереу дерматологпен кеңескен жөн!
Б.М.Успанов,
Талғар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы